Шымкентте күн ысығалы 530 адам кене шағу дерегімен дәрігерлердің көмегіне жүгінді.
Қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, зиянкестен зардап шеккендер былтырғыға қарағанда 30 процент артқан. Науқастарға кенеге қарсы екпе салынып, медициналық тексерулер тағайындалды.
Зерттеу қорытындысы бойынша олардың екеуі Конго-Қырым қанды қызбасына шалдыққаны анықталды. Науқаспен қарым-қатынаста болғандар да оқшауланып, дәрігерлердің бақылауында болды. «Қазір барлығының жағдайы қалыпты, өміріне қауіп төніп тұрған жоқ», - дейді мамандар. Ал ауру ошақтары ретінде Түркістан облысының Келес, Сайрам аудандары тіркелді. Осыған байланысты кенеге қарсы санитарлық қорғаныш аймақтары құрылды. Конго-Қырым қанды қызбасына 11 шағын аудан қолайсыз деп танылды.
Айгүл Тұрымбетова, қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:
- 530 адамды кене шағып, медициналық көмекке жүгінген. Барлығы медициналық бақылауда 14 күн болып, сауығып кеткен. Ал өткен жылы 387 адам ауырған болатын. Конго-Қырым қызбасының табиғи ошақтарының болу себебі эндемиялық аймақтарта Иксод кенелерінің мекендеуінен болып тұр.