Мәдениет және ақпарат министрлігі әзірлеген тиісті норма қазір қоғамдық талқылауға ұсынылған. Айта кету керек, бұндай шектеулер әлемнің өзге елдерінде де бар.
16 жасқа толмағандардың әлеуметтік желілерде тіркелуіне шектеу енгізілуі мүмкін. Балалардың интернеттегі қауіпсіздігін күшейтуді көздейтін норма қазір қоғам талқысында. Тыйым тек әлеуметтік желілерге қатысты болмақ, ал мессенджерлер бұл қатарға кірмейді. Мәдениет және ақпарат министрлігі мұны ата-аналар мен педагогтердің ұсынысы негізінде халықаралық тәжірибені ескере отырып әзірлеген.
Айта кетейік, жақында Австралия 16 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желіні толық пайдалануға тыйым салған. Министрлік өкілдері жаңа талаптың басты мақсаты – балаларды зиянды контенттен қорғау екенін айтады.
Хиджабқа тыйым жоқ
Қоғамда резонанс тудырған тағы бір норма – бет-жүзді толық жабатын киімдерге қатысты. Шектеу тек никабқа емес, балаклава мен бетперде сияқты кез келген бетті тұтас жабатын киімдерге ортақ. Бұл ережені алғаш рет бұзғандар ескертумен шектеледі. Бұзушылық қайталанса, 10 АЕК көлемінде айыппұл арқалайды. «Ал хиджаб пен басқа да жүзді ашық қалдыратын діни киімдерге бұл шектеу қолданылмайды», - дейді Мәдениет және ақпарат министрлігі.
Жанды дауысқа басымдық
Мәдениет саласында да маңызды өзгерістер бар. Мәжіліс ұсынған түзетулерге сәйкес, 200 адамнан көп көрермені бар концерттік мәдени іс-шараларда вокалдық (дауыс) фонограмманы қолдануға тыйым салынбақ. Ал арнайы техникалық мүмкіндігі жоқ алаңдарда — саябақтарда, демалыс орындарында, ипподромдарда және бейімделмеген кеңістіктерде фонограммаға рұқсат етіледі. Сондай-ақ сапалы телевизиялық контент әзірлеу, телебағдарламалар мен жобаларды түсіру кезінде дауыс фонограммасын қолдануға болады. Минстрлік өкілдерінің айтуынша, бұл норма отандық өнердегі бәсекені арттырып, көрерменге нағыз жанды өнерді ұсынуға бағытталып отыр.
Кітапхана мен музейге – жаңа серпін
Мәдениет саласында жаңа ақылы қызметтер енгізіліп, музейлер мен кітапханаларға өзін-өзі дамытуға мүмкіндік берілмек. Түскен қаражат қызметкерлерді ынталандыруға және инфрақұрылымды жаңартуға жұмсалады. Себебі кейбір ғимараттарда инфрақұрылым мәселесі әлі күнге дейін өзекті. Мысалы, елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада жылыту жүйесі 20 жылдан кейін ғана толық қалпына келтірілген. Министрлік өкілдері бұл бастаманың негізгі мақсаты – мәдени нысандарды заманауи талапқа сай етіп, келушілерге ыңғайлы жағдай жасау екенін айтады.
Құжат қорын цифрландыру қарқын алды
Ғимараттар демекші, архив нысандарының да инфрақұрылымы қазіргі талаптарға сай келмейді. Құжат сақтайтын орын да тапшы. Сондықтан Президент тапсырмасы бойынша министрлік өңірлерде жаңа нысандар тұрғызып, құнды қағаздарды цифрлық форматқа көшіру жұмысын белсенді қолға алған. Бұл жұмыс құжаттарды сапалы түрде сақтап қалуға сеп болмақ.
Музей табысын еселеген технология
Музейлерде жаңа технологиялар енгізілуде. Атап айтқанда, Face ID жүйесі қолданысқа енгізіліп, келушілердің нақты санын есептеуге мүмкіндік берді. Яғни түскен табысты да есептеу жеңілдейді. Осындай ақылды жүйенің арқасында «Көне Тараз» музейінің табысы 2 есе артқанын да мысалға келтіруге болады. «Жүйелі жұмыс өзге аймақтарда да қарқынды түрде жүргізіледі», - дейді Мәдениет және ақпарат министрлігі.
Риат Шони, Жандос Битабаров