Мәжіліс Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс жобасын мақұлдады
Мемлекеттік органдар өз шемімін қоғаммен бірлесе шығаруы тиіс. Мәжіліс депутаттары әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
Ал жекелеген саяси лауазым иелеріне біліктілік талаптары белгіленеді. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері туралы заң жобасында көрсетілген.
Бүгінде қоғамдық-құқықтық дауларда мемлекеттік аппарат пен арызданушы азаматтың құқығы тең емес. Осы келеңсіздікті Мәжіліс мақұлдаған жаңа әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс шешуі тиіс. Құжатта азаматтарды басқарушылық шешімдерді қабылдауға белсенді қатыстыратын кепілдіктер жиынтығы бекітілмек. Ең бастысы, азаматтардың құқығын қорғаудың тиімді тетіктері белгіленіп, мемлекеттік мекемелердің шешімін өзгертуге жол бермейтін сенім құқығы қағидаты енгізілмек.
Марат Бекетаев, ҚР Әділет министрі:
- Негізгі ереже бойынша билік өкілі түпкілікті шешім қабылдамас бұрын азаматтың пікірін тыңдауға міндетті болады. Енді міндетті түрде Сотқа дейінгі шағымдану институты енгізілмек. Бірақ бұл салық және кеден дауларына қатысты болмайды. Шағым 15 күнге дейін жедел қаралуы тиіс.
Сондай-ақ Сот бақылау институты да енгізілгелі отыр. Онда сот талаптары дер кезінде орындалмаса, 100 АЕК-ке дейін қаржылай жазаны бірнеше рет қолдану қарастырылған. Заң 2021 жылдың 1 қаңтарында күшіне енеді. Депутаттар сот жүйесінің әкімшілік әділет органы аясында дауларды қарауға дайындығын сұрап білді.
Айгүл Қыдырбаева, ҚР Жоғарғы сотының мамандандырылған алқа төрағасы:
- Жоғарғы сот асықпай жүйелі түрде жұмыс жасауға 2022 жылдың 1 қаңтарында дайын болады. Ал егер қажеттілік болса, 2021 жылдың 1 маусымынан бастай аламыз. Тек ұйымдастыру жағына жарты жыл азырақ, себебі конкурс өткізетін боламыз.
Мәжіліс төрағасы екінші оқылымға дейін нақты мерзімін бекітуді талап етті. Кодекс қабылданса, мамандандырылған әкімшілік соттар жұмысын бастайды. «Халықтың құқығы әділетті қорғалуын қамтамасыз ету керек», – деді Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин.
Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
- Осы Кодекс арқылы қоғамның басқару шешімдеріне белсене қатысуына кең жол ашылып отыр. Ең бастысы, қандай даулы жағдай болса да, алдымен азаматтардың құқықтарын тиімді қорғаудың жаңа механизмдерін қарастыру көзделген. Сонымен бірге судьялардың да мүмкіндіктері күшейетін болады.
Мәжіліс депутаттары Мемлекеттік қызмет туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
«А» корпусының кадрлық резерві тиімсіз. Енді оны жасақтау тоқтатылмақ. Талаптарға сай келмейтіндіктен, тағайындаулардың 66% бұл резервтен жасалмайды. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының мемлекеттік қызмет туралы заң жобасын қарауы кезінде айтылды. Заң негізінде енді «Дипломмен ауылға» бағдарламасының игілігін мемлекеттік қызметшілер де көретін болады.Себебі ауылдарға 1000-нан астам білікті кадр жетіспейді.
Анар Жайылғанова, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрайымы:
- Ауылдық округтерде мемлекеттік қызметке баратын қызығушылық жоқ. Бізде конкурстар көп жарияланады, бірақ ол конкурстар өтпей қалады. Өйткені ол жерде үміткер жоқ, ешқандай әлеуметтік пакет жоқ.
Құжатта жекелеген саяси лауазымдарға біліктілік талаптарын белгілеу ұсынылып отыр. Ол қолданыстағы құжатта жоқ.
Серік Құсайынов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Саяси қызметке әр жерде бір ай немесе бір жыл қызмет етіп келген адамдар емес, тәжірибелі, білімді мамандардың келуі маңызды. Не себепті жобада жекелеген саяси лауазым иелеріне ғана біліктілік талаптары белгіленбек? Олар қандай қызметтер?
Анар Жайылғанова, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрайымы:
- Бүгінде министрдің немесе облыс әкімінің орынбасары қызметінде тәжірибесі жоқ адамдарды тағайындау проблемасы бар. Сондықтан осы қызметтерге біліктілік талаптары белгіленеді.
Мәжіліс төрағасы осы ретте қабілеті жоқтарды емес, тиімді әрі сапалы жұмыс жасай алатындарды ынталандыру ережелерін бекітуді ұсынды. Себебі халық бәрін көріп,біліп отыр. Тағы бір өзгеріс: мемлекеттік қызметшілерге арналған конкурстық рәсімдер оңтайландырылып, 14 күнге қысқарады.
Авторлары: Индира Жылқайдарова, Дәурен Жұрхабаев