Аса ірі көлемдегі алаяқтық фактісі бойынша бірнеше құрылыс компаниясының басшысы Мөлдір Сүйіншалиге қатысты тергеу басталды. Ол 2021-2024 жылдар аралығында өзіне қарасты компаниялар арқылы «Nura Elite» коттедж қалашығын саламын деген желеумен азаматтардан 3,9 млрд теңге қаражат тартқан. Жоба бойынша 37 коттедж бен 24 таунхаус салынуы тиіс еді. Құрылыс мерзімі 2023 жылдың 4-тоқсанында аяқталуы керек болса да, бүгінгі күні таунхаустардың тек қаңқасы тұр. Қазір құрылыс компаниясымен алдын ала келісім жасап, ақша аударған 56 адам жәбірленуші ретінде танылып отыр. Сондай-ақ бір жылжымайтын мүлікті бірнеше рет сату фактісі анықталған.
Ернар Тайжан, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі:
-Мәселен, жәбірленуші толық төлеген коттедждің бірі күдікті тарапынан жеке міндеттемелері бойынша кепілге қойылып, кейін үшінші тұлғалардың атына рәсімделіп, бірнеше рет қайта сатылған. Сүйіншали Мөлдір сатыпалушылармен іс жүзінде жер учаскелеріне құқық беруді көздейтін шарттар жасасқан, алайда оларды иеліктен шығаруға заңды құқығы болмаған. Соттың санкциясымен оған үй қамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Тергеу жалғасуда.