Аймақтарда кәсіпкерлікті дамытуға күш салу керек. Сондай-ақ мемлекет мезіретіне талдау жасап, тиімсіз шығынның жолын кесу маңызды. Бүгін Ұлттық құрылтай мүшелері экономика тақырыбын бүкпесіз талқылап, өз ойларын ортаға салды. Азаматтық қоғам секциясы да қызу талқы алаңына айналды. Секция отырысына елдің түкпір-түкпірінен 100-ден аса адам жиналған.
Шектеусіз һәм бүкпесіз әңгіме. Экономикаға арналған отырыс осылай басталды. Сөз бөс болса, қазына бос болады. Демек бұл отырыста сын да, кемшілік те ашық айтылуы керек. Жиынға қатысушылардың құрамы салмақты. Бәрі саланың майын ішіп, жілігін шаққан мамандар. Олар қаржы жүйесін біледі, шимай-шатпақ көрсеткішті түсінеді, тіпті сәтсіз жоспарларды алыстан-ақ көреді. Қысқасы, лайықты сын, тұшымды мін айтатын адамдар. Қош, әңгіменің әлқиссасын былтырғы көрсеткіштен бастайық. Өткен жылы елдің ЖІӨ 300 млрд доллардан асты. Жан басына шаққандағы көрсеткіш 15 мың долларға жетті. Ал экономиканың өсу қарқыны 6,5 пайыз болған.
Экономиканың барлық бағытында өсім бар дейді мамандар. Иә, қазына қоңды болмаса да, сала тұрақты. Бірақ бізге бюджетті толықтыратын, оны жұртшылыққа жолықтыратын тың тәсілдер қажет. Ал мұндай бастамалар шалғайдағы өңірлерде басталғаны жөн дейді құрылтай мүшелері.
Ерлан Саиров, Ұлттық құрылтай мүшесі:
- Аймақтарда біз орта және кіші бизнесті дамытуымыз керек. Өйткені халықтың негізгі бағыты ол материалдық құндылықтарды өндіру болу керек. Екінші үлкен мәселе - аймақтардағы кіші және орта бизнесті жаңа салық кодексіне адаптация жасау. Яғни қазір аймақтарда оның мәнін түсінбей жатыр. Сондықтан мем органдар осы аудандық деңгейде салық кодексінің жан жақсы түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек.
Қазына ақшасын оңды-солды шашуды шектеу керек. Құрылтай мүшелері мемлекет қаржысына қатысты кез келген әрекеттің тиімділігін талдауды талап етті. Қазір кәсіпкерлерге көрсетіліп жатқан қолдаудың пайдасы мен зияны сараланбайды. Тиісінше, мезіретті кім, қайда жұмсап жатқаны белгісіз. Нұртай Сабильянов ашықтық керегін жеткізді.
Нұртай Сабильянов, Ұлттық құрылтай мүшесі:
- Сондықтан да біздің ұсынысымыз заң арқылы жүзеге асырдық. Бұл цифрлық платформа арқылы бүкіл кәсіпкерлер қанша көмек алды, оны қалай жұмсап жатыр. Және де қанша субъект алуға тиіс, олар қандай жұмыс істеп жатыр, өндіріс орындарын ашып жатыр ма, әлде жұмыс орнын ашты ма? Осыны талдап жыл сайын халықтың алдына жариялап отыру керек. Өйткені бізде белгілі бір кәсіпкерлік субьектілері ғана алады.
Облыс әкімдігінің екінші қабатында экономикаға қатысты қызу талас күшейгенде, үшінші қабатта азаматтық қоғам секциясының пікірталасы қайнап жатты. Мұнда билік пен бұқара арасындағы байланыс талқыланды. Тұрғындардың құқығы да қаралады. Қысқасы, маңызы экономикадан кем түспейтін тақырып. Заман көз ілеспес жылдамдықпен дамып келеді. Соның кесірінен азаматтарды қорғаудың ескі тәсілдері тиімсіз болып жатыр.
Айман Омарова, Ұлттық құрылтай мүшесі:
- Киберзорлау. Киберзорлау деген көбейіп кетті қазір. Біздің қылмыстық кодексте жазылған қылмыстық құрамдары көбі сәйкес емес болып жатқан жағдайға. Жасанды интеллекті бар.Бұдан бөлек, отырыста азаматтық қоғам мен балалар тәрбиесіне қатысты бастамалар көтерілді. Бүгінгі ұсыныстар Ұлттық құрылтайдың хатшылығы арқылы зерделенеді. Кейін тиісті қорытынды жасалады. Маңызды мәлімдемелердің бір парасы ертең Президент қатысуымен өтетін Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында айтылуы мүмкін.
Сыр бойында айтылған сөздің салмағы болады. Сыр бойында сылбыр сөлекет болмаған. Мұны тарих растайды. 1 ғасыр бұрын осы жерде өткен жиында ұлтымызға қазақ атауы қайтарылып, Ақмешіт ел астанасы атанды. Ең қызығы, бұл Қырғыз АКСР-дың бесінші сьезінде болған оқиға. Араға ғасыр салып, Қызылорда құрылтайдың бесінші басқосуын қабылдап жатыр. Бәлкім, бұл жай ғана сандардың сәйкестігі шығар. Бірақ Ақмешіттегі биылғы алқадан да күтер үміт мол. Қызылорда тағы да тағдыршешті шешім қабылдайтын өлке болуға дайын.
Бекзат Аманов, Асхат Серікұлы, Досхан Қораз