Мәжілісте республикалық бюджет барысы талқыланды
570 млрд-тай теңге дұрыс игерілмеген. Бүгін Мәжіліс депутаттары Есеп комитеті мен Қаржы министрлігінің қазына қаржысының атқарылуы туралы есебін тыңдады. Қаражатты сауатсыз жоспарлау, орындаудағы олқылықтар, жобаларды толық қаржыландырмау сияқты кемшілік көп. Мәжілісмендер әр саладағы проблеманы ашып, қазына қаржысын толтырудың қамын ойлау қажеттігін айтты.
Былтыр бюджеттің 570 млрд теңгесі тиімсіз жұмсалған. Есеп комитетінің төрағасы халықты еңбекпен қамту, табысын арттыруға қатысты қаражаттың қалай жұмсалғанын мысал етті. Бар соманың 14% ғана ұзақмерзімді жобаларға бағытталған, қалғаны жөндеу, көгалдандыру секілді ұсақ мақсаттарға кеткен. Жұмыссыздықты 4,9% деңгейінде сақтап қалу мүмкін болғанымен, көбіне-көп уақытша жұмыс орындары құрылған. Былтыр жол картасына сәйкес жұмысқа орналасқан 239 мың адамның 11 мыңы ғана тұрақты еңбек етіп жүр.
Ғалымжан Елеуов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Жұмыспен қамтудың жол картасын іске асыруға 976 млрд теңге және «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына 180 млрд теңге бөлінгені көрсетілген. 1,2 трлн теңгедей қаражат бөлінгеніне қарамастан халықтың нақты ақшалай табысы 3% төмендегені көрсетілген. Ең төменгі күнкөріс деңгейінің аз табыс алатын халықтың үлесі 4,3%-тен 5,3% дейін артты. Қомақты мемлекеттік қаражат жұмсалғанымен әлеуметтік экономикалық әсер неліктен төмен болып отыр?
Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:
- Ең қиын жағдайлар Төтенше жағдай кезінде болды. 4,6 млн адам жұмыссыз қалған жағдайларға жеткен болатын. Нақты шектеу шараларын қабылдауға дейін бардық. Ол кезде жұмыссыздық деңгейі 54% дейін жетті. Үкіметте нақты шаралар қабылданып, біраз мемлекеттік бағдарламалар жұмыс істеді, жұмыспен қамтудың деңгейін 94% дейін жеткіздік. Жұмыссыздықты 4,9% сақтап қалдық. Жұмыссыздық 7,5% -ке дейін кетерілді. 1,4 млн адамды жұмыспен қамтыдық.
Мәжіліс төрағасы халықтың әл-ауқатын арттыру үшін уақытша жұмыс емес, тұрақты нәпақа көзін ұсыну қажеттігін айтты. Иә, қиын кезеңге қарамастан былтыр бюджеттің 44% әлеуметтік секторға бағытталған. Депутаттар бюджет бүйірін қомпайтуы тиіс 275 салықтық жеңілдіктің тиімділігін сараптап зерттеуді ұсынды. Себебі бұл – Президент тапсырмасы. Бюджетті тиімсіз жоспарлау 10 есеге артқан, мәжілістегі әр фракция өкілі үкіметке өз ұсынысын айтты.
Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Қоғамда әкімдіктердің мектеп, қоқыс полигондарын салуға жұмсаған шығындары дау тудырып жүр. Типтік жобалардағыдан 5-6 есеге қымбат әр мектепті 7,5 млрд теңгеден салмақшы болғанда, ақ жолдықтар қарсы шыққан болатын. Зәулім нысандар салғанша ауылдардағы 3 ауысымдық жүйені жеңілдтепей ме? Мемлекеттік жекеменшік әріптестік негізде салынса, ол қазына қаржысы емес деп санау дұрыс емес. Ол – жергілікті органдардың мойнындағы қарыз.
Айқын Қоңыров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Үкіметке айтарымыз, әлеуметтік салаға бағыттау басым болған бюджет дегеніміз – жүз мыңдаған адамға өлместің күнін көру үшін там-тұмдап тиын-тебен тарату емес. Әлеуметтік бағыттағы бюджет азаматтардың табысын арттырып, экономиканың өндірістік секторының тұрақты өсімін қамтамасыз етуі тиіс.
Былтыр үкімет ұлттық қор түсімдерінің 96% жұмсауға мәжбүр болған. Тіпті кей жобалардан 64 млн теңге қорға түспей қалған. Мемлекеттік қарыз өсіп, 20,6 трлн теңгеге жеткен. Бұл ішкі жалпы өнімнің 29,4%. Яғни концепцияда бекітілген лимит 27%-тен көп. Үкімет былтыр бюджет тапшылығын қаржыландыру үшін 297 млрд теңге сыртқы қарыз алған. «Жөн-жосықсыз қарыз алуды тоқтату үшін мемлекеттік органдардың бірінші басшыларын жазалау тәжірибесін енгізген жөн», – деді депутаттар.
Дәния Еспаева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Сіздің пікіріңізше, әкімшілік бағдарламалар тиімді түрде жсопарланып,тиісті қаражат жүйелі жұмсалуы үшін қандай шаралар қолға алынуы керек?
Наталья Годунова, ҚР Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы:
- Бұл – ең алдымен жауапкершілік. Былтыр әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне өзгерістер енгізіліп, қазір бюджетті тиімсіз жоспарлауға қөатысты әкімшілік жаза бар. Бұл норма нәтижесін берді. Былтыр 8 өңірде мемлекеттік органдардағы бірінші басшылардан 11 адам жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ басшылардың 40% тәртіптік жаза тартты.
Биыл бюджеттің табыс бөлігі жоспардан артық орындалды. 22 млрд теңге артық табыс түскен. Десе де мұнай бағасының құлдырап, сыртқы сауда айналымындағы бәсеңдіктің экономикаға әсер етпей қоймағаны рас. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин: «Бастысы, қазір бюджет қаржысын тиімді игеруге күш салып, инвестициялық жобаларды қаржыландыру тетіктерін өзгерту қажет», – деді.
Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы:
- Былтырдан бері елімізде қалыптасқан жағдай баршаңызға белгілі. Бүкіл әлемді қамтыған коронавирус пандемиясы біздің өмірімізге де көптеген өзгерістер алып келді. Бірақ елімізді дамыту, халқымызды қорғау жолындағы мақсаттар, міндеттер, жұмыстар бір күнге де тоқтаған жоқ. Сондықтан әлеуметтік экономикалық тұрақтылықты сақтауға қатысты жұмыстар дер кезінде қолға алынды.
Мемлекеттік бағдарламалардың сапалы орындалуына келгенде қажетті заңнамалық база әзірлеп, үкіметпен қоян-қолтық жұмыс жасауға депутаттық корпус әзір.
Авторы: Индира Жылқайдарова