Қазақстан Африка елдеріне 430 бітімгер жауынгерін жібермек
Отырыста Сенат пен Мәжілістің екінші сессиядағы жұмысы қорытындыланды. Бұл сессияда заңнамалық жұмыстың айтарлықтай кеңейгені рас. Қос палата Үкіметпен бірлесіп, 80-ге жуық заң қабылдаған екен.
Орталық Африка, Конго демократиялық республикасы, Мали, Ливан. Міне, осы 4 елге Қазақстан 430 жауынгерін аттандырмақ. Олар Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгершілік миссияларына жіберіледі. Президенттің ұсынысын Қорғаныс министрі оқып берді. Жалпы біздің әскерилер бітімгершілікпен бұған дейін де айналысып келді.
2014 жылдан бастап 45 офицер Батыс Сахарадағы, Кот-д’Ивуардағы, Ливандағы миссияға қатысты. 2018-ден 520 әскери қызметші Ливандағы уақытша күштер миссиясын атқарып келгені мәлім. Енді жауынгерлерімізді сонау Африкаға жіберуге келіспес бұрын депутаттар олардың әлеуметтік жағдайы қалай болатынын сұрап алды.
Зарина Қамасова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Бітімгерлер ретінде жіберілетін қазақстандық әскери қызметшілерді әлеуметтік және медициналық қамтамасыз ету қалай жүзеге асырылатынын түсіндіріп беріңізші.
Руслан Жақсылықов, ҚР Қорғаныс министрі:
- Қатысу кезінде үш есе жалақы, қайтып келгеннен кейін мемлекет есебінен емделу, жыл сайынғы демалысқа екі апта қосымша демалыс, қатысу кезеңі жеңілдікті шарттармен 1-1,5 ай болып есептеледі.
Сөйтіп, Президенттің ұсынысын парламентарийлер қолдап, Қазақстан бітімгерлік миссияға жаяу әскер, медициналық, барлау, инженерлік, әскери полиция бөлімшелерін жіберетін болды.
Бұдан соң Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов парламенттің екінші сессиясын қорытындылады. 7 сайланған Парламент депутаттары екінші сессияда 127 заң жобасын қарады, оның 78-і қабылданды. 66- сына Президент қол қойған. Депутаттардың бастамашылық етіп, 27 заң жобасын әзірледі. 494 депутаттық сауал жолданды. Иә, биыл заңнамалық жұмыс ауқымы көбейді. Оған қосымша халықтың талабымен жекелеген органдардың баяндамалары тыңдалды. Тұтқиылдан келген арандатушылардың салдарынан болған қаңтар оқиғасы жайында желіде желөкпе ақпарат көп, халық депутаттардан әлі күнге оқиғаның себеп-салдарын білуді талап етеді.
Бақытбек Смағұл, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Мен сол абақтыда отырған азаматтарды көзіммен көріп, соларға барған адаммын, екінші мәселе бас прокурорға да кіріп шықтым. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жасаған өзіндік опасыздығы болатын болса, оның да өзіндік бір құпия жерлері бар шығар, олардың барлығы да укақытымен шешіледі және оны халық көп күтпейді, ол талап орындалады.
Бұл сессияда бүкілхалықтық рефрендум өткізіліп, конституциялық түзетулерді ел қолдады. Өңір аралаған депутаттар: «Халық бұрынғы енжарлықтан арылған», – дейді.
Мұхтар Жұмағазиев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Биылғы сессияда Конституциямызға өзгерістер енгізілді, референдум өткізілді, бұл жерде де депутаттарымыз бастамашылық жасап, біраз жұмыс жасады. Бұрындары да біз аймақтарға шығып жүрдік, халық қазір белсенді, қабылданатын заң жобаларына да атсалысады.
Бұл сессияда да әлеуметтік мәселеге көбірек ден қойылды. Мәселен, заңда азаматтардың жекелеген санаттарының жалақысы 20% арттыру нормасы бекіді. Сөйтіп, педагог, медицина қызметкері, кітапханашы секілді 1,2 млн азаматтық қызметшінің жалақысы өсті. Халықтың құқығын қорғау үшін қаншама құжат қабылданды.
Ләззат Сүлеймен, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Біз қызмет атқаратын Конституциялық заңнама комитеті бойынша 20 заң қаралды. Ол заңдар ең алдымен сот жүйесі және судьялардың мәртебесіне байланысты. Президентке қол қоюға жіберілген алаяқтық және қаржы пирамидаларына қарсы жауапкершілікті күшейтуге байланысты біздің комитетте қаралған болатын.
Заң шығаруда Парламент Үкіметпен етене тығыз жұмыс жасайды. Кей ведомстволар құжаттарды жеткілікті пысықтамайтынын депутаттар ашық айтып отыр. Бұл Мәжілісте де, Сенатта да қаралу сатысында кездеседі.
Елнұр Бейсенбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Осы сессияда мен шамамен 14 депутаттық сауал жолдадым. Кейде мардымсыз, әлсіз тікелей министрліктің тарапындағы бас сарапшының деңгейіндегі келетін жауаптар бар. Біздегі Үкіметтің әлсіз тұстарының бірі – ауылдағы ағайынмен көп кездеспеуі. Мәселелерді тыңғылықты білмейді, кабинеттен шықпаған министрден мардымды шешім табу мүмкін емес деп ойлаймын.
Президенттің халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасы аясында мәжіліс жанынан қоғамдық палата құрылды. Сенатта «Ұлттық мүдде» диалог алаңы жұмыс істей бастады.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы:
- Кезекті парламенттік сессияда заң шығару жұмысы ең алдымен Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жолдауында алға қойылған міндеттерді орындауға, конституциялық реформаларды іске асыруға бағытталатын болады. Атап айтқанда, 20-дан астам заң жобасын әзірлеп, қабылдауымыз керек. Мемлекет басшысы басты заңдарды жыл соңына дейін қабылдауды тапсырды.
Сол себепті үлгеру үшін депутаттар күзгі сессияда жылдам іске кіріседі. Демалыстан бұрын депутаттар өңірлерді аралайды.
Авторлары: Индира Жылқайдарова, Азамат Сәметов