Халық кеңесі – қоғамдық диалогтың жаңа форматы. Кеңесте ел ынтымағын күшейте түсетін тиімді, алдын ала мұқият зерттелген бастамалар жүзеге асырылатын болады. Бүгін Халық Кеңесінің бірінші сессиясында Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп, Кеңес атқаруы тиіс міндеттерді атап берді. Ол – елдің бірлігін нығайту, аймақтардың үнін анық, әрі ашық жеткізу және азаматтық қоғам институтын дамыту.
Сағыныш Әбікей, тілші:
- Бүгін жоғары консультативтік орган Халық Кеңесі сессиясының екінші күні. Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп, бұқара пен билік арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған ұсыныстар ортаға салынды. Президент Кеңестің қағазбастылыққа берілмей, халық үнін еститін, мәселелердің бел ортасында жүретін ықпалды орган болуын тапсырды.
Халық Кеңесі – баламасы жоқ, мүлде жаңа, инновациялық институт, деді бүгін Тоқаев. Ия, бұған дейін Қазақстан халқы ассамблеясы, Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі, Ұлттық құрылтай секілді ақылдасар алаңдар болған, бірақ Халық кеңесінің жолы мен жөні бөлек болмақ. Дегенмен, президент ұзақ ойланып, өзі ұсынған бұл құрылымның да көздегені сол – ел бірлігі мен мүддесі.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Мен елдегі түйткілдерді ашық талқылайтын, жұрттың ұсыныс-пікірлерін сараптап, нақты шешімдер ұсынатын арнайы институт құруды көптен бері жоспарлап жүрдім. Оның құрылымы, атқаратын жұмысы жөнінде ұзақ ойландым. Кеңестің атауын Конституциялық реформа жөніндегі комиссияға өзім ұсындым. «Қазақстан Халық Кеңесі» деген атау жаңа институттың жалпыұлттық сипатын көрсетеді.Конституцияға сәйкес мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және Егемендік иесі бұл – халық. Сондықтан жұртшылықтың мүддесін қорғайтын бірегей органның атауында «Халық» сөзінің тұруы – өте қисынды, орынды, себебі, бұл – заңдылық. Бұған қоса, «Қазақстан Халық Кеңесі» атауы – Конституцияда бекітілген бірыңғай әрі ресми нұсқа. Бұл жаңа органның мәртебесі биік, жауапкершілігі жоғары екенін айшықтайды.
Әуелі Кеңес пен Құрылтайдың аражігін ажырата білмек керек. Халық Кеңесі – Құрылтайға балама мекеме емес, деп басып айтты бүгін президент. Яғни Кеңес мүшелері Құрылтайдың құзыретіне кіретін жұмыспен айналыспайды. Депутаттардың қызметіне араласпайды. Тиісінше, Құрылтай депутаттарының да Халық Кеңесінің жұмысына араласуға хақы жоқ.
Ермұрат Бапи, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі:
- Мемлекеттік саясатты жүзеге асыру мақсатында консультативтік кеңестік орган ретінде халық пен қоғамның мемлекеттік биліктің арасындағы алтын көпірді қалыптастыратын орган деп санаймын өзім. Қоғамдағы диалог, қоғамдағы ынтымақ, береке деген мәселе өте маңызды деп саналады қазір. Себебі бүкіл дүние дүрлігіп тұрған кезде біз өз ішіміздегі мемлекеттік бірлігімізді, ұлттық, қоғамдық осындай ынтымағымызды сездіруіміз, білдіруіміз керек, жұмылуымыз керек. Осы тұрғыда бұл орган өзіне тиісті міндетін атқарады деп ойлаймын.
Бүгін бірінші сессияда көп мәселе айтылды. Бірақ, негізгісі үшеу. Әуелгісі – елдің бірлігі. Этносаралық келісімнің бесігі саналатын Қазақстанның бұл реттегі тәжірибесі мол. Алайда, ара-тұра кейбір тісқаққанарандатушылар әлеуметтік желіде ұлтараздықтықоздырып қоятыны бар. Осы ретте Халық Кеңесінің құрамында отырған этномәдени бірлестіктердің 42 өкілінің араағайындық танытар білімі імен білігі қажет.
- Өздеріңізге мәлім, Конституцияда тіліне, тегіне, ұлтына, дiни көзқарасы мен нанымына немесе кез келген өзге де себептерге байланысты кемсітуге тыйым салынған. Соған қарамастан ара-тұра кейбір тісқаққанарандатушылар әлеуметтік желіде ұлтараздықтықоздырып, әдейі отқа май құяды. Мына нәрсені түсінген жөн. Олардың көздегені біреу – қоғамды әлсіретіп, Қазақстанның Егемендігіне нұқсан келтіру, елді бірліктен айырып, бейбіт, алаңсыз өміріміздің астаң-кестеңін шығару. Расында олар балаларымыз бен немерелеріміздің бақытты болашағының тамырына балта шапқысы келеді. Сондықтан құқық қорғау органдары мен тұтас қоғам бұған табанды түрде қарсы тұруы керек. Конституцияда бекітілген «Заң мен тәртіп» қағидатына сай әрекет етуіміз қажет.
Сенаттың жұмысы тоқтаған соң өңірлердің мүддесі ескерусіз қалмай ма? Жоқ, дейді президент. Аймақтардың үні енді Құрылтай мен Халық Кеңесі арқылы мемлекеттік органдарға жететін болады. Халық кеңесінің арқасында орталық пен аймақтар арасындағы алшақтық қысқара түспек, себебі Кеңестің үштен бір бөлігі – аймақтан келген өкілдер. Президент тоқталған тағы бір мәселе –«үшінші секторды» дамыту.
- Маған бірқатар республикалық қоғамдық бірлестіктің тек қағаз жүзінде тіркелгені, шын мәнінде, «айқайлап» тұратын атауларынан басқа түгі жоқ, жалған құрылымдар екені баяндалды. Мұндай ұйымдар азаматтар мүддесін қорғау үшін емес, басқа пиғылда, берісін айтсақ, мансапқорлық мақсатта құрылғаны анық. Бұл кейбір жағдайда алаяқтыққа дейін жетті. Оған жол беруге болмайды. Сондықтан мұндай фактілер құқық қорғау органдарының назарына жолданады. Тек мемлекеттік тапсырысты игеру мақсатында құрылған «қызмет көрсету» ұйымдарының жұмысына тосқауыл қою қажет. Жалпы, Халық Кеңесі қоғамға ұйытқы болуға тиіс. Елімізде көптеген консультативтік-кеңесші орган бар, алайда басым бөлігінің қызметі шашыраңқы, бір-бірін қайталайды. Олардың жұмысын үйлестіріп, сараптамалық әлеуетін біріктіру және келіп түскен ұсыныстарды жүйелеу Халық Кеңесіне жүктеледі.
Тазалық пен тәртіп, әлеуметтік масылдықтан арылу, еңбекқор болу. Ұлт дегенде ұсақ-түйек мәселе жоқ. Бәрі керек, бәрі маңызды. Қоғамда жаңа этика қалыптастыру ісінде – Халық кеңесінің мүшелері елеулі үлес қосуы керек деп санайды президент.
- Қазақстан Халық Кеңесі – баламасы жоқ, мүлде жаңа, инновациялық институт. Әділетті Қазақстанның жарқын символы саналатын бұл құрылымның жөні де, жолы да өзгеше. Сондықтан Кеңестің алғашқы мүшелеріне зор жауапкершілік жүктеледі. Осы мәртебелі әрі беделді құрылымның табысты жұмысы сіздердің табанды еңбектеріңізге байланысты болмақ. Сіздер қоғамның мемлекетке деген сенімін нығайтып, ел бірлігін күшейтуге жол ашатын игі істердің бастауында боласыздар. Әрине, жол бастау оңай болмасы анық. Бірақ бір жағынан, бұл – үлкен құрмет және зор мүмкіндік.
Сөз соңында Президент ескерту жасады: Кеңестің қызметі қағазбастылыққа айналып кетпеуі қажет. Бұл біздің қоғамның дерті екенін біліп алса керек. Сонымен, Халық кеңесі жұмысын бастады. Ол келелі істердің ұйытқысы бола ала ма, уақыт көрсетеді.
Автор: Сағыныш Әбікей.