Бүгін Мемлекет басшысы Бельгиялықтар Королі Филипп пен Патшайым Матильданы елорда әуежайынан шығарып салды. Мәртебелі меймандардың Қазақстанға сапары Алматыда жалғасады. Корольдік жұп этно-ауыл мен қаланың мәдени көрікті жерлерін аралайды.
Еске салайық, сапар бағдарламасында қонақтарды қазақ халқының бай рухани мұрасымен және салт-дәстүрімен таныстыруға ерекше мән берілген. Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаевтың резиденциясына барған кезде корольдік жұп шет мемлекеттердің басшылары елімізге сыйға тартқан асыл тұқымды жылқыларды тамашалады. Король мен патшайымға сәйгүліктердің шығу тегі, оларды күтіп-баптау ерекшеліктері туралы ақпарат беріліп, ұлттық ат спорты ойындары көрсетілді.