Алматыда белгілі ақын Шөмішбай Сариевке арналған мемориалдық тақта ашылды
Салтанатты шарада ақынның үзеңгілестері, достары мен оқырмандары біртуар тұлғаны еске алып, естеліктерімен бөлісті. Шөмішбай Сариев өмірінің соңғы 30 жылын осы үйде өткізген. «Танымал ән-өлеңдері де, іргелі аудармалары да осы шаңырақта дүниеге келген», – дейді замандастары. Талай талант бас қосып, шығармашылық ордаға айналған бұл үйде қазақтың аяулы лирик ақыны тұрғанын енді кейінгі ұрпақ та біліп жүретін болды.
Жұмагүл Сариева, Шөмішбай Сариевтің жары:
- Біз ағаңмен өзіміз 50 жыл өмір кештік, ботам. Өте жақсы ғұмыр кештік. Әр уақытта біздің үйде қонақ арылмайтын. Жазушылар, композиторлар, әншілер бәрі біздің үйде болатын. Ағаң өзі көпшіл адам болды. Біз ағаңмен 42 жыл бойы ел араладық.
Рухани ортада «қос қанатты ақын» деген атақ алған Шөмішбай Сариев – поэзиядағы жырларынан бөлек, 100-ден аса әнге сөз жазған ән-мәтіннің шебері. «Қазағымның күйлері-ай», «Домбыра», «Туған жер», «Бозжорға» шығармалары қазақтың ән қоржынындағы сүбелі туындылар. «Ал «Атамекен» әні дүниежүзіне тарыдай шашылған қандастарымыздың басын қосқан, тарихи отанына қайтуына әсер еткен ерекше туынды», – деп еске алды әріптестері.
Роза Рымбаева, Қазақстанның халық әртісі:
- Мен Шөмішбай ағамыздың көпетеген өлең сөздеріне жазылған әндерді орындадым. Бірақ «Атамекені» ерекше, себебі бұл ресми болмаса да бүкіл қазаққа бір гимн сияқты, жүрегінен мәңгілік орын алған ән. Бүгін ағамыз бір аунап түсіп жатқан болар.
Бейбіт Оралұлы, композитор:
- «Бозжорғаның» қалай жазылғанын айтсам, әнді жазып жатқан кезде мен жаңағы музыкасын алып келіп тыңдатсам, немересі Қарагөз аяғын жыбырлататын. Сонда Шөкең: нәресте немереме ұнағанына қарағанда мына ән халыққа тез жетеді, Парижде орындалатын шығар» деп күлген. Шынымен де «На-На» тобы Парижде болсын, басқа шетелдерде де айтып кетті ғой.
Шөмішбай Сариев – шығармалары хинди тіліне аударылған Абайдан кейінгі жалғыз ақын. Бұдан бөлек, өзі де шетелдің белгілі ақындарының шығармаларын қазақ тілінде сөйлетіп, әдебиетте қалдырды. Өмірінің соңғы жылдары ол 50 әннің сөзі мен нотасын біріктіріп, кітап етіп шығарған. Шалқар шабыты мен шығармашылық еңбегі үшін ақын Кафка атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты атанып, «Тарлан» сыйлығын иеленді.
Шөмішбай Сариев, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
- Адамзат келешекті, кешікпе, ойлан,
Туғанда тағдыр соты шешіп қойған.
Табиғат алаламай бәрімізді,
Өлімнің жазасына кесіп қойған.
Расында тағдырдың шешіміне ешкім қарсы тұра алмасы хақ. Алайда «Мен өлмеймін, өмірде мен тірімін, жер бетінде бір қазақ қалғанынша», – деп ақынның өзі жырлағанындай, өміршең туындылары барда Шөмішбай Сариев мәңгі тірі.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Кенже Амраев