Елордада ауқымды медиа апталығы басталды. 2017 жылдан бері өткізіліп келе жатқан Astana Media Week форумы бір алаңда жүздеген отандық және шетелдік сарапшылардың басын қосты. Дәстүрлі іс-шараның биылғы тақырыбы – жасанды интеллект арқылы журналистика саласын дамыту.
Құралай Жұмахан, тілші:
-Биылғы форум бұрынғыдан өзгерек. Бүгінгі алаңда жасанды интеллект дәуіріндегі журналистиканың дамуы талқыға түсуде. Ара-тұра нейрожелі журналистің орнын басатыны айтылып қалады. Десе де, медиа апталыққа келген мамандар жасанды интеллект қауіп емес, мүмкіндік деп отыр. Яғни ол аудионы мәтінге айналдыру, транскрипция жасау, статистиканы талдау сияқты жұмыстарды атқарып, журналист өз уақытын терең зерттеуге, сараптама жасауға жұмсайтын болады.
Қанат Ысқақов, ҚР мәдениет және ақпарат бірінші вице министрі:
-Жасанды интеллект дәуірінде шынайы және жалған ақпаратты ажырата білу, фейк контенттермен күрес те кезек күттірмейтін мәселе. Бүгінгі шараға қатысып отыған Euronews, Meta, Tik-Tok және Q.AI компанияларының өкілдері де осыны құптап отыр.
Медиа апталықтың іскерлік бағдарламасы мемлекеттік органдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өзара іс-қимылы, өңірлік редакцияларды қолдау мәселелерін қамтып отыр. Ал форумның практикалық бөлімі сала қызметкерлерінің кәсіби құзыретін арттыруға бағытталуда. Сала сарапшылары жасанды интеллектіні пайдалана отырып, көптілді хабар таратуға, бизнес-аналитикаға, жасанды интеллект көмегімен цифрлық шешімдер әзірлеуге басымдық беріп отыр.
Форум 16 қазанға дейін жалғасады. Ертең еліміздің ақпараттық саясатының жаңа ережелері талқыланып, нейрожелі көмегімен цифрлық өнім жасау бойынша шеберлік сыныптары өтеді. Және үздік баспасөз хатшысы мен баспасөз қызметі анықталатын болады. Ал форумның соңғы күні «Қазақстан Медиа Эвордс» аясында «Тұмар» және «Үркер» сыйлықтарының иегерлері белгілі болмақ. Ауқымды телевизиялық байқауда биыл алғаш рет жасанды интеллект саласындағы үздік медиажоба үшін арнайы марапат тапсырылады.
Авторлары: Құралай Жұмахан, Қанат Әбілдин