Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің алғашқы отырысы өтті
«Проблемалар мен міндеттерді еш бүкпесіз ашық айтуға тиіспіз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Биылғы жылды Қазақстандағы реформалар жылы деп айтуға әбден болады. Саясат, құқық, мемлекеттік басқару жүйелері түбегейлі болмаса да өзгерді. «Және реформалар жалғаса береді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйектегі Жолдауында. Жолдаудан кейін тура екі аптадан соң Президент Реформалар жөніндегі жоғары кеңес құру туралы Қаулыға қол қойды. Кеңестің төрағасы – Президенттің өзі. Кеңестің 8 мүшесі бар.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Бүгінде әлем жүртшығылығы, соның ішінде біздің елімізде күрделі кезеңді бастан өткеруде. Үкімет және тұтас басқару жүйесі жедел шараларды қолданып, іске асыруда. Көзқарас түбегейлі өзгеріп жатыр. Сондықтан біздің алдымызда мемлекеттік стратегия мен тәсілін өзгерту міндеті тұр. Ел азаматтары бізден тың көзқарас пен мүлде жаңа шешімдер күтіп отыр. Бұл тұста реформалар жөніндегі жоғарғы кеңес негізгі рөл атқаруға тиіс. Ұлттық экономиканың бәсекеге қабілетін күшейтіп, халықтың әл-ауқатын арттыру үшін дәл осы кеңесте өте күрделі мәселелер жөнінде шешімдер қабылданатын болады.
Өзгешелік, ашықтық. Кеңестің қызметі осы екі қағидатқа құрылу тиіс. Президенттің пікірінше, кеңестің жұмыс тәсілі басқа консультативтік-кеңесші органдардан түбегейлі өзгеше болуы керек. Сондай-ақ қоғамның проблемаларын бүгіп қалмауы тиіс. Яғни бұл алаңда проблемалар мен міндеттер ашық айтылуы тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Жай ғана фактілерді көрсетумен, дамып жатқан жағдайды сипаттаумен шектелуге болмайды. Ең бастысы – қажетті шешімдерді уақытылы қабылдау. Бұл дегеніміз, кеңес алдын ала дайындалған ұсыныстарды мақұлдамауы керек, олар көбінесе жұмыс істемейді. Және бұл орган ұзақ ведомствоаралық дауларға түпкілікті нүкте қоюы керек. Кеңестің міндеті – ұлттық экономиканы, қоғамдық дамуды, институционалдық реформаларды басқаруда жаңа бағдар беру.
Қазақстан Президенті кеңес аясында реформалардың әрбір негізгі бағыты бойынша алты жұмыс тобын құруды ұсынды, оған кеңес мүшелерінен басқа лауазымды тұлғалар, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, халықаралық және отандық тәуелсіз сарапшылар кіре алады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Жоғарғы кеңес ережесіне сәйкес реформалардың басты бағыттары бойынша жұмыс топтарын құруды дұрыс деп ойлаймын. Олардың құрамына кеңес мүшелерінен бөлек жауапты тұлғалар, қоғам өкілдері, халықаралық және отандық тәуелсіз сарапшылар кіруі керек. Бірінші топ тиімді макрэкономика саясаты бағыты болады. Сэр Сума Чакрабарти бұл бағытта табысты жұмыс атқарады деп сенемін. Олар ақша-несие және фискалдық саясаттың тиімділігі, салық жүйесі, қаржы секторының тұрақтылығын қамтамасыз ету сияқты міндеттерді ескеруі керек.
Төрағаның орынбасары – Сэр Сума Чакрабарти. Оның Ұлыбританияның мемлекеттік қызмет жүйесін реформалауда тәжірибесі мол деседі. Еуропалық қайта құру және даму банкінің экс-президенті. Чакрабарти басшылық еткен жылдары қаржы институты Қазақстанға 9 миллирд доллар көлемінде инвестиция салған. Бүгін Президент Сума Чакрабартиге бірінші топ ақша-несие және фискалдық саясаттың тиімділігі, салық жүйесі және қаржы секторының тұрақтылығы сияқты міндеттерді тапсырды.
Сума Чакрабарти, ҚР Президентінің кеңесшісі, Реформалар жөніндегі жоғары кеңес төрағасының орынбасары:
– Құрметті Призидент, бірінші кезекте, сізге мені шақыртқаныңыз үшін үлкен алғысымды айтамын. Біздің жұмысымыз – Тұңғыш Президеттеріңіз негізін салып кеткен стратегиялық бағытты жалғастыру. Ол – табысты арттыру, көлік, тамақ қауіпсіздігі басқада салаларды дамыту. Сондай-ақ инвестициялық климатты жақсарту, аймақтарды өз ерекшеліктерін ескере отырып дамуыту керектігі туралы да нақты тапсырма жүктелді. Құрметті Президент, сіз жалпы Қазақстанның экономикалық ахуалын оңалтудың барлық бағытын нақтылып бердіңіз.
Президент Әкімшілігінің басшысы Ерлан Қожанов бастаған екінші топ сот және құқық қорғау жүйелерін реформалау мәселелерін әзірлейтін болады. Мемлекет басшысы бұл бағытта ауқымды жұмыс күтіп тұр деп санайды. Тағы бір топ әлеуметтік саланы «қайта жүктеуге» шоғырланатын болады. Қасым-Жомарт Тоқаев оның тапсырмасы бойынша Қазақстан үшін мүлдем жаңа құжат – Әлеуметтік кодекс әзірленіп жатқанын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев: Қазақстан Республикасының Президенті:
– Әлеуметтік саланы қайта қарау қажет. Менің тапсырмам бойынша, Әлеуметтік кодекстың жобасы әзірленіп жатыр. Қазақстанда бұрын-соңды мұндай құжат қабылданған емес. Ол азаматтар мен билік арасындағы қарым-қатынасты жүйелеуге бағытталған. Сондай-ақ мектепте білім алудан бастап, зейнетке шыққанға дейінгі әлеуметтік қамтамасыз ету тетіктерін нақтылайды.
Сондай-ақ экономиканы әртараптандыру тобы құрылады. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл біздің еліміз үшін баламасыз жол екеніне нық сенім білдірді. Сонымен қатар оның пікірінше, нақты жұмыс істейтін механизмдер әлі де жеткіліксіз. «Әзірге шикізат өндіру, қайта сатумен айналысу, мемлекеттік тапсырыстардың «инесіне» отырумен шектеліп келеміз», – деп бір түйреп өтті.
Френсис Мод, халықаралық сарапшы:
– Қазақстанның күшті әрі сенімді өз ұстанымы бар. Бұл жетістікке жетудің басты көзі. Енді ол түрлі талдау және зерттеулермен толыға түсуі және реформалар арқылы іске асырылуы керек. Сол үдерістердің артықшылықтарын Үкімет пен халық көріп, сезініп тұрған кезде, әрине, жетісікке жетесіздер.
Жоғарыда аталған екі топтың жұмысы Премьер-министрдің басшылығымен ұйымдастырылады. Бесінші топта Үкімет пен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері бизнес-реттеу мәселелерімен айналысатын болады. Ал Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Тимур Сүлейменовтің басшылығымен алтыншы топтың қызметі қазіргі заманғы мемлекеттік басқару және тиімді мемлекеттік қызметтер мәселелеріне арналады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Біздің алдымызда мемлекеттік аппарат қызметін жаңа сапалық деңгейге көтеру міндеті тұр. Ол дұрыс шешім қабылдай алуы және нақты жетістікке жету жауапкершілігін сезіну керек. Бұл белгілі деңгейде қызметке сандық технологияларды ендірумен тікелей байланысты. Оны кешіктіруге мүлдем болмайды.
Қазақстан Президенті өз сөзін аяқтай келе, біздің алдымызда маңызды мемлекеттік маңызы бар міндеттер тұрғанын тағы бір ескертті. Келер жыл –мерейлі жыл. «Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығын нақты істермен қарсы алуымыз керек», – деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Келесі жыл – мемлекетіміздің тәуелсіздігінің 30 жылдығы. Бұл атаулы күнді біз мерекелік іс-шаралармен емес, нақты істермен қарсы алуымыз керек. Тәуелсіздіктің 30 жылдығын екпінді, нәтижелі еңбекпен атап өту керек. Әңгіме, ең алдымен, біздің азаматтарымыздың әл-ауқатын қамтамасыз етуге бағытталған тиімді реформалар туралы болып отыр.
Авторы: Гүлжан Марқабай