Астанада бір күнде төрт бала терезеден құлап кеткен

  • 194
  • 10.07.2025, 18:31

Оның екеуі қайтыс болса, қалған екеуі ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген.

Мұндай оқиғалардың жиілеп кетуі алаңдатарлық жағдай. Жыл басынан бері 100-ден аса дерек тіркелген. Мамандар ата-аналарды жауапкершілікке шақырып әлек. Терезеден құлап қайтыс болған екі бала жоғары қабаттан құлдилаған. Ал түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілген екеудің жағдайы қазір дәрігерлердің бақылауында. 

Баймаханбет Садуов, «№2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасы» ШЖҚ МКК травматологиялық пункт меңгерушісі:

- Бір қыз 6-шы қабаттан құлады. Ол бас-ми жарақатымен жатыр, жағдайы ауыр. Реанимация бөліміне жатқызылды, жамбас сүйектері сынған. Қазір бөлімшеге ауыстырылды, жағдайы тұрақты. Екінші бала 1-ші қабаттан құлаған. Оның жағдайына зерттеу жасадық. Оның жағдайы тұрақты болғаннан кейін үйіне амбулоториялық емге жібердік.

Мұндай оқиғалар соңғы уақытта жиілеп кетті. Тек елордадағы осы №2 көпбейінді қалалық ауруханаға наурыздан бері 50-ден астам бала жеткізілген. Төтенше жағдай министрлігінің мәліметінше, жыл басынан бері ел аумағында 103 оқиға тіркеліп, оның 11-і қайғылы аяқталған.

Бексұлтанәли Рахымбаев, ҚР ТЖМ Төтенше жағдайлар алдын алу комитетінің бас маманы:

- Жалпы тіркелетін оқиғалардың көп бөлігі жаз, ауа райының жылы мезгіліне келіп, түсіп отыр. Көптеген жағдайда ата-аналар үйінде бола тұра балалардың құлап кету фактілері тіркеліп жатыр.

Қазір бала қауіпсіздігін қамту үшін ақпараттандыру жұмыстары күшейтіліп жатыр. Мамандар терезедегі шыбын-шіркейге қарсы тор бала салмағын көтере алмайтынын айтады. «Сондықтан темір тор да орнату керек», - дейді.

Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:

- Бұдан былай үй салатын компаниялар терезені түрлі қорғаныш торларымен қамтуға міндеттелмек. Бұл туралы тиісті заңнамаға өзгеріс енгізу барысында қаралып жатыр. 

Әнуарбек Мырзатайұлы, Айбек Ақшолақов