Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың және тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының иегері, қазақтың классик ақыны Қадыр Мырза-Әлінің туғанына биыл 90 жыл. Қаңтар айынан басталған іс-шаралар қаламгердің туған жері Жымпиты ауылында түйінделді. Орал қаласында өткен ғылыми-тәжірибелік конференцияда қазақ поэзиясына құбылыс боп енген ақын шығармашылығы терең талданып, «Қадыр» журналының тұсауы кесілді.
Ұлт әдебиетінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлғалардың бірі де бірегейі – Қадыр Мырза-Әлі. Ол қалам қуатымен, дара дарынымен тірліктің түрлі көріністерін көркем тілмен кестелеп, халқының мінез-келбетін сомдай білді. Мерейтойға жиналғандар ақын шығармашылығын терең талдап, ақын ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Қайнар Олжай, публицист:
-Қазақ қандай болды, қандай болу керек еді, қазаққа не керек еді, осының бәрі Қадырда бар. Қадыр деген мына бүкіл тұлғасымен, шығармашылығымен қазық, адам санасына, қазақ санасына қағылған қазық. Қадырдан бәрін табасың, Қадырдан іздейсің. Әңгіме Қадырды терең оқу керек, біліп оқу керек. Асқан көреген адам. Сонау жетпісінші жылдары өлеңі бар: «Болашақтың ғалымы көңіліңе түй мұны, Азандағы мал үні – атамыздың гимні»,– дейді. Содан кейін: «Шаңы шыққан шайқаста шағылмаған ер кісі. Құрық-қылыш айқасқан, атамыздың гербісі»,– дейді.
Қадыр – сөз зергері. Оның өткір де орамды ойлары елдік мүддені дәріптейді, өлең жолдары афоризмге айналып, тыңдағанның жадында мәңгі жатталады. Мазмұнды шара барысында Қадыр ғылыми-танымдық журналының тұсауы кесілді. Алғашқы саны 300 данамен жарық көрген басылым енді оқырманға әр тоқсан сайын жол тартпақ. Дәулеткерей Құсайынов, Қадыр Мыза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының директоры:
-Ол журнал неге керек? Бұл журнал Қадыр ағаның шығармашылығын зерттеуге. Сол арқылы Қадыртану деген дүние. Негізгі журнал шығуына өзек болып тұрған нәрсе Қадыр орталығындағы кітап қорындағы кітабы. Сол кітаптарда Қадыр ағаның өзінің қолымен жазған сыни ескертпелері, әртүрлі белгілері, тіпті керек болса сол кітаптың арасына салған үзік-үзік ойлары кітап оқыған кездегі, одан басқа жарияланбаған өлеңдерге дейін, тіпті сөздің тура мағынасында ішіне жасырған да жазбалары бар солардың бәрі жарыққа шығу керек қой. «Дәуір дарабозы» деп аталатын мерейтойлық шаралар талант иесінің туған жері Жымпиты ауылында жалғасты. Қадыр Мырза Әліге арналған әдебиет және руханият залы ашылды. Ақын атын иеленген орта мектептің қабырғасына арнайы мурал салынған. Салтанат Мырзалиева, Қадыр Мырза Әлінің зайыбы:
-«Елім деймін, жерім деймін, өзім үшін жеңілсем де, елім үшін күресте жеңілмеймін» деп жырлап өткен ағаларыңның туған жері, кіндік қаны тамған жері қайталап айтам, өздеріңді құттықтаймын! Сіздер ағаларыңызбен мақтанасыздар, біздер сіздермен мақтанамыз. Жаңа жас балаларға айттым, ағаларың сияқты айналайындар ел сүйгіш болыңдар, тіл сүйгіш болыңдар, әдет-ғұрып сүйгіш болыңыздар.
Мерейтойлық шаралар дала қызықтарымен түйінделді. Ауыл шетіне тігілген ақшаңқан киіз үйлердің «Жерұйық», «Домбыра», «Ой орманы», «Дала дидары», «Қызыл кітап» деп ақын кітаптарымен аталуы да қадыртанудың тың әрі тәлімді тәсілі болса керек.
Е. Жылқайдарұлы, Қ. Ақрап, Э. Аюпов