Алматыда Ұлттық домбыра күні қарсаңында күй өнерінің дамуы талқыланды

  • 13
  • 30.06.2026, 19:42

Домбыра – қазақтың мәдени төлқұжаты. Алматы өңірлік коммуникациялар қызметінің кезекті брифингі ұлттық аспаптың маңызы, дәстүрлі күй өнерін дәріптеу, орындаушылық мектепті дамыту мәселелеріне арналды. Ұлттық домбыра күні қарсаңында ұйымдастырылған басқосуға Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияның ұстаздары, кәсіби домбырашылар қатысты.

Домбыра – тек музыкалық аспап қана емес, ұлттың тарихы мен болмысын айқындайтын мәдени құндылық. «Сондықтан киелі мұраны заман көшінен қалдырмай, лайықты насихаттау керек», - дейді мамандар. Қазір кәсіби домбыра өнерін үйретудің бағдарламасы жаңартылып, мамандыққа қатысты талаптар күшейтілуде. Ұлттық өнерді насихаттау бағытында жаңа бастамалар қолға алынуда.

Ержан Жәмеңкеев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

- Бүгінгі домбырашының моделі қандай болу керек деген мәселе. Себебі оқу орнын бітірген домбырашылар оркестр, ансамбльдерде жұмыс таба алмауы да мүмкін. Бұл түлектеріміз өзін-өзі жоғалтпай, домбыра өнерін жаңа жобалар жасау арқылы өзін-өзі жүргізу, менеджмент, маркетинг құралдарын пайдаланып, дамыту, өзін дамыту мәселелерін қолға алады. Бұл жоба аясында біз Қазақстанның 15 қаласында концерттерімізді, шеберлік сағаттарымызды бердік.

Соңғы жылдары қазақтың домбырасына, күй өнеріне қызығушылық артып келеді. Екі ішектен күй төккен шетелдіктерді де көп кездестіріп жүрміз. Мұны қазақ өнерінің жаһандық тынысы десе болады.

Абдулхамит Райымбергенов, өнертану ғылымының кандидаты, доцент:

- Жалпы білім беретін мектепте «домбыра үйрету әдістемесін енгіземін», - деп республиканың 79 мектебіне барғанмын. Сонда Өскемен қаласына барып, домбыраны қолдарына беріп, балаларды ойнатқызған кезімізде балалар сол домбыраны бере салып, қашып, ұстап жүруге ұялатын кездер болған. Ал қазір қараңдаршы, кішкентай балалармыз домбыраларын арқалап, мақтанышпен келе жатқан кез – қандай әдемі.

Бүгінде домбыраның 20-ға тарта түрі бар екенін біреу білсе, біреу білмейді. Фольклортанушылар 10 мыңға жуық күйді зерттеп, тіркеді. Әр аймаққа тән күй мектебі бар. «Ұлттық домбыра күнінде осындай мұралар насихатталса, музыка мерекесінің ауқымы да артар еді дейді», - домбырашылар.

Гүлжан Көленқызы, Айдос Қалиев