Алматыда «Жылдар жылуы» көрмесі ашылды

  • 17
  • 03.09.2026, 20:00

Алматыдағы Ұлттық орталық музейде «Жылдар жылуы» атты көрме ашылды. Авторы Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Үркеш Хасанов.

Биыл танымал қылқалам шебері 70 жасқа толып отыр. Экспозицияға 120-ға жуық туынды қойылған. Суретші кескіндеме, графика сонымен қатар сәндік-қолданбалы өнер туындыларын ұсынды. Оның шығармаларының басым бөлігі Қазақстанның табиғатына арналған және өнер иесінің туған жерге деген сүйіспеншілігі көрініс тапқан. Яғни автор осы көрмесі арқылы өткені мен бүгінін көрсетуді мақсат еткен.

Үркеш Хасановтың туындылары Қазақстан, АҚШ, Франция, Германия, Бельгия, Жапония және Кореядағы жеке коллекцияларда сақтаулы. Көрме екі аптаға ұласады.

Үркеш Хасанов, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі:

- Мен үшін ерекше картина «Алғашқы кездесу» деп аталады. Оның тарихы сонау 1972 жылдан басталады. Болашақ жарыммен кездесуге барған кезім еді. Қыстыгүні қар жауып, аспанда ай тұрды. Үш алып қараағаштың тасасына тығылып, оны күтіп тұратынмын. Сол ерекше сәттер кейін осы туындыға айналды.