Мәжіліс Цифрлық кодексті мақұлдады

  • 8
  • 12.11.2025, 19:38

Жобада электронды және цифрлық құжаттарды пайдалану тәртібі реттелген. Оның ішінде SMS кодтар, биометриялық деректерді қауіпсіз қолдануға басымдық беріліпті.

Цифрландыру біздің өміріміздің бір бөлшегіне айналғаны қашан. Содан да болар мәжілісмендер бұл кодексті 1,5 сағат талқылады. Кей депутаттар оны Цифрлық дәуірдің конституциясы деп бағалауда.

Демек бұл құжат кең ауқымды, көптің мүддесіне қызмет ете алатын, қажет кезінде тиісінше қорғай алатын нормалардан тұруы тиіс. Айта кетейік, Цифрлық кодекстің жобасын жасауға Мәжіліс депутаттары бастамашылық жасаған. Оның маңыздылығын келесі сандардан аңғаруға болады. 

Үнзила Шапақ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бүгінде шамамен 1300-ден астам мемлекеттік қызметтер онлайн форматта көрсетіледі.

Қазір ресми құжаттарды алу үшін электронды цифрлық қолтаңбаны пайдаланамыз. Ендігі уақытта азаматтар өздерін растау үшін саусақ ізі, бет бейнесі, дауыс сияқты биометриялық әдістерді қолдану мүмкін. 

Мұрат Әбенов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

-Цифрландыру осы екен деп біз бәріне оны қолдануды міндеттеп тастамауымыз қажет. Өйткені елімізде 2 млн-ға жуық азамат интернетті қолдана алмайды. Бірінде байланыс жоқ, енді бірінде смартфон жоқ. Зейнеткерлер мен балалар бар. Сондықтан әдеттегі қолмен алатын қызметтер де өз қалпында қалуы тиіс. 

Депутат Асхат Аймағамбетов болса, балалардың әлеуметтік желілерде тіркелу жасын шектеу тақырыбын көтерді.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: 

-Қазіргі таңда 5-6 жастағы балалардың ата-анасының рұқсатынсыз TikTok немесе Instagram желілеріне еркін тіркеле алады. Дания, Австралия сияқты елдерде тіркелу жасы 15-16 жас болып белгіленген. АҚШ, Ұлыбритания және Ирландияда ата-ананың арнайы рұқсаты қажет. Қазақстанда бұл бағытта қандай шаралар қарастырылып жатыр?  

Кодекс арқылы сондай-ақ денсаулық сақтау, көлік, туризм, қаржы мен сауда салаларында жетілдіру көзделуде. Қазірдің өзінде қазақстандықтар жылына 100-150 млн электронды сауда жасайды екен. Ақшасын төлесе де, тауарын ала алмай жатқандары қаншама?!

Цифрландыру заман талабы деп асығуға, жалпыға бірдей міндеттеуге болмайды дейді депутаттар. Аталмыш құжаттың мазмұнына қатысты сұрақ пен ұсыныс көп. Демек екінші оқылымға дейін тағы бірнеше пысықтаудан өтеді. 

Ердәулет Ыбырайұлы, Аманжол Байғазин