Қызылорда қаласында көпқабатты үйлерде қандала мен бүрге қаптады. Тұрғындардың айтуынша, зиянкестер жаздың басында пайда болған. Қансорғыш жәндіктердің көбейгенін санитарлық-эпидемиологиялық бақылау мамандары да растап отыр. Тілшіміз жалғастырады.
Ақмешіт шағынауданындағы 5-ші үйдің тұрғындары жаз шыққалы бүргемен күресіп әлек. «Пәтер ішіне дейін кіріп кеткен паразиттер күндіз-түні маза бермейді», - дейді.
Блиц-сауалнама:
- Подъезде бар. Жертөледе бар. Үйдің ішінде де бар. Түнде ұйықтай алмаймыз. Күндіз қасынып отырамыз. Үстімізде бірдеңе кетіп бара жатқандай жыбырлай береді.
- Шынымды айтсам, өте қорқынышты. Егер бүрге деген пәтерге бір кірсе, одан құтылу қиын екен.
Көрші үйде де дәл осындай жағдай. Бірақ мұнда бүрге емес, қандала қаптаған. Тұрғындар бірігіп зиянкеске қарсы улау жұмыстарын жүргізгенімен, нәтиже жоқ.
- 100 мың жинап, дезинфекция жасайтын адамдарды шақырдық. Олар келіп, 5-ші этаждан 1-ші этажға дейін, жертөлеге дейін даланың бәрін улап берді. Бірақ 1 рет қана улағаннан ешқандай нәтиже беріп жатқан жоқ.
- Бір дезинфекциядан кетпейтіні белгілі ғой. Тағы да бір Үкіметтің тарапынан көмек болса. КСК-ға ақша төлеп жатырмыз дегендей.
Шағынаудандағы бұл үйлерге сәуір айынан бері лицензиясы бар компания қызмет көрсетеді. Бірақ олар: «Аталған үйден бізге шағым түскен жоқ», - дейді.
Ғалымжан Далабаев, компания өкілі:
- Лицензиясы бар мекемемен келісімшартқа отыру негізінде біз қаладағы көпқабатты үйлерді күтіп ұстаудың жертөле мен шатырды дезинфекция жасаймыз. 1-ші маусым айынан осы жұмысты бастадық. Ақмешіт 5-ші үйдің тұрғындары тарапынан бізге тапсырыс түскен жоқ.
Қансорғыш жәндіктердің қаланың өзге аудандарында да көбейгенін санитарлық дәрігерлер растап отыр. Тұрғындардан түсетін шағым көбейген.
Ақжарқын Сыздық, «Ұлттық сараптама орталығы» РМК облыстық филиалының бөлім басшысы:
- 3 айдың ішінде 24 өтішін келіп түсті. Әсіресе осы төсек қандаласы адаммен, адамның заттары, киім-кешегімен көшіп жүре береді. Залалсыздандыру жұмысын барлық пәтерге жасаған дұрыс. Өйткені залалсыздандыру жұмысы жүргізілгеннен кейін екінші пәтерге көшуі мүмкін.
Төсек қандаласы мен бүрге аллергия тудыруы мүмкін. Бүргенің кей түрлері қауіпті, жұқпалы ауруларды тасымалдайды. Сондықтан мамандар өте сақ болуға шақырады. Зиянкестер пайда болған жағдайда бірден пәтер иелері кооперативтеріне хабар беріп, дезинцекция жүргізу керек.
Елдос Кәкенов, Райхан Тажибаева, Акан Алиев