Таразда жер теліміне қатысты дау шықты. Тұрғындар Зербұлақ көлінің жағасынан тұрғын үй кешенін салуға қарсылық білдірді. Жергілікті кәсіпкерлердің бірі жағалаудан екі жыл бұрын жер телімін сатып алып, қоршаған. «Бұл заңға қайшы әрекет. Сондықтан жергілікті әкімдік жер телімін мемлекет меншігіне қайтарып, онда балалар ойнайтын алаңқай салуы тиіс», – дейді қала тұрғындары.
Көл жағасындағы бұл жер телімі 2016 жылы шағын футбол алаңын салу үшін аукцион арқылы уақытша басқаруға берілген еді. Екі жылдан соң жердің әлдеқашан жекеменшікке өтіп кеткені анықталды. Тұрғындардың айтуынша, бастапқыда шағын футбол алаңы сағатына 5 мың теңгеге жалға берілген. Бірақ онда балалар келе қоймады. Сол себепті қожайыны 2022 жылы жердің мақсатын өзгертіп, басқа бір кәсіпкерге сатып жібереді. Жаңа қожайынның жер телімін қоршап алуы тұрғындардың наразылығын туғызды. Марат Мырзахметов, қала тұрғыны:
-Осы жерден көпқабатты үй соғамыз дейді. Ол қандай масқара?! Біз мына жақта 1990 жылдан бері тұрамыз. Осы жерден өткенде таза ауамен демалып шығатынбыз. Мына жақта балалар шанамен сырғанайтын қыстың кезінде. Жаздың кезінде сеткасы, футбольное поле болмаған. Әшейін поляда төрт тас қойып ойнайтын. Кешке демалып, серуендеп, скамейкада отырып, біріміз демалатынбыз. Миға кірмейтін нәрсе, бір коммерсант келіп, көпқабатты үй соғамын дейді. Қалай сонда, мынау екі көлдің арасы үлкен дамба.
Сабыр Кенжебаев, қала тұрғыны:
-Мынандай жерге қалайша жеке тұрғын үй соғуға болады?! Халықтың жері, біріншіден. Екіншіден, өзім тұрғын түй соғуға болмайды деп ойлаймын. Өйткені мына жаздың күні қазір су толып тұр. Қай кезде болсын, жер сілкінсе, мына жер жарылып кетсе, бірінші осы үйді алады. Осы үйдің тұрғындары зардап шегеді. Оған енді әкімияты бар, шенді-шекпенділеріміз қалай қол қойған?
Жағалауға көпқабатты тұрғын үй салғызбау үшін тұрғындар қалалық әкімдікке барды. Жер қатынастары бөлімінің мамандары жер телімін өлшеп, заңбұзушылыққа жол берілгенін айтты. Нұржан Бекниязов, қалалық жер қатынастары бөлімінің сектор меңгерушісі:
-Мемлекет меншігіндегі жерді өз бетімен қоршап алу дерегі анықталды. Аталған кәсіпкерге небәрі 26 сотық жер телімі тиесілі. Алайда ол оған қарамастан 592 шаршы метр жер телімін қоршап алған. Сонда 6 сотық жерді қосып алып тұр. Біз облыстық жер ресурстарын басқару департаментіне осы заңсыздық бойынша ресми хат жолдадық. Департаменттегілер өз кезегінде ол жердің қожайынын сотқа берді. Жергілікті атқарушы билік сатып алу-сату келісімшарты мен қаулының күшін жоюға әрекет етіп жатыр. Ал жер қожайынының қорғаушысы қолдарында барлық рұқсат қағаздары бар екенін алға тартты. Вероника Шувалова, қорғаушы:
-Кәсіпкер жер телімін қоршай салысымен осындай шу шықты. Прокуратурадағылар жасыл желектендіруге арналған аумақ екенін айтып, құрылыс жүргізуге болмайтынын ескертті. Бұл мемлекеттің айрықша қорғауындағы сәулет ескерткіші емес қой. Сондықтан менің қорғауымдағы кәсіпкердің ешқандай кінәсі жоқ. Ол мемлекеттік актілер мен тиісті келісімшартқа сәйкес осы екі жер телімін сатып алған. Бұл жер дауы бойынша төрелікті сот айтады. Қазір осы мәселеге қатысты сот процесі жүріп жатыр. Дулати көшесінің тұрғындары бұл істе әкімдік жеңіп шығады деген үмітте... Ардақ Айбарұлы, Анастасия Сулейманова, Тимур Сейлхан, Эльдар Байділдә