Алматы облысында халықаралық құсбегілер турнирі өтті

  • 10
  • 24.11.2025, 20:01

Биылғы жарыс ұлттық өнердің дамуына өлшеусіз үлес қосқан белгілі бүркітші Байжүніс Көдекұлының 105 жылдығына арналды. Құс ұшырған саятшылардың жарысына шетелден және еліміздің 11 өңірінен келген 100-ден аса құсбегі қатысты.

Шалғайдағы құсбегілер күн суыса, сонарды күтеді. Сәті түссе, бабы келіскен қырандарының бағын сынауға да әзір. Биыл қар түспесе де саятшылар ерте бас қосты. Жарысқа бекзат өнердің туын жықпай, атадан балаға мұра болуына мұрындық болған құсбегі Байжүніс Көдекұлының жолын қуған 20-дан аса ұрпағы қатысты. 

Жанболат Дәулетбақов, бүркітші, Кеген ауданы:

- Бүркітшілікпен айналысқанымыз, әкем бүркітші болған. Ата-бабадан жалғасып келе жатқан өнер. Әкем бүркітші болды. Мен осы 25 жыл болды осы бүркітпен айналысып келе жатырмын. Әкем енді Сәрсенбек, 1921 жылы өмірге келген. Мына Көдек Байжүніс ақсақалмен құрдас, екеуі үзеңгі жолдас, бірге жүрген. Бүркітші болған екеуі де. 

«Сонар – 2025» – құсбегілердің шеберлігін арттыруға, саятшылардың тәжірибе алмасуына таптырмас алаң. Шараға биыл еліміздің 11 өңірінен және Қытай, Моңғолия, Қырғызстан елдерінен келген жүзден аса құсбегі қатысты. Бір қуанарлығы ұлттық өнерге жас жеткіншектердің қызығушылығы басым. 

Алдияр Әкпар, құсбегі:

- Бұл құсты біз дайындадық, ұшырдық, қоянға салдық, кептерге салдық.    Күні-түні еңбек еттік. Соның енді еңбегін көріп отырмыз. Байжүніс ата – менің Тоқтасын атамның досы. Екеуі бірге талай белестерді бағындырып, Әкпар атам әкемнің әкесі болған. Соған үйреткен. Әкем маған үйретті. Сосын менің жаттықтырушым бөлек, әкем қазір айналыспайды. Аян дейтін жаттықтырушым бар. Аян аға маған бәрін үйретті.

«Сонар» халықаралық турнирі биыл 27-ші рет ұйымдастырылды. Бағдарламада құсбегілердің ұлттық киімі, жарақтары, қырандардың қолға қонуы, аң аулауы бағаланды. «Мақсатымыз – бай мұраны болашақ ұрпаққа жеткізу», - дейді  республикалық «Құсбегілік» федерациясының вице-президенті Бағдат Мүптекеқызы.

Бағдат Мүптекеқызы, республикалық «Құсбегілік» федерациясының вице-президенті:

- Келесі жылы халықаралық үлкен «Алатау салбурыны» деп алғаш бастап, елімізде туризмді дамыту, жалпы мына ұлттық құндылықтарымызды сақтау барысында үлкен бір шара болайын деп жатыр. Салбурынды қазақтың аңшылық мәдениеті деп біз осыдан 7 жыл бұрын ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұрасы тізіміне қосқан болатынбыз. Комиссия қарап жатыр. 

Турнирде бүркіті сенімін ақтаған астаналық Ерасыл Серікбекұлы жеңімпаз атанды. Ал қаршығаның жүлдесін Жамбыл облысынан Бабажан Берікболсын жеңіп алды. Ителгі бойынша Қарағанды облысынан Таңат Оспанкұлов үздік болды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен, медальдармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталды.

Гүлжан Көленқызы, Әбен Нарымбаев