Хабар телеарнасы

Көппартиялы жүйенің нақты дамуына алғышарттар жасалды

Осы жайлы саясаттанушы Қазбек Майгелдиновпен тікелей қосылымға шығып, пікірін білген едік. 

Жүргізуші:

– Мемлекет басшысы саяси партиялардың Мәжіліске өтуі үшін 7 проценттік көрсеткішті 5 процентке дейін төмендету қажеттігін айтты. Бұл бәсекелестікті қаншалықты арттырады?

Қазбек Майгелдинов, саясаттанушы:

– Бүгін Президент Мәжілістің VII шақырылымының бірінші сессиясында бірнеше саяси реформалар бойынша бағыттарды атап өткен болатын. Соның бірі – Мәжіліске өтетін саяси партиялардың межесін 7 проценттен 5 пайызға төмендету. Бұл негізінен Қазақстандағы көппартиялы жүйені дамытуға қосқан үлесі деп білемін. Өздеріңіз білесіздер, бұған дейінгі саяси реформалар пакетінде саяси партияларды тіркелуге 40 мыңнан 20 мыңға дейін азайтқан болатын. Ендігі таңда алдағы сайлауда саяси партиялардың жалпы саяси үрдістегі бәсекелестікті арттыру мақсатында, сонымен қатар көппартиялы жүйенің нақты дамуына алғышарттар жасалды деп ойлаймын.

Жүргізуші:

– Ал енді Президент: «Жаңа стандарттарға сәйкес, 3500-ден астам ауылды жаңғыртамыз», – деді. Сіздің ойыңызша, нақты қай бағытқа басымдық беру керек? Жаңа бағдарламалар қажет пе?

Қазбек Майгелдинов, саясаттанушы:

– Президенттің атап өткен жергілікті биліктің рөлін арттыру мақсатында биылғы жылы ауылдың әкімдерін тікелей сайлауды ұсынып отыр. Сонымен қатар бүгінгі сөз сөйлегенінде: «Алдағы күндері бұл аудан әкімдерін де тікелей сайлауға көшеміз», – деді. Яғни қазіргі таңда Президент аймақтардың саяси үрдістерін арттыру мақсатында осындай реформаларды жасауды ұсынып отыр. Бұл алдағы күндері мүмкін облыс, республикалық қала басшыларын да осылай тікелей сайлау арқылы сайлау үрдісін жүргізуге негізінен бастама деп есептеу керек. Бұл жалпы қазіргі таңдағы өңірлердегі саяси үрдістерді нығайтуға бағытталған шешім.

Жүргізуші:

– Қазбек мырза, уақыт бөліп сұрақтарымызға жауап бергеніңіз үшін рахмет!