Қ. Тоқаев ҰҚШҰ мен ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының бірлескен отырысына қатысты
Бұл бастама – ауған халқын гуманитарлық апаттан сақтау жолы. Жиында Мемлекет басшысы Қазақстанның COVID-19 індетіне қарсы тағы екі жаңа вакцинасы әзірленіп, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының реестріне енгізілгенін айтты.
Рауан Мыңбаев, тілші:
- Душанбеде бұл күндері сынап бағанасы 30 градустан жоғары. Ерте көктемнен қоңыр күзге дейін осылай. Бұған жергілікті жұрт та, сырттан келген мейман да үйренген. Бірақ соңғы 2 күннен бері Тәжікстан астанасында саяси тұрғыдағы күн райы ерекше өзгеріп тұр. Душанбеде мұндай деңгейдегі саммиттер кейінгі бірнеше жылдан бері өтпеген. Кеше Ұжымдық қауіпсіздік ұйымы елдерінің кезекті сессиясы, ал бүгін Шанхай ынтымақтастығы ұйымының мерейтойлық саммиті басталды. Алғашқысына 5 елдің президенті қатысса, бүгінгі жиынға тағы 4 мемлекеттің басшысы келіп қосылды.
Тәжікстандағы аптап ыстық ең алдымен егін еккенге қолайлы. Биыл жеміс-жидек пен дәнді-дақылдың мол қоры жиналған. Бұл мерейтойлық саммитте байқалды. Президент саябағында меймандарға арнап бау-бақша өнімдерінен тау тұрғызылды.
Дегенмен жұрт назары Душанбенің Наурыз сарайына ауды. Сән-салтанаты жарасқан, шығысқа тән ортақ үлгіде салынған нысан жоғары мәртебелі қонақтарды сый-құрметімен қарсы алды. Қауіпсіздік, әсіресе, коронавирусқа қарсы шараларға баса мән берілген. Бұл кеңеске келгендердің сәлемдесуінен де байқалады.
Пәкістан мен Үндістан Шанхай ынтымақтастық ұйымына осыдан 4 жыл бұрын қосылған. Елордада өткен саммитте ресми түрде мәртебе алған болатын. Ал Иран және оның жаңадан сайланған президенті үшін бүгінгі саммит – мүлдем жаңа. Мемлекет басшылары сүбелі сөз, ұтымды ұсыныстарын кеңес отырысында айтты. Көптен бері «Шанхай сегіздігі» толық құрамда жиналмаған еді.
Бұл жолы да оффлайн форматтағы басқосуға кей елдің басшылары қатыса алмады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Ортақ күш-жігердің арқасында ШЫҰ әлемдегі табысты әрі беделді өңірлік бірлестікке айналды. Аталған ұйым жауапкершілік тұрғысынан зор демографиялық, қаржылық, шикізат ресурстарына, сондай-ақ қуатты технологиялық әлеуетіне сүйенеді. Ұйымның халықаралық байланыстары жылдам кеңейіп келеді. Үндістан мен Пәкістанның қосылуы ШЫҰ-ның күшеюіне ықпал етіп, оның жұмысына трансеуразиялық сипат бергені сөзсіз. Иранды толыққанды мүшелікке қабылдау рәсімінің басталғаны туралы шешім, сонымен қатар Мысыр, Сауд Арабиясы және Қатар елдеріне диалог бойынша серіктестер мәртебесінің ұсынылуы Ұйымның Таяу Шығыстағы беделін одан әрі арттыра түсті.
Ұйым қызметі барынша ашық. Қандай да бір блоктардың мүддесіне қарсы негізделмеген. Ендігі кезде де солай жалғаса береді. Мұны жиын барысында Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. Ұйым елдері 2022-2024 жылдарға арналған терроризм, сепаратизм және экстремизмге қарсы ынтымақтастық бағдарламасын қабылдады. Онымен бірге ақпараттық қауіпсіздікті нығайту мен коронавируспен бірлескен күрес мәселелері қозғалды.
Садыр Жапаров, Қырғыз Республикасының Президенті:
- Қырғызстан серіктес мемлекеттермен аймақта коронавирустың таралуын болдырмау жұмыстарын бірлесіп жүргізуге дайын. Сонымен қатар қытайлық, ресейлік және қазақстандық әріптестеріміз ұсынған Sinopharm, Спутник-V, QazVac вакциналары үшін алғыс білдіреміз.
Қазақстан – әлемде коронавирусқа қарсы вакцина шығарған санаулы мемлекеттің бірі. QazVac сәтті сынақтан өтіп, көршілес Қырғызстанға да жіберілген болатын.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біз аталған препаратты көрші елдерге гуманитарлық көмек ретінде тасымалдай бастадық. Сонымен қатар Қазақстанның «Naruvax-C19» және «Naruvax-C19/Nano» әзірлемелері COVID-19 індетіне қарсы үміткер вакцина ретінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының реестріне енгізілді. Ұйымға мүше мемлекеттерде вакцина төлқұжаттарын өзара тану рәсімінің жеделдетілуі және олардың көпжақты жүйеге біріктірілуі елдеріміз бастан өткеріп отырған қиындықтарды еңсеруге септігін тигізетініне сенімдімін.
Шанхай ынтымақтастығы ұйымы елдерінің көлік-транзиттік әлеуеті зор. Құрлықтық сауда жолдары көп. Теңіз арқылы тасымал тоқтаған кезде «Жаңа Жібек жолының» тиімділігі артты. Сондықтан мемлекет басшылары төтенше жағдай туындағанда тұрақты көлік инфрақұрылымын жалғастыру туралы келісімге келді. Осыдан кейін жиынға қатысушылар Ауғанстан мәселесін талқылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстанның инфрақұрылымдары мен логистикалық мүмкіндіктерін ескере отырып, Ауғанстанға халықаралық көмек жеткізу үшін Алматыда ШЫҰ-ның гуманитарлық «хабын» ұйымдасыруды ұсынамыз. Бұл қадам аймақтағы өткір мәселелерді шешу ісіндегі біздің Ұйымның рөлін арттыруға, сондай-ақ БҰҰ мен басқа да халықаралық құрылымдардың қызметіне үйлесімді түрде атсалысуға ықпал ететініне сенімдімін.
Ауғанстан халқы шектен тыс қиыншылықтармен бетпе-бет қалмауға тиіс. Қазақстан Президенті бұл ойын Шанхай ынтымақтастығы және Ұжымдық қауіпсіздік ұйымдарының бірлескен отырысында жалғады. «Ауғанстанның жаңа билігімен диалог орнату қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Мұндай байланыстар тәліптердің шынайы ниетін бағалауға, аймақтық тұрақтылықтың сын-қатерлеріне қатысты пікірлерін білу үшін қажет. Осы арқылы елмен сауда-экономикалық байланыстарды қалпына келтіруге мүмкіндік бар. Бұл тәліптерді ресми түрде мойындау деген сөз емес. Көп нәрсе жаңа әкімшіліктің алдағы нақты іс-әрекеттеріне және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тиісті шешімдеріне байланысты болатынын тағы да қайталап айтамын.
Саммит қорытындысында 24 құжатқа қол қойылды. Соның бірі – Шанхай ынтымақтастық ұйымының 20 жылдығына арналған декларация. Иран Ислам Республикасын ұйым қатарына қабылдау құжаты да ресми түрде бекіді. Президенттер келер жылы кең құрамда Өзбекстанда кездеседі. Енді Шанхай ынтымақтастығы ұйымының төрағалық міндеті осы мемлекетке тапсырылады.
Рауан Мыңбаев, тілші:
- Тәжікстан биыл екі бірдей ұйымға төрағалық етіп, екі күн қатарынан ауқымды саммит өткізді. Әлемдік деңгейде бұл сирек жағдай. Оның үстіне қазіргідей коронавирустық пандемия кезеңінде екі есе ауыртпалық жүктейді. Душанбе міндетін мінсіз орындап, жоғары мәртебелі меймандарды шығарып салып жатыр. Келер жылы тағы бір маңызды оқиға – Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының 20 жылдығы. Бұл әскери-ынтымақтастық мақсатта құрылған бірлестіктің ендігі саммиті келер жылы Ереванда өтеді.
Авторлары: Рауан Мыңбаев, Жандос Битабаров, Айдос Серікболұлы Алмас Омарғалиев