30-дан астам депутат Үкімет жаққа сұрақтарын қарша боратты
Ал Мәжілістің бүгінгі отырысы бұрынғыдан өзгерек. Себебі Үкімет мүшелері депутаттарға азаматтардың өтініштерін қарау нәтижесі туралы ақпарат берді. Еске салайық, жаз бойы халық қалаулылары ел-жерді аралап, ел азаматтарымен 1800-дей кездесу өткізген. Қойын дәптерге түртілген мәселелер, Үкіметке жолданған еді. Бүгінде 2,5 мың өтініш қаралыпты. «Ең көп сұрақ — жылу мәселесіне қатысты»,— дейді Премьер министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова. Тағы қандай мәселелер тілге тиек етілді?
Бүгін Мәжілісте депутаттар ғана емес, министрлер де бас қосты. 30-дан астам депутат Үкімет жаққа сұрақтарын қарша боратты. Арасында сынағандары да, үркіткендері де болды. Әсіресе қайтарылған жерді бай-бақуаттыларға беру фактілері депутатты әбден шүйліктірді.
Бақытжан Базарбек, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Жұмыс істей алмайтын болсаңыздар, қуып шығамыз. Ешкімді аямаймыз, министрмен бірге қуып шығамыз. Аямаймыз.
26 жылда жарытпаған саланы 7 жылда жарылқайды дегенге жан баласы сенбейді деп, халық қалаулылары вагондарды сынға алды. Депутат Мақсат Толықбай: «60% тозған»,—дейді.
Мақсат Толықбай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Терезесі ашылмайтын, кондицонерлері істемейтін, қабырғасында тарақандар жүретін ескі вагондардың өзіне жаз мезгілінде билет таппайсың. Тапсаның бағасы өте қымбат. Сөйте тұра, билетті субсидиялауда жыл сайын сытырлатып миллиард санап береміз. Пойыздар жиі кешігетінін айтпай-ақ қояйын.
Көлік министрі болса, вагондардың 48% тозған дейді. Жаңасы сатып алынады. Дегенмен орташа пайдалану мерзімі 2025 жылы ғана 18 жылдан 13 жылға төмендейді. Көлік демекші, бүгін «7-20-25» бағдарламасы автокредит тағдырын қайталап отырғаны да айтылды.
Дәулет Мұқаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- «7-20-25»-ке бүгін лимит ашылды. 5 минутта бітті де қалды. Оқырмандардан «Бұл не деген сұмдық?!» деген хаттар келіп жатыр. «Менен банк менеджері 1 млн 400 мың сұрады» деп Айжан есімді, Перизат есімді оқырмандарым жазса, Раушан есімді оқырманым «700 мың теңге сұрады» деп жазылған хаттар келіп жатыр.
Баспана өз алдына, 800 мектепте тіпті асхана жоқ. Жұлдыз Сүлейменова осы мәселені қозғап, оқу-ағарту министріне сауал қойды.
Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі:
-1525 аймақтардың беріп отырған мәліметі бойынша, 591 мектепте асхана жоқ. Оның бәрін ыстық тамақпен қамту үшін буфеттік және кейтеринг бағытында тамақтар ұйымдастырылуда. Дей тұрғанмен бұл мектептерде асханалардың соғылуына байланысты барлық өңірлерге тиісті жол картасын қабылдау тұрғысынан ұсыныс берілді.
Есесіне, асханасы жоқ мектептің әр бұрышында дүкен бар. Ал ондағы вейптер ашық сатылымда. Соңғы 6 айда вейп сатылымы «372% өскен»,— дейді депутат.
Дәулет Тұрлыханов, ҚР ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-AMANAT фракциясының бір топ депутаттары вейпқа тыйым салу бойынша арнайы заң нормаларын әзірлеп, нақты позицияны жеткізгенін, алайда Үкімет әлі де үнсіз. Ұлттың болашағынан асқан байлық бар ма?
Вейп мәселесіне жуырда нүкте қойылуы мүмкін. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиниятқызы вейпқа тыйым салу жөніндегі заң нормасы Үкіметте қаралып, қолдау тапқанын айтты. Қазір жауапкершілікті қай орган қарайтыны талқылануда. Үкімет «қорытындысы 2-3 аптадан кейін жарияланады»,— деді министр.
Авторлары: Дана Әлиева, Дархан Кунтуов