Қазақстан Халық Кеңесінің Төрағасы Ерлан Қошанов Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барып, «Жаңа қоғамдық этика: мәдениет, әдеп, әдет» атты республикалық форумға қатысты.
Бұл Президент тапсырмаларын жүзеге асыру аясында конституциялық органның өңірлерде өткізген алғашқы іс-шарасы. Диалог алаңында мыңнан астам қоғам өкілі, белсенді аналар мен сарапшылар бас қосты.
Жиында ұлттық тәрбие мен қоғамдық мәдениеттің сабақтастығын дәріптейтін маңызды мәселелер талқыланды. Ерлан Қошанов форум қатысушыларына Президент құттықтауын оқып берді.
Ерлан Қошанов, Қазақстан Халық Кеңесінің төрағасы:
- Баршаңызға мәлім. Қазір еліміз тарихи өрлеу дәуіріне қадам басты. Ел өмірінің барлық саласында ауқымды реформалар жүзеге асырылып, мемлекеттік басқару жүйесінде түбегейлі өзегірстер жасалып жатыр. Осындай тағдыршешті кезеңде біз біртұтас ұлт болып Жаңа Конституциямызды қабылдадық. Конституция – еліміздің өсіп-өркендеуіне жол ашатын қастерлі құжат әрі халқымыздың жаңа дәуірдегі болмыс-бітімін айқындайтын темірқазығы. Сондықтан бәріміздің алдымызда тұрған аса маңызды мақсат – Конституциямыздың басты құндылықтары мен мән-мағынасын халық арасында, әсіресе жастарға жан-жақты түсіндіріп, кең ауқымда дәріптеу.