Ауыл шаруашылығы саласын дамыту керек
Түркістан облысында шаруалар тонна-тонна қойдың жүнін өртеуге мәжбүр. Себебі шикізатқа сұраныс жоқ. Базарға апарғанымен, ешкім сатып алмайды. Сондықтан фермерлер қойдың жүнін пайдаға асырудың жолын таппай келеді. «Ауыл» партиясының өкілдері өңірдегі шаруалармен кездесіп, мәселелерін тыңдады.
Ордабасы ауданындағы мына шаруашылықта 7 мың бас қой бар. Ордабасы тұқымы еті әрі жүні сапалы келеді. Алайда ауылшаруашылығы саласын жақсы білетін Лесбек Ағабекұлы үшін бұл қуанарлық жағдай емес. Өйткені нарықта жүнге сұраныс жоқ.
Аманбек Бекман, зоотехник:
– Біздің қойлардың жүні қанша сапалы болғанымен, сұраныс жоқ. Ешкім алғысы келмейді. Қайда өткізерімізді білмейміз. Бұрындары жеңіл өнеркәсіпке алатын еді. Қазір ол да жоқ.
Нарықта сұраныс болмағандықтан облыстағы кейбір шаруашылықтар қойдың жүнін өртеуге мәжбүр. Өйткені ұсақ мал жылына екі рет қырқылады. Бір қойды қырқудың құны 300 теңге тұрады. Ал тонналаған шикізат пен малдың терісін шаруалар қайда өткізерлерін білмейді. Өңір шаруаларымен кездескен «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының өкілдері жоғарыға ұсыныспен шығтындарын жеткізді.
Лесбек Ағабекұлы, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының өкілі:
– Ауылдың деңгейін көтеру үшін, елдің экономикасына үлес қосу үшін «Агропромбанк» құрылса деп отырмыз. Бізде халықтың қарнын тойдыру үшін, әлеуметтік жағдайын көтеру үшін тек қана ауыл шаруашылығын қолдау керек. Қойдың өзін алсақ, жүні есепсіз қалды қазір. Өңдейтін зауыт-фабрика жоқ. Сондай ұсыныс жасаймыз біз енді.
Бұдан бөлек қазір көптеген шаруалар малдың жем-шөбінен қиындық көріп отыр. «Мал бар, бірақ оны жаятын жайылымдық жер жоқ», – дейді шаруалар. Жердің көпшілігі жекенің қолына өтіп кеткен. Жайылымдық жер жылдан-жылға тарылып бара жатқанын айтады.
Бауыржан Оразалиев, шаруа қожалығының басшысы:
– Бірінші мәселе – жайылым. Жайылым өте тар. Айналамыздың бәрі егістік, көбейіп кеткен. Ауыстырып, жаятын, көшетін жер жоқ. Біз көшпейміз. Жүн мен теріні өңдейтін зауыттар жұмыс істесе…
«Ауыл» партиясының мүшелері төрт түлік ауылдың берекесі ғана емес, тіршілік көзі екенін айтады. «Елдің экономикасы өркендеп дамуы үшін ауыл шаруашылығы саласын дамыту керек», – деп есептейді. Сол үшін жүн мен теріне өңдейтін зауыттар салып, шаруаларға төмен пайызбен несие беруді ұсынып отыр.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш