Хабар телеарнасы

Ел өңірлерінде ҚР Мемлекеттік рәміздер күні тойланды

Қазақстан Республикасының рәміздері күні 2017 жылдың 4 маусым күні бекітіліп, содан бері жыл сайын тойланып келеді. Айтулы күнге орай Астанадан бастап еліміздің барлық аймағында рәміздерімізді ұлықтауға арналған іс-шаралар өтті. Әсіресе халықтың туымызды үйінің қабырғасына іліп, мерекені айшықтай түскені қуантады.

Көз қуантатын іс-шаралардың бірі Қонаевта өтті. Онда парашютшілер еліміздің көк байрағын көкте желбіретсе, 30 байкерден тұратын мотоциклшілер шеруі жиналған жұртшылыққа мерекелік көңіл-күй сыйлады. Мототехника мен ретро автокөліктерді тізгіндегендер Іле ауданындағы Өтеген батыр кентінен шығып, Қонаев қаласының орталық алаңына дейін көк туды желбіретіп алып келді. Акцияға тек жастар ғана емес, үлкендер де қатысты.

Ермек Қомаев, қала тұрғыны:
-Енді мынау ұлттық үлкен мереке. Елтаңбамыз, әнұранымыз, туымыз желбіреп, 30 жылдың ішінде талай биіктерден көрінді. Бұл жастардың рухын көтеретін үлкен бір нышандар. Болашақта осы үлкен биіктерден көрсетіп, туымыз желбірей берсін! Тек қана бейбітшілік болсын!

Қызылордада «Елдіктің нышаны, ерліктің белгісі – рәміздер» атты патриоттық акция өтті. Рәміздер аллеясында өткен салтанатты іс-шарада қатысушылар рухты әндермен қатар еліміздің әнұранын бірге шырқады. Тағылымы мол шара автошерумен жалғасты. Кіл ақ түсті көліктер көк туымызды қала көшелерімен алып өтті.

Бұл күні жылдағы дәстүр бойынша барлық өңірде ту көтеру рәсімі өтеді. Мәселен, Орал қаласында тұңғыш Президент атындағы алаңда көк туымыз көкке көтеріліп, салтанатты шарада сөз алғандар Мемлекеттік рәміздердің мәні мен маңызына, оны пайдалану тәртібіне тоқталды.

Әліби Баяхов, облыстық Мәслихат депутаты:
-Мемлекеттік рәміздердің мәртебесінің биік болуы өскелең ұрпақ үшін, жалпы біздер үшін үлкен бақыт деп есептеймін. Себебі қаншама халық, жаңа айтып кеткендей жер бетінде 1200-дей ұлт болса, соның 200-ге жуығы ғана өз тәуелсіздігі, өзінің жері, отаны, Мемлекеттік рәміздері бар. Сондықтан көк байрағымыз әрдайым биікте көрінсін дейміз.

Ал Ұлытауда салынып жатқан рәміздер алаңының құрылысы жаздың соңына дейін аяқталады. Әулиетаудың етегінде қазақтың бірлігін әйгілейтін сәулетті нысан ашуды Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырған болатын. Себебі оның идеологиялық мәні бар.

Амандық Рахұлы, қала тұрғыны:
-Рәміздер күнін атап өту жас ұрпаққа да, үлкендерге де ерекше рух, ерекше бір Отанға деген сүйіспеншілік сезімін еселеп жақсы әсерге бөлейді. Бұл да бір салтанатты шақ, мерейлі шақ. Көк туымыз желбірей берсін, әнұранымыз шырқала берсін.

Ал бір ғана Астана қаласының өзінде байрағымыз бен елтаңбамызды ұлықтауға бағытталған ірілі-ұсақты 500-ге жуық іс-шара ұйымдастырылыпты. Бас шаһардың басты көшелеріндегі үйлер мен бағаналарға 1 мыңнан астам ту ілінді. Әсіресе тұрғын үйлердің балкондарында ілініп тұрған көк туымыз көздің жауын алады.

Сәкен Есіркеп, қалалық тілдерді дамыту басқармасының басшысы:
-Сонымен қатар арбатта, халық ең көп жиналатын біздің Есіл өзенінің жағалауында кешке қарай патриоттық кешіміз, Бәйтеректің түбінде тағы да іс-шараларымыз бар. Сонымен қатар әр ауданда халық арасында викторина өткізіп жатырмыз. Әртүрлі рәмізге қатысты еліміздің тарихына қатысты, әртүрлі сұрақты қойып, ойын ойнатып, түрлі сый-сияпаттар берілуде.

Айта кетейік, Мемлекеттік рәміздер тек бүгінгі мерекеде ғана ұлықталмайды. Оларды дұрыс пайдалану үнемі қадағаланып отырады. Айталық, Астана қаласында ту мен елтаңба қойылған 800-ден астам мекеме болса, әкімдік мамандары оларды жиі тексеріп тұрады.

Ту, елтаңба, әнұран. Бұл тек Мемлекеттік рәміздер ғана емес, еліміздің, тәуелсіздігінің айқын белгісі. Әлемде егемендігі жоқ ел қаншама. Сондықтан Мемлекеттік рәміздерімізді қалай дәріптесек те, әбден жарасады.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Руслан Тәуірше, Қобылан Өтегенов