Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасы арасындағы бірлескен мәлімдеме
2024 жылғы 11-13 маусымда Корея Республикасының Президенті Юн Сок Ёль Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Қазақстан Республикасына мемлекеттік сапармен келді.
2024 жылғы 12 маусымда екі мемлекет басшылары (бұдан әрі – Тараптар) Астана қаласында келіссөздер жүргізді. Достық атмосферада өткен келіссөздердің барысында тараптар 1992 жылы дипломатиялық қатынастар орнаған кезден бері екіжақты қатынастардың даму динамикасына жоғары баға берді. Тараптар өзара қызығушылық тудыратын халықаралық және өңірлік мәселелер бойынша пікір алмасты, сондай-ақ екіжақты практикалық бағыттағы ынтымақтастықты нығайту жолдарын талқылады.
Саяси ынтымақтастық: диалогты нығайту
1. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы маусымда Корея Республикасы жариялаған «K-Silk ROAD» Корея Республикасының Орталық Азия елдерімен ынтымақтастығы бойынша алғашқы стратегиясын қолдады. Осы бастаманы іске асыру бойынша тығыз ынтымақтастық туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
2. Тараптар «Орталық Азия – Корея Республикасы» форумы аясындағы ынтымақтастықтың оң динамикасын атап өтті. Тараптар Корея Республикасының Орталық Азия мемлекеттерімен екіжақты және көпжақты жобаларын ілгерілету үшін сындарлы өзара іс-қимылды жалғастыруға ниетті.
Екі елдің мемлекет басшылары кейіннен «Орталық Азия – Корея Республикасы» ынтымақтастық форумын дамыту бойынша бірлесіп жұмыс істеуге келісті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Юн Сок Ёльдің 2025 жылы «Орталық Азия – Корея Республикасы» саммитін өткізу жөніндегі ұсынысын құптады.
3. Тараптар екі елдің де ядролық қарусыздануға, оны таратпауға, ядролық энергетиканы бейбіт мақсатта пайдалануға қосқан үлесін атап өтті және ынтымақтастықты әрі қарай нығайтуға дайын екендіктерін білдірді.
Тараптар Атом қуаты халықаралық агенттігі (бұдан әрі – АЭХА) шеңберінде егеменді теңдікті толық қалпына келтіру үшін бірлесіп күш-жігер жұмсауға келісті. Корея Республикасы Қазақстан Республикасының АЭХА Қиыр Шығыс тобына кіруі оның АЭХА Басқарушылар кеңесіндегі мәртебесіне және онымен байланысты мүдделеріне ықпал етпейтін жағдайларда, Қазақстан Республикасының АЭХА Қиыр Шығыс тобына кіруіне қолдау білдірді.
4. Тараптар Ядролық қаруды таратпау туралы шартты (NPT, Nuclear Nonproliferation Treaty), Биологиялық қару туралы конвенцияны (BWC, Biological Weapons Convention) және Химиялық қару туралы конвенцияны (CWC, Chemical Weapons Convention) қоса алғанда, халықаралық ядролық қаруды таратпау режимін нығайту мақсатында ынтымақтастықты жалғастыруға уағдаласты.
Атап айтқанда, Қазақстанның Биологиялық қару жөніндегі конвенцияны нығайту және институционалдандыру жөніндегі әртүрлі күш-жігері бағаланды.
5. Тараптар өңірдегі бейбітшілікті, тұрақтылықты және сенімді нығайту үшін Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары бойынша кеңес (АӨСШК) шеңберінде сенім шараларын ілгерілету бойынша бірлесіп күш жұмсауды жалғастыруға келісті. Қазақстан тарапы 2022 – 2024 жылдары АӨСШК-ге Қазақстанның төрағалық етуіне қолдау білдіргені үшін Корей тарапына алғысын білдірді.
6. Тараптар Солтүстік Кореяның толық ядролық қарусыздануы тек Корей түбегінде ғана емес, сонымен қатар бүкіл әлемдегі бейбітшілік пен тұрақтылыққа ықпал ететіндігімен келісті.
Тараптар Солтүстік Кореяны халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке қауіп төндіретін кез келген әрекетті тоқтатуға және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тиісті қарарларына сәйкес өз міндеттемелерін орындауға шақырды.
Қазақстан Республикасы ядролық қарусыз, бейбіт және өсіп-өркендеген Корей түбегін құру жөніндегі «Корея Республикасы Үкіметінің батыл бастамасына» және еркін, бейбіт және біртұтас Корей түбегін құруға қолдау білдірді. Корей тарапы Қазақстанның ядролық қарудан азат барлық аймақтардың арасындағы ынтымақтастықты нығайту жөніндегі қызметіне жоғары баға берді.
7. Тараптар діндер мен мәдениеттер арасындағы жаһандық диалогтың, оның ішінде толеранттылық, өзара сыйластық және діни төзімділік идеяларын ілгерілету үшін тұғырнама болып табылатын Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі шеңберіндегі маңыздылығын атап өтті.
8. Қазақстан Республикасы Корея Республикасында орналасқан Жаһандық жасыл өсу институты (GGGI), Азия орман секторындағы ынтымақтастық ұйымы (AFoCO) және Жасыл климат қоры (GCF) сияқты халықаралық ұйымдардың халықаралық қауымдастықтың климаттың өзгеруіне ден қоюдағы және жасыл өсуді қамтамасыз етудегі үлесін жоғары бағалайды.
9. Тараптар Қазақстан халықаралық даму агенттігі (KazAID) мен Корей халықаралық ынтымақтастық агенттігі (KOICA) арасындағы Орталық Азия өңірінде үшжақты ынтымақтастыққа жәрдемдесу арқылы экономикалық және әлеуметтік дамуға жәрдемдесуге уағдаласты.
Экономикалық серіктестік: өзара тиімді жобалар
10. Тараптар Сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі бірлескен үкіметаралық комиссия (бұдан әрі – Бірлескен комиссия), сондай-ақ Сауда мен инвестицияларға жәрдемдесудің негіздемелік бағдарламасының (TIPF – Trade and Investment Promotion Framework) қабылдануы екі ел арасындағы сауда мен инвестицияларға жәрдемдесуде маңызды рөл атқаратынын атап көрсетті. Бірлескен комиссия мен TIPF кездесулері арқылы екіжақты сауда, инвестициялық және практикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайту туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
11. Сауда-экономикалық кооперацияның перспективалық бағыттарын айқындау және бірлескен инвестициялық жобаларды ілгерілету мақсатында Сауда-экономикалық және ғылыми-технологиялық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның отырыстарын тұрақты түрде өткізудің маңыздылығы атап өтілді.
12. Тараптар 2024 жылғы 12 маусымда Астана қаласында екі елдің іскер топтарының қатысуымен өткізілген Бизнес-форумды жоғары бағалады. Корея Республикасының Президенті Юн Сок Ёльдің Қазақстан Республикасына сапары шеңберінде қол қойылған коммерциялық құжаттар екі ел арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға оң үлес қосатынына үміт білдірді.
13. Тараптар қазақстандық уранды Корея Республикасына жеткізуді одан әрі жалғастыруға және оның көлемін ұлғайту мүмкіндігін қарастыруға келісті.
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ табиғи уран жеткізуге уәкілетті корей энергетикалық компаниясының ресми сайтында тұрақты түрде жарияланатын тендерлерге мониторинг жүргізеді және мұндай хабарландыру болған жағдайда тендерлерге қатысуға ниетті.
Сондай-ақ, серіктестік қатынастарды қолдау мақсатында «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ екіжақты ынтымақтастық перспективаларын талқылау үшін уәкілетті корей энергетикалық компаниясының өкілдерімен тұрақты түрде келіссөздер жүргізеді.
Қазақстанның жылу электр орталықтарын корей компанияларының жаңғыртуы кезінде көмір өнеркәсібінің экологиялық объектілерін жақсарту үшін энергетикалық инфрақұрылымның жай-күйін зерттеу және корей технологияларын пайдалану туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Тараптар баламалы сауда жолдарын пайдалана отырып, корей компанияларының қазақстандық шикі мұнайды сатып алудағы өзара іс-қимылын жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.
Тараптар Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі мен Корея Республикасының Сауда, өнеркәсіп және энергетика министрлігі арасындағы электр энергетикасы саласындағы жан-жақты ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қоюды құптайды.
Тараптар негізгі пайдалы қазбалар саласындағы жан-жақты ынтымақтастықтың және оларды жеткізу тізбегін құрудың қажеттігін мойындады.
14. Экология және климаттың өзгеруінің салдарымен қарсы күрес салаларындағы жобаларды іске асыру бойынша бірлесіп күш жұмсау туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Тараптар 2024 – 2026 жылдары Қазақстан төрағалық ететін Халықаралық Аралды құтқару қорының (ХАҚҚ) желісі бойынша жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін зерделеуге ниетті.
Орман өрттеріне қарсы күресте ынтымақтастықты дамытуға және жоғары технологияларды қолдана отырып, Қазақстанның өртке қарсы жүйелерін жаңғыртуға күш жұмсау құпталады.
15. Тараптар Қазақстанның сумен жабдықтау жүйесін жақсартуды, су үнемдеу технологияларын енгізу арқылы суды пайдалану мүмкіндіктерін нығайтуды, су тасқынынан қорғау инфрақұрылымын құруды және жасанды интеллекті мен АКТ технологияларын қолдану арқылы су тасқынына ден қою мүмкіндіктерін жақсартуды қоса алғанда, су ресурстары саласына корейлік технологиялар мен компаниялардың қатысуына жәрдемдесуге уағдаласты.
16. Тараптар жасыл сутегі өндірісін қоса алғанда, жасыл энергетика саласындағы жобаларды іске асыру жөніндегі өзара қарым-қатынастарды дамыту туралы келісті.
Тараптар Париж келісімінің 6-бабы негізінде Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Корея Республикасының Қоршаған орта министрлігі арасындағы Париж келісімнің 6-шы бабы бойынша ынтымақтастық туралы туралы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қоюды құптайды.
Тараптар сондай-ақ кореялық компаниялардың парниктік газдар шығарындыларын азайту жөніндегі жобаларға қатысуының өзектілігін атап өтті.
17. Тараптар Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі мен Корея Республикасының Экономика және қаржы министрлігі арасындағы білім алмасу және даму саласындағы ынтымақтастық туралы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қоюды құптайды.
Өзара түсіністік туралы бұл меморандум екі елдің орнықты экономикалық дамуы үшін ынтымақтастық қатынастарын орнатуға ықпал ететін болады. Тараптар Өзара түсіністік туралы меморандум негізінде экономикалық ынтымақтастықты нығайту идеясын құптайды және Қазақстанның болашақтағы қажеттіліктеріне байланысты бірлесіп зерттеулер жүргізу және техникалық-экономикалық негіздемелерді қолдау сияқты әртүрлі тәсілдермен бірлескен жұмысты жүзеге асыратын болады.
18. Тараптар Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Корея Республикасының Қаржылық қызметтер жөніндегі комиссиясы және Корея Республикасының Қаржылық қадағалау қызметі арасындағы банктерді қадағалау саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қоюдың маңыздылығын атап өтті.
Құжат өзара үйлестіруді нығайтады және Қазақстанда корей қаржы ұйымдарының болуын кеңейтуге ықпал етеді.
19. Тараптар «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) Қазақстанға корей инвестицияларын тартудағы рөлін атап өтті.
20. Тараптар климаттың өзгеруіне қарсы күрес және азық-түлік қауіпсіздігін нығайту шарасы ретінде «ақылды фермалар» технологияларын қолдану мүмкіндігін атап өтті, сондай-ақ «ақылды фермаларға» маманданған корей компанияларының Қазақстан нарығына шығуын кеңейту және екі елдің ақылды ауыл шаруашылығын дамыту жөніндегі ынтымақтастық туралы уағдаласты.
Азаматтар арасындағы тікелей байланыс – берік достықтың негізі
21. Тараптар астаналар (Астана – Сеул) арасындағы тікелей авиарейстерді қалпына келтіру және Алматы – Сеул бағыты бойынша рейстерді ұлғайту адамдар арасындағы алмасуларды жандандыруға ықпал ететінін бағалады.
22. Тараптар жоғары білім беру саласындағы ынтымақтастықтың жандануын жоғары бағалайды. Тараптар студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын қоса алғанда, жан-жақты және тұрақты ынтымақтастықты және алмасуды кеңейтуді көтермелеуге, сондай-ақ Қазақстан Республикасында да, Корея Республикасында да техникалық бағыттар бойынша жоғары білікті мамандарды даярлауда өзара іс-қимылды дамытуға келісті.
Тараптар Корея Республикасында қазақ тілін және Қазақстан Республикасында корей тілін оқытуды қолдайды.
23. Тараптар ғылым мен технология саласындағы ынтымақтастықты дамытуға және озық зерттеулер жүргізуге, сондай-ақ жоғары оқу орындары мен ғылыми-технологиялық институттар арасындағы гуманитарлық алмасуларды нығайтуға келісті.
Тараптар Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Корея Республикасының Ғылым және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар министрлігі арасындағы ғылым және технологиялар саласындағы ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қоюды құптайды.
24. Тараптар екі ел туристерінің өзара сапар жасауларындағы оң серпінді және осы саладағы өзара іс-қимылды дамытудың жоғары әлеуетін қанағаттанушылықпен атап өтті.
Тараптар туризм саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ екі елдің аумақтарында ұйымдастырылатын халықаралық туристік іс-шараларға алмасып қатысуды жалғастыруға уағдаласты.
25. Тараптар екі елде өткізілетін спорттық іс-шараларға алмасу бойынша қатысуды жалғастыруға, сондай-ақ екі елдің спорт федерациялары арасындағы ынтымақтастықты жолға қою бойынша белсенді жұмыс істеуге уағдаласты.
26. Корей тарапы 1930 жылдары корей қоныс аударушыларын жылы қабылдағаны үшін Қазақстан халқына алғысын білдірді. Тараптар Қазақстанның этностық корейлерінің екі ел арасындағы іскерлік және мәдени байланыстарды дамытудағы рөлін жоғары бағалады.
27. Тараптар жұмыспен қамту және еңбек саласындағы ынтымақтастықты нығайту бойынша жұмыс істеуге уағдаласты.
Тараптар Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Корея Республикасының Жұмыспен қамту және еңбек министрлігі арасындағы жұмыспен қамту және еңбек саласындағы жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қоюды құптайды.
28. Тараптар мемлекеттік қызметті дамыту саласында, сондай-ақ екі ел үкіметтерінің әлеуетін нығайту мақсатында мемлекеттік қызметтегі адам ресурстарын басқаруға байланысты тәжірибе және білім алмасуда ынтымақтасуға уағдаласты.
Тараптар Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен Корея Республикасының Персоналды басқару министрлігі арасындағы мемлекеттік қызметтегі персоналды басқару туралы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қоюды құптайды.
Болашаққа көзқарас
29. Тараптар Корея Республикасының Президенті Юн Сок Ёльдің мемлекеттік сапарының қорытындыларына қанағаттанушылық білдіріп, екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға оң үлес қосқан осы сапарға жоғары баға берді. Президент Юн Сок Ёль Қазақстан Республикасының Үкіметі мен халқына делегацияға жылы лебізін білдіріп, қонақжайлылық танытқаны үшін ризашылығын білдірді. Екі елдің басшылары Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасы арасындағы жоғары деңгейдегі байланыстарды жалғастыруға ниетті екендіктерін растады.
30. Президент Юн Сок Ёль Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты өзіне ыңғайлы уақытта Кореяға сапармен келуге шақырды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шақыруды ризашылықпен қабылдады.