Жолдау: мемлекеттің барлық саласын жаңа деңгейге шығару міндеті қойылды

  • 25
  • 08.09.2025, 20:22

Жаңа цифрлық ведомство, өндірісті жаңа кезеңге шығару мен бір палаталы Парламент. Мемлекет басшысының Жолдауында қоғам мен мемлекеттің, экономиканың барлық саласын ілгерілендіріп, жаңа деңгейге шығару міндеті қойылды. Бұл мақсаттардың барлығы цифрландыру мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін молынан пайдалану негізінде іске асуы керек.

Үкімет ғимаратының ішінде ине шаншар жер жоқ, құдды бір жәрмеңке өтіп жатқан сияқты. Мемлекет басшысының жолдау жасауына санаулы минуттар қалды, бірақ дәліздегі көрініс осы. Журналистер құдды қойға қасқыр шапқандар кіріп жатқан депутаттар мен Үкімет мүшелеріне тарпа бас салуда. Себебі елімізде мәселе өте көп.  

«Мега мәселе бар, ол қазірден мемлекеттің бүкіл саласын цифрландырмаса әлемнің даму көшінен қалып қоюымыз мүмкін. Салдары тым ауыр болады»,– дейді Президент. Тиісінше мақсат пен меже: Қазақстан үш жыл ішінде міндетті түрде жаппай цифрлық ел болуы керек». 

Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: 

-Жаңағы Президенттің айтқан мәселесі біздің қалай ойлайтынымызға дейін құндылықтар жүйесін өзгертетін болғаннан кейін логистика, экономиканы тіпті құрылыс саласын өзгертетін болғаннан кейін оны осындай деңгейге көтеру керек. Басқа да министрліктерге оны енгізу үшін әр министрлікке беріп қоймай оны сол Премьер-министрдің орынбасары, Премьер-министрдің өзі бақылап отқаны әрине оған жақсы мүмкіндік береді. Өйткені мен өзім Үкіметте жұмыс істедім.   

Кеңес одағының шекпенінен шыққан соң тұралаған экономика инвестицияның арқасында еңсе тіктеді. Жаңа дәуірде де алға ұмтылудың қозғаушы күші осы тетік. Президент экономикаға тартылып жатқан капиталдың едәуір бөлігі шикізат саласына кетіп жатқанын атап өтті. Ол жаққа қаражат керек, бірақ енді басымдық өзгереді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:     

-Экономикамыздың жоғары технологиялы салаларына 1 млрд долларға дейін инвестиция тарту туралы бағдарлама әзірлеу қажет. Оны Үкімет Ұлттық банкпен бірлесіп дайындауға тиіс. 

Инвестиция тарту саясатында мемлекетке жаңаша ұстаным керек. Инвестор кірпияз қыз сияқты. Кел дегенде келіп, ақшаны бер дегенде бере салмайды. Көңілін таппақ керек. Бірнеше мемлекеттік органнан өту, қағазбастылық сияқты кедергілер қаншама. Ірі, орта және шағын инвестор ретінде жіктеліп, оларға тапсырыс өндіріс сұранысына қарай берілуі шарт. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:     

- Меніңше, Бас прокуратураның Заңсыз активтерді қайтару жөніндегі комитетінің атауын Инвесторлардың құқығын қорғау жөніндегі комитеті деп өзгертетін кез келді. 

Бас прокуратура заңсыз актив иелерімен өнімді жұмыс істегенін айта кету керек.

Айдос Сарым, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:     

-Үкіметке келген кезде оған сын айтып жатады. Мынаның өз любимчиктері бар. Әкімге келген кезде айтамыз, мынау өзінің компаниясын тартыпты, ананы жасапты, мынаны жасапты деген сындар айтылып жатады. Шыны бар өтірігі бар, басқасы бар. Сондықтан осының алдын алудың бір жолы инвесторлардың құқығын қорғау мәселесін жаңағы прокуратураға беріп жатқанымыз. Прокуратура орган ретінде ешқандай шаруашылық мәселемен айналыспайды. Жерді бөлмейді. Лицензия бермейді, басқасын жасамайды. Оның мәселесі заңдық процедураның орындалуы. 

Банктер демекші Президент Екінші деңгейлі қаржы институттары нақты секторды қомсынбай келе жатқанын бұған дейін де сынады. Енді банктердің басына жауапкершіліктің бұлты үйірілетін сияқты.   

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:     

-Қазақстандағы банктердің активтері мен қаражаты дамыған елдерге қарағанда орта есеппен бірнеше есе көп пайда әкеледі. Себебі біздің банктер экономикаға несие бергеннен гөрі қаржылық тәуекелі төмен бағыттарға ақша салғанды жөн көреді. Осы мәселені депутаттар, сарапшылар үнемі көтеріп жүр. Ұлттық банк пен Үкімет банктердің ақшасын экономикаға барынша тартудың тиімді тәсілдерін табуы қажет. Енді бұл мәселені созуға болмайды, шұғыл шешу қажет. 

Нұртай Сабилянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:   

-Жылдың аяғына дейін банкілер туралы жаңадан заң қабылданатын болады. Сонда біз банктерге қойылатын талапты күшейтетін боламыз. Өйткені олар жеңіл жолмен кетті қазір. Халықтан депозит алады 15%. Оны алады да тұтынушы депозит ретінде басқа азаматтарға, өзіміздің азамттарға 25-30-46% дейін беріп жатыр ғой. Бұл үрдісті біз тоқтатпасақ халықтың көбі қарызда болады. Ешқашан қайтара алмайды. Ал экономикамыз дамымайды. 

Экономиканың қазіргі даму деңгейіне ықпал етіп отырған сала өнеркәсіп. Өңдеу бағытында өсім бар. 

Соңғы 5 жылда өңдеу өнеркәсібінің жалпы қосымша құны екі есе өсіп, 17 триллион теңгеге жуықтады. Ал оның жалпы ішкі өнімдегі үлесі 12,4% жетті. Былтырдың өзінде 163 жаңа өндіріс іске қосылды. Соның нәтижесінде 12,5 мың тұрақты жұмыс орны пайда болды.

Алдағы 3 жылда тау-кен саласында озық технологиялық өнім шығаратын 3 кәсіпорын салынады. Көмірсутек шикізатын терең өңдеу бағыты да енді назарға алынбақ. Сонымен бірге елдің геологиялық барлау саласын толыққанды жаңарту керек. Цифрлық дәуірде тау-кен саласының өзі жаңа дәуір табалдырығында тұр.  

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Әсіресе, терең өңделетін өнімдерді шығаруға мол мүмкіндігі бар. Жаһандық үдерістерге сәйкес, сирек кездесетін металдардың және айрықша қажет басқа да материалдардың маңызы арта түсті. Бұл саладағы әлемдік өндірістер мен сауда-саттықтың жаңа желісінде өз орнын нықтап алуына Қазақстанның толық мүмкіндігі бар.

Қазақстан Еуразия құрлығындағы көлік хабы болуға тиіс. Қазақша айтсақ, құрлықтық деңгейдегі тоғыз жолдың торабы. Көлік логистикалық саланың әлеуеті зор. Әлем транзит үшін таласқа түсіп жатыр. Былтыр теміржол транспортымен біздің елдің аумағы арқылы тасымалданған жүк 1 млрд тоннадан асқан. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Биыл ұызындығы 836 шақырым болатын «Достық – Мойынты» теміржолының екінші желісі іске қосылады. Жобаны өз күшімізбен өте қысқа мерзім ішінде жүзеге асырдық. Бұл жолдың мән-маңызы ерекше, себебі «Шығыс-Батыс» бағытының жүк өткізу мүмкіндігін айтарлықтай арттырады. Үкімет «Бақты-Аягөз», «Қызылжар-Мойынты» жобаларын уақытылы жүзеге асыруға тиіс. Себебі аталған жобалар еліміздегі теміржол жүйесінің толық қаңқасын қалыптастырады.

Жаңғыртылып жатқаны бар, салынып жатқаны бар, биыл 13 мың шақырым автокөлік жолы игілікке жарайды. Әлемдегі жүк тасымалының 16% контейнерге тиесілі болса, біздің елде ол 7-ақ пайыз. Тарифтік саясатты жетілдіру есебінен бұл көрсеткішті көбейту міндеті қойылды. Биыл шекарада 8 өткізу бекеті жөнделсе, алдағы 3 жылда 34 өткізу бекеті жаңармақ. Әлбетте экономиканы ілгерілетудегі барлық қадамдарда цифрлық шешімдерге иек артылады. Бұл жемқорлықтың пен қағазбастылықтың азаюы, өнімділік пен нәтижесінің көбеюі болмақ. 

Берік Дүйсенбай, Әлібек Әлиев