Биыл елімізде алғаш рет Ұлттық киім күні тойланды
Бүгінде ұлттық киім киген жастардың қарасы көбейіп келеді. Мемлекеттік қызметкерлер, білім саласындағы мамандар, спортшыларымыз да ою-өрнегі бар киімге көшкен. Қазақы киімнің бағасы мен сапасы қандай?
Биыл шапан мен бешпент трендте. Отандық сәнгерлердің айтуынша, ұлттық үлгідегі киімге сұраныс артқан. 10 жыл бұрын қыз-келіншектер, апа-әжелер тек той-томалаққа тіктірсе, қазір күнделікті киюге ыңғайлы, заманауи нақыштағы киімге жиі тапсырыс береді. Нарықта жүргеніне 10 жылдан асқан Бибісара сән үйі ұлттық киімдерді Франция, Италия, Біріккен Араб Әмірлігіндегі көрсетілімдерге алып шыққан.
Әйгерім Есжанова, сән үйінің менеджері:
-Әйелдер, қыздар жұмысқа қазақша киім киюге сұраныс көп. Оның ішінде кәжекейлер, ақ жидемен киетін, қара шалбармен киетін ұзын камзолдар. Бастапқы мән беретініміз, сапалы болуы керек. Екінші – тастар. Бүкіл тастардың бәрі сваровски, чешский тастарды қолданады. Маталарды алатын болсақ, барлығы Италиядан алынады. Шелковый бархат, плюш бархат деп бөлінеді ғой.
Қазақстандықтармен қатар шетелдіктер де ұлттық нақыштағы киімдер мен әшекейлерге тапсырыс береді екен. Бағасы 100 мыңнан басталады. Спорт саласында да ұлттық киімді ұлықтайтындардың саны артып жатыр. Мәселен, шығыстағы көршіміз Қытайда Париж Олимпиадасына іріктеу өтіп жатыр. Қазақ спортшылары жарысқа ерекше шапанмен аттанып, ұшақ пен әуежайдағыларды таң қалдырды. Шапанда сақ дәуіріндегі таңбалар бейнеленген.
Олжас Беспаев, Қазақстан Таеквондо федерациясының бас хатшысы:
-Ұлттық киімді тігетін салон Тәрбие ханыммен кездестік. Дизайн жағынан бір-ақ сөз айттым. Ол кішкене көне қазақи болсын деп. Қызығушылық өте жоғары. Далада жүргенде адамдар келіп сұрайды. Қай елден болады деп. Заманауи стильде жасалынған. Осындай форма көп болсын, жалпы қазақ спортында.
Ұлттық киімді күнделікті өмірде киюді қазақстандықтардың 80% қолдайды. eGovmobile платформасында жүргізілген арнайы сауалнамаға 105 мыңдай азамат қатысқан. Олардың 69% қалалықтар, 31% ауыл тұрғындары. Дегенмен этнограф Ырза Тұрсынзаданың айтуынша, қазіргі сәнгерлер оюдың тарихы мен мағынасын білмейді. Мысалы, сынық мүйіз – жамандық пен қаралы оқиғаны жеткізеді. Ал қошқар мүйіз - тоқшылық пен бақыттың нышаны. Ал Ұмай ана, әйел бақыты оюы тек әйелдерге арналған киімдерге қолданылуы қажет.
Ырза Тұрсынзада, халықаралық Қолөнершілер академиясының президенті:
-Қазіргі дизайнерлердің жұмысына қарап отырсам, киізге қар үйдің сыртына салынатын ою, кебіске салатын ою, киімге салатын ою барлығы бірдей. Ол дұрыс емес. Себебі біз өте талғампаз халықпыз. Әйелдің оюын ер адамның киіміне тігіп, бас киіміне тігіп қойсаңыз ол әбестік, орынсыз дүние. Қазір бір таңқалатын нәрсем, мынау адамның үстіндегі киімге оюды үлкен-үлкен қылып салып жатыр. Ол мүлдем қате. Алдымен адамның бойына, өзінің көлеміне ықшамдап қана салған ою дұрыс.
Бүгін елордаға еліміздің түкпір-түкпірінен арнайы сәнгерлер шақырылған. Олар өзгерінің мерекелік шаралар мен күнделікті киюге арналған ұлттық киімдерін көрсетті.
Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы оқу орындары мен ірі компанияларда ұлттық нақышта киіну үрдісін енгізіп жатқанын оң бастама деп бағалады. Себебі күнде тарих пен мәдениетіміз дәріптеліп, ұлттық құндылықтарымыз ұлықталады.
Авторлары: Диана Қадыр, Руслан Мусафин