Президент «Орталық Азия – Жапония» диалогының бірінші саммитінде сөз сөйледі

Президент «Орталық Азия – Жапония» диалогының бірінші саммитінде сөз сөйледі
  • 8
  • 20.12.2025, 09:58

Мемлекет басшысы бүгінгі тарихи кездесуді ұйымдастыруға бастамашы болғаны және қонақжайлық танытқаны үшін Жапония Премьер-министрі Санаэ Такаичиге алғыс айтты.

– Даму деңгейі тұрғысынан бірегей мегаполис саналатын Токиода ұйымдастырылған маңызды форумға қатысу Қазақстан, тіпті тұтас Орталық Азия үшін айтулы уақиға деп ойлаймын. «Орталық Азия – Жапония» диалогын құру туралы бастаманы жапон тарапы, соның ішінде бұрынғы Сыртқы істер министрі Ёрико Кавагучи көтерген еді. Мұның символдық мәні зор. Сыртқы істер министрлері деңгейіндегі алғашқы жиын 2004 жылы Астанада өтті. Бұл Орталық Азия елдері мен өзге де ірі мемлекеттер арасында осы тектес платформаларды құруға үлгі болды, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, мұндай саммиттер Орталық Азияның халықаралық деңгейдегі орны күшейіп, жаһандық үдерістерде маңызды рөл атқара бастағанын көрсетеді.

– Қазақ жұрты жапон халқының тарихына, салт-дәстүрі мен мәдениетіне әрдайым құрметпен қарайды. Күншығыс елінің келісім, ұстамдылық, даналық секілді құндылықтарға құрылған философиясы қазақ халқының дүниетанымына сай келеді. VII ғасырдың өзінде Сётоку ханзада үйлесімді ең биік құндылық ретінде атап, бірлік пен ынтымаққа үндеді. Сол тұста Жапония «Рэйва» – «Керемет үйлесім» дәуіріне қадам басты. Жапонияның Орталық Азия елдерімен байланысы ежелгі Ұлы Жібек жолынан бастау алады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы ғылыми-техникалық және технологиялық прогресте көш бастап келе жатқан Жапонияның әлемдік экономикадағы жетістіктеріне назар аударды.

Сондай-ақ жан-жақты халықаралық ынтымақтастық орнатуда зор әлеуетке ие Орталық Азия дамудың даңғыл жолына түскенін атап өтті.

Президент Қазақстан Жапониямен бірлескен жобаларды табысты жүзеге асыру үшін барлық қажетті жағдайды жасауға, қолайлы инвестициялық орта қалыптастыруға дайын екенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-жапон ықпалдастығының перспективті бағыттарына тоқталды.

Президенттің Жапонияға сапары аясында сомасы 3,7 миллиард доллардан асатын 60-тан астам екіжақты құжатқа қол қойылды

Сауда-экономикалық және инвестициялық байланысты жандандыруға баса мән беру қажет. Былтыр өзара сауданың көлемі шамамен 2 миллиард долларға жетті. Қазақстан Жапония нарығына уран, сирек кездесетін металдар және мұнай жеткізеді. Жапония – Қазақстан экономикасының негізгі инвесторларының бірі. Оның елімізге құйған қаржы көлемі 8,5 миллиард доллардан асты. Қазақстан ұзақ уақыттан бері ірі жапон корпорацияларымен табысты қарым-қатынас орнатты. Біз елімізде еңбек етіп жатқан Жапонияның шағын және орта компанияларының қызметіне қолдау көрсетіп келеміз. «Орталық Азия – Жапония» форматындағы бизнес форумында екіжақты байланыстарды жандандырып, жаңа инвестициялық жобаларды іске асыруда қажетті уағдаластықтарға қол жеткізетінімізге сенімдімін. Жапонияға сапарымның аясында 60-тан астам екіжақты құжатқа қол қойылды. Оның ішінде сомасы 3,7 миллиард доллардан асатын коммерциялық келісімдер де бар.

Мемлекет басшысы Жапония Үкіметінің Ақтау портындағы кедендік рәсімдерді жетілдіруге атсалысу туралы шешімін құптады

Орталық Азияның Шығыс пен Батыс, Солтүстік пен Оңтүстік арасындағы негізгі сауда жолдарын тоғыстыратын көлік-логистика саласы Жапония үшін тың мүмкіндіктерге жол ашады. Азия мен Еуропа бағытында құрлық жолымен тасымалданатын жүктің 80 пайыздан астамы Қазақстан арқылы өтеді. Транскаспий халықаралық көлік бағдарын дамыту айрықша маңызды. Жапон Үкіметі Каспий теңізінің Ақтау портындағы кедендік рәсімдерді жетілдіруге атсалысуға ниетті. Біз бұл шешімді құптаймыз. Жапония компаниялары алдағы уақытта Орта дәліздің теміржол, порт, автокөлік және логистика инфрақұрылымын ілгерілетуге үлес қосса, баршамызға пайдалы болмақ.

Президент: «Қазақстан дәстүрлі қуат көзін игеру және өңдеу жобаларына жапон тәжірибесін, инновациясы мен инвестициясын тартуға мүдделі»

«Таза» энергетиканың дамуын ұзақ мерзімді стратегиялық басымдық ретінде қарастырамыз. Еліміз «жасыл» технологияларды қолдана отырып, дәстүрлі қуат көзін игеру және өңдеу жобаларына жапон тәжірибесін, инновациясы мен инвестициясын тартуға мүдделі. Геосаяси тұрақсыздық пен қуат көздеріне сұраныс ұдайы артып келе жатқан жағдайда әлем экономикасының орнықты дамуын қамтамасыз ететін көмірсутегі ресурстары айрықша маңызға ие. Біз теңгерімді әрі әділ энергетикалық жүйеге ауысу қажет деген ұстанымды қолдаймыз. Қазақстан көмір өндірісі бойынша әлемдегі он үздік елдің қатарына кіреді. Көмір еліміздің энергетикалық балансының шамамен 70 пайызын құрайды. Сондықтан осы табиғи байлығымызды қуатты энергия көзі ретінде пайдалану үшін ең озық технологияларды тартуға бейілміз.

Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақстанның ресурс әлеуетін Жапонияның атом энергетикасы саласындағы үздік технологияларымен ұштастыру тың мүмкіндіктерге жол ашады»

Ядролық энергетиканың «жасыл» экономика күн тәртібіндегі мәні зор. Әлемдегі ядролық отынның шамамен 40 пайызын Қазақстан қамтамасыз етеді. Дүние жүзіндегі электр энергиясының 10 пайызға жуығын атом электр станциялары өндіретінін ескерсек, бұл өте маңызды. Қазақстанның ресурс әлеуетін Жапонияның атом энергетикасы саласындағы үздік технологияларымен ұштастыру осы стратегиялық саладағы тың мүмкіндіктерге, соның ішінде инновацияларды енгізуге жол ашады. Әсіресе, ядролық қалдықтарды басқару, ядролық қауіпсіздік, азаматтық қорғаныс салаларына жоғары санатты маман даярлау бағытындағы жобалар қызығушылық тудырады.

Президент: «Қазақстан Жапониямен бірлескен Next-Generation SmartMining Plus жобасының іске қосылуын құптайды»

Орталық Азияда сирек кездесетін элементтер мен өзге де аса маңызды минералдардың мол қоры бар. Бұл әлемнің жаңа энергетикалық жүйеге көшуіне қажетті ресурс саналады. Өңіріміз таза әрі қуат үнемдейтін өндірістерді аталған ресурстармен қамтамасыз ете алады. Қазақстан Жапониямен қазба байлықтарды барлау, өндіру және өңдеу ісі бойынша ынтымақтастықты жандандыруға мүдделі. Бұл ретте терең өңдеуге және орнықты өндіріс тізбегін қалыптастыруға ден қоя отырып, толыққанды өнеркәсіп кластерін құруға басымдық береміз. Сондықтан Қазақстан Жапониямен бірлескен Next-Generation SmartMining Plus жобасының іске қосылуын құптайды. Бұл бастама өндіріс үдерісін цифрландырып, экологиялық орнықтылықты арттырады».

Мемлекет басшысы орнықты ауыл шаруашылығы саласында бірлескен зерттеу платформасын құруды ұсынды

Еліміз ауыл шаруашылығын дамытуға айрықша мән береді. Орталық Азияда қуатты агроөнеркәсіп кешені бұрыннан бар. Сондықтан аймақ жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісінде маңызды рөл атқара алады. Қазақстан Жапонияның ресурс үнемдеу технологиясына, шөлге төзімді дақылдар селекциясына, «ақылды» фермаларды дамыту тәжірибесіне қызығушылық танытады. Осы орайда орнықты ауыл шаруашылығы саласында жапон ғалымдарының және сарапшыларының қатысуымен Зерттеу платформасын құруды ұсынамыз. Астанада қолданбалы ғылымдар саласында ғалымдар мен зерттеушілердің алғашқы кездесуін «Орталық Азия – Жапония» форматында ұйымдастыруды ұсынамын.

Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақстан JICA агенттігінің Орталық Азиядағы күрделі су проблемасын шешуге қосқан үлесін бағалайды»

Ауыл шаруашылығының дамуы су қауіпсіздігімен тікелей байланысты. Орталық Азия қазірдің өзінде су тапшылығын сезініп отыр. Соңғы жиырма жылда өңірде жан басына шаққанда сумен қамту көлемі шамамен 30 пайызға төмендеді. Оның үстіне су ресурстарының 70 пайызға жуығы – трансшекаралық. Каспий теңізінің тартылуы алаңдаушылық туғызады, ал Арал экологиялық апаты су ресурстарын ретсіз пайдаланудың салдары қандай қайғылы болатынын көрсетті. Қазақстан Жапония халықаралық ынтымақтастық агенттігінің (JICA) Орталық Азиядағы күрделі су проблемасын шешуге қосқан үлесін бағалайды әрі аталған беделді институтпен ықпалдастықты жалғастыруға ниетті.

Президент: «Жапонияның су саласын автоматтандыру және цифрландыру тәжірибесіне ерекше қызығушылық танытамыз»

Су үнемдеудің озық технологияларын алмасу, ортақ ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу және Жерді қашықтан зондтау секілді аса маңызды шаралар қамтылатын Бірлескен су шаруашылығын дамыту бағдарламасын әзірлеуге болар еді. Қазақстан БҰҰ аясында жаңадан UN Water халықаралық ұйымын құруды ұсынды. Бұл су проблематикасымен айналысатын басқа да құрылымдардың күш-жігерін бір арнаға тоғыстырады. Жапондық саясаткерлер мен қоғам қайраткерлерін, кәсіпкерлер мен сарапшыларды келесі жылы сәуір айында Астанада өтетін Өңірлік экологиялық саммитке қатысуға шақырамыз.

Мемлекет басшысы Токионың Орталық Азия елдерімен жасанды интеллект саласы бойынша тың серіктестік орнату жөніндегі бастамасына қолдау білдірді

Цифрлық трансформация мен жасанды интеллектіні дамыту саласында ынтымақтастық орнату өте өзекті. Жапондық инновациялар сапа, сенімділік және жоғары технология тұрғысынан кеңінен танымал. Қазақстан цифрлық мемлекетке айналу жолына түсті. Осы мақсатта Аlem.ai. халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылды. Биыл еліміз америкалық технологиялар базасында екі суперкомпьютерді іске қосты. Келесі жылы өнеркәсіп, мемлекеттік сектор, әлеуметтік қамсыздандыру және білім беру салаларын цифрландыруға бағытталған Digital Qazaqstan стратегиясын жүзеге асыруды бастаймыз. Осылайша, Қазақстанда жасанды интеллекті мен цифрлық технологияларды одан әрі дамыту үшін оңтайлы жағдай жасалады. Бұл ретте біз Токионың Орталық Азия елдері мен Жапония арасында жасанды интеллект саласы бойынша тың серіктестік орнату жөніндегі бастамасын қолдаймыз. Аталған платформаны Орталық Азиядағы ең ірі ІТ-стартап «Astana Hub» және қажетті инфрақұрылымы мен халықаралық экожүйесі бар Аlem.ai орталығының базасына орналастыруды ұсынамыз.

Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде жапон университеттері мен білім орталықтарының бөлімшілерін ашуды ұсынды

Адам капиталы – дамудың басты қозғаушы күші. Жапония бұл формуланың дұрыстығын нақты дәлелдеді. Адам, еңбекке құрмет көрсету, ұдайы жетілуге ұмтылу, өмір бойы оқу, өскелең ұрпаққа білім беру – Сіздің мемлекетіңіздің артықшылығы. Қазақстан білім саласын белсенді дамытып жатыр. Әсіресе, шетелдік серіктестерімізбен бірге осы бағытта ауқымды жұмыс атқарылуда. Елімізде шет мемлекеттердің жетекші жоғары оқу орындарының филиалдары табысты қызмет етуде. Жапонияға Қазақстанда университеттер мен білім орталықтарының бөлімшілерін ашу мүмкіндігін қарастыруды ұсынамыз.

Бірыңғай туристік маршрут әзірлеу, виза рәсімдерін жеңілдету – Мемлекет басшысы Жапониямен туризм саласындағы ықпалдастықтың негізгі бағыттарын атады

Орталық Азия елдерінің тарихы мен мәдени мұрасы бай, табиғаты әсем. Бұл жапон туристерін қызықтырары сөзсіз. Қазақстан Жапониямен туризм саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті. Жапониялық туристер үшін Орта Азияның бірыңғай туристік маршрутын әзірлеген жөн деп есептеймін. Сондай-ақ Орталық Азия елдерінің халқына визалық рәсімдерді жеңілдеткен дұрыс. Бұл жапондық туристердің бір сапарда бірнеше елді аралап шығуына мүмкіндік береді. Ал біздің азаматтарымыз Күншығыс елімен етене таныса алады. Жапонияны Осака қаласында ЭКСПО 2025 көрмесін табысты өткізуімен тағы да құттықтаймын. «Көрме тақырыбын жан-жақты көрсету» номинациясы бойынша алтын жүлде иеленгендеріңізге қуаныштымыз.

Президент: «Қазақстан 2027 жылы дзюдодан Әлем чемпионатын өткізу құрметіне ие болды»

Біз спорт саласындағы ықпалдастықты өркендетуге, ең әуелі жапонның дзюдо, сумо және кэндо секілді дәстүрлі жекпе-жек өнер түрлерін дәріптеуге әзірміз. Қазақстан 2027 жылы дзюдодан Әлем чемпионатын өткізу құрметіне ие болды. Бұрнағы күні мен қазақтан шыққан белгілі сумошы Кимбозан Харукимен (Ерсін Балтағұл) таныстым. Тығыз мәдени-гуманитарлық байланыстарымыз алдағы уақытта да халықтарымыз арасындағы өзара түсіністік пен достықты нығайтуға қызмет ете береді деп сенемін.

Саммитте Жапония Премьер-министрі Санаэ Такаичи, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов және Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев сөз сөйледі

«Орталық Азия – Жапония» саммитінің қорытындысы бойынша Токио декларациясы қабылданды

Бұл форматтағы төрағалық енді Қазақстан тарапына өтті.

Орталық Азия мемлекеттері басшылары мен Жапония Премьер-министрі келесі саммиті Қазақстанда өткізуге келісті.