Елбасы «Ядролық сынақтардан азат әлем үшін чемпион» мәртебесіне ие болды
Елбасы «Ядролық сынақтардан азат әлем үшін чемпион» мәртебесіне ие болды.
Бұл туралы БҰҰ Бас ассамблеясында жарияланды. Іс-шара Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күніне орай ұйымдастырылған. ҚР ұсынысы бойынша халықаралық қауымдастық бұл шараны жыл сайын тамыздың 29-ы атап өтеді. Биылғы сессия онлайн форматта өтті.
29 жыл бұрын, 29 тамыз. Қазақстан тарихындағы елеулі даталардың бірі. Қазақстан ядролық қарудан бас тарту жөніндегі маңызды шешім қабылдап, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы» Жарлыққа қол қойды. Осылайша қазақ үшін 40 жылдық қасірет аяқталды. 465 ядролық қару сынағынан жалпы саны 1,5 млн қазақстандық зардап шекті. Тұтас бір буын ядролық сынақтардың салдарынан денсаулықтарынан айырылды.
2009 жылдың 2 желтоқсанында БҰҰ Бас ассамблеясы 29 тамызды «Дүниежүзілік ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні» деп жариялады. Содан бері он жылдан асты, мұқым әлем атап өтіп келеді. Биыл да күрделі жағдайға қарамастан БҰҰ Бас ассамблеясы арнайы онлайн отырыс өткізді. БҰҰ-ның қарусыздану мәселелері бойынша жоғарғы өкілі Идзуми Накамицу іс-шараға қатысушыларға ұйымның Бас хатшысы Антониу Гутерриштің үндеуін жеткізді.
Изуми Накамицу, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары:
- Коронавирус індетіне қарамастан ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдар халықаралық күнін атап өту маңызды деп санаймын. Бәріміз ядролық сынақтардан экология мен экономикаға орасан зор зиян келгенін білеміз. Зардап шеккен бейбіт жандар қаншама. Ядролық сынақтарға тыйым салуды кешеуілдетуге еш себеп жоқ. Әлемдегі барлық елді ядролық сынақтарды жаппай тыйым салу келісімшартына қол қойып, бекітуге шақырамын.
ХХ ғасырдың басында ядролық арсенал АҚШ, Ресей, Қытай, Ұлыбритания және Франция секілді мемлекеттердің қолында болса, қазір олардың саны 40-қа жетіп отыр. Бұл – тұтас тіршілік пен адамзаттың жойылып кетуіне апаратын тұйық та қатерлі жол. «Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу» жөніндегі шартқа 184 мемлекет қол қойып, олардың 168-і ратификациялады. Шарт толық күшіне енуі үшін ядролық потенциалы едәуір үлкен мемлекеттер оны ратификациялауы тиіс. Елбасы конференция қатысушыларына үндеу жолдап, бұл ретте күш біріктіруге шақырады.
Мұхтар Тілеуберді, ҚР Сыртқы істер министрі:
- 1991 жылы тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан жер бетінде қуаты жағынан 4-орынды иеленген ядролық қарудан өз еркімен бас тартты. Тарих бұл шешімнің дұрыстығын дәлелдеді. Біз осындай қадаммен өркендеу мен гүлденуге болатынын көрсеттік. Себебі адамзат баласының болашағы ядролық қарусыз әлемге ғана байланысты.
Нұрсұлтан Назарбаев ядролық қару-жарақты кезең-кезеңмен қысқарту жөнінде халықаралық келісімшартты дайындау үшін АҚШ, Ресей, Қытай және ЕО қатысуымен төртжақты саммитті өткізуді ұсынды және мұндай бейбіт мақсаттағы басқосулар үшін Қазақстанның бас қаласы әркез әзір.
Джонатан Граноф, Global Security институтының директоры:
- Қазақстан ядролық сынақтарға қарсы қозғалысқа зор үлес қосты. Сіздің еліңіз жойқын қарудан бас тартып, онсыз да өмір сүруге болатынын дәлелдеді. Сондықтан да Қазақстан әлемнің өзге елдеріне үлгі әрі өз тәжірибесін насихаттауға толық моральдық құқығы бар деп санаймын.
Әлімжан Ахметов, «Халықаралық қауіпсіздік және саясат орталығы» ҮЕҰ директоры:
- Өкіншіке қарай ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу жөнінде келісімшарт әлі күшіне енген жоқ. Құжатқа әлі сегіз мемлекет қол қоймады. Тіпті қазір кей елдің ядролық сынақтарды өткізетіні туралы мәлімдемесі әлемді алаңдатып отыр. Қазақстанның бұл туралы айтып, қажет бастамаларды қолға алуға моральдық құқығымен бірге жауапкершілігі де бар.
Қазақстан мен еліміздің Тұңғыш Президентінің ядролық қарусыз әлем құруға қосқан орасан зор үлесін ескере отырып «Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу» ұйымының бас хатшысы Лассина Зербо Нұрсұлтан Назарбаевқа «Ядролық сынақтардан азат әлем үшін чемпион» мәртебесін беруді ұсынды. Осылайша Қазақстанның Тұңғыш Президентінің ядролық қарусыз әлем құрылысына қосқан үлесін жаһан тағы бір мәрте мойындады.
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Ренат Садыров, Болат Көкенайұлы