Хабар телеарнасы

Алтыбақан

Бұл әрине қуанарлық жағдай.

Өйткені бағдарламада қазақтың ежелден келе жатқан салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы салтанат құрып, төл өнеріміздің майталмандары жырдан шашу шашады. Қазақтың дәстүрлі әндерін сағынсаңыз, ертең 18:00-де Хабар арнасын қосыңыз.

Наурыз мерекесі күні көрермендерге жол тартқан «Алтыбақан» мәдени-танымдық музыкалық шоуының кезекті түсірілімі болып жатыр. Бағдарламаның бұл санына күміс көмей әнші Мақпал Жүнісова қатысты. Қазақтың ерке қызы «Алтыбақанға» ең алғаш рет 1980-ші жылы 10-шы сынып оқып жүргенде шыққан екен. «Қазақтың төл өнерін дәріптейтін бұл жобаға қатысу мен үшін үлкен мақтаныш», – дейді Жүнісова.

Мақпал Жүнісова, Қазақстанның халық артисі:

- Бұл жерде енді бүкіл қазақ халқының салт-дәстүрі, қасиетті қобызы, домбырасы, ән-жыры, жырау, термесі барлығы осы «Алтыбақанда» шарықтап, болашақ ұрпақтарымызды ұлттық мәдениетімізбен  етене таныстыруға үлкен септігін тигізеді деген ойдамыз. 

«Алтыбақан» бағдарламасын елге белгілі дәстүрлі әншілері Ерлан Рысқали мен Ұлжан Байбосынова және Тамар Асар жүргізеді. Жобаның бас продюсері Ғалия Байбосынованың айтуынша, карантиндік шектеулер біраз кедергісін тигізген көрінеді. Бағдарламаға қатысуға ниет білдірген татар мен тува, әзірбайжан мен түркімен, сондай-ақ башқұрт еліндегі өнерпаздар келе алмай қалыпты.

Ғалия Байбосынова, «Алтыбақан» жобасының бас продюсері:  

- «Алтыбақан» жобасы тек қана республикалық деңгейде өтіп жатқан жоба емес, бұл – халықаралық жоба. Өйткені біз түркітілдес өзіміздің көрші елдегі  өнер майталмандарын, өз елдерінде кәдімгі дәтсүрлі өнерді паш етіп келе жатқан халық әртістерін де шақырдық. Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Қарақалпақстаннан да қонақ болып келді.

Хабар арнасының тапсырысы бойынша түсіріліп жатқан қазіргі «Алтыбақан» музыкалық жобасының бұрынғыдан өзгешелігі – жаңаша форматта тарту етіледі. Яғни заманауи үлгідегі техникалық қондырғылар сахнаға сән беріп, бағдарламаның ажарын аша түскендей. Қазақтың дәстүрлі әндерін сағынсаңыз сенбінің кешінде Хабар арнасын көріп, сазды әуенмен сусындаңыз. 

Авторы: Жандос Айтбайұлы