Қостанай облысында 30 мың гектардан астам егін алқабын киік таптады

  • 52
  • 12.08.2025, 18:44

Қостанай облысында 30 мың гектардан астам егін алқабын киік таптаған. Негізінен жабайы жануардан оңтүстік аудан шаруалары қатты зардап шекті. Қаптаған киік таптағанымен қоймай, тұяғымен топырағын қопарып тастайды. Қазір күні-түні диқандар егінін қорып жүр. 

Аманкелді ауданында биыл 178 мың гектарға дәнді дақылдар егілді. Астық шығымы жаман емес, шамамен гектарынан 8-9 центнерден келер деп жобалап отыр. «Киік таптап, ауру жайламағанда одан да жоғары өнім алуға болар еді»,–дейді шаруалар.  
 
Егістік алқаптарын киіктен қорғау үшін шаруалар ала жаз бойы егінжай басында күзет ұйымдастыруға мәжбүр. Түз тағысын тек көлікпен қуудан басқа амал жоқ. Алайда қанша күзет ұйымдастырсақ та, қаптаған киікке тосқауыл болу мүмкін емес дейді. 

Егін басындағы жігіттер күнде осылай киіктермен арпалысып әлек. 

Таңатар Ахметов, шаруа: 

-Қаншама жерді таптап тастады. Қазірдің өзінде міне таптап жатыр, көріп жатырсыздар. Келіп жатып алады, жемесе. Құлатып жүріп өткенде бір 100 емес, 200 емес, мыңдап келіп жатыр ғой. Енді бір клетка мысалы, 400 гектар болса, соның бес проценті шығын келтірсе де, ол жобамен, 5 миллион, 6 миллион шығын келтіреді ғой. 

Аманкелді ауданында барлығы 7 мың гектардан астам алқапқа киік кірген. Орташа түсім гектарынан 8-9 центнер деп алсақ, шамамен 6 мың тонна астық жоғалттық деп санауға болады.  

Арман Саржанов, Аманкелді аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

-Шаруа қожалықтары өздері ұйымдасып, киікті қуумен жаз бойы айналысты, Алтын дала табиғи резерватынан бригадалар шықты, 4-5 бригада шықты қателеспесем. Әкімшіліктен шықты. Бірақ қуғанннан кейін киік сол жерге қайтып келе береді. 

Киіктен әсіресе Қамысты ауданының диқандары қатты зардап шекті. «Оларда ең көп, 16 мың 600 гектар егін алқабын жабайы жануарлар бүлдіріп кеткен. Бірақ киіктен келген нақты шығынды есептейтін әдістеме елімізде жоқ»,– дейді ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары. 

Кенжеғозы Жұмандықов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы:

-Аудандардан түскен мәлімет бойынша бізде мынау 30 мың 700 гектардың алқабына киік түскен. Ақбөкендер түскен алқаптардың олар бүкіліне зиян келтірді деп санай алмаймыз. Оны былай визуалды көзбен қарағанда солай, ал нақты оның қалай зиян келтіргенін есептейтін нақты методика жоқ. 

Бастапқы бағалау бойынша облыстағы дәнді дақылдар алқабының 62% астық шығымы жақсы. Мамандар орташа есеппен кемінде гектарынан 11 центнерден өнім аламыз деп болжап отыр.

Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг