Көнеден жеткен ұлттық жауынгерлік өнер - жамбы ату Қостанайда соңғы жылдары жақсы дамып келеді. Бұл спорт түріне әсіресе қыздардың қызығушылығы басым. Алайда бәрін бірдей қабылдай бермейді. Былтыр ұлттық спорт мектебі жанындағы жамбы ату секциясына қатысуға 20 шақты бойжеткен өтініш беріпті. Соның жетеуі ғана іріктеліп алынған.
Жаннұр Әбиболла 10 сынып оқушысы. Жеті жасынан ат жалын тартып мініп, талай мәрте қыз қуу сайысына қатысқан. Әкесі тұлпар баптайтын атбегі, белгілі көкпаршы, ағасы аударыспақпен айналысады. Сондықтан бала кезден жылқының қадір-қасиетін танып өскен Жаннұрдың Қамбар ата тұқымына әуес болуы орынды.
Жаннұр Әбиболла, Ұлттық спорт мектебінің тәрбиеленушісі:
-Жалпы ат спортымен айналысып жүргеніме бес жылдай уақыт өтті. Ал бірақ осының ішінде жамбы ату спортымен айналысып жүргеніме 1,5 жылдай ғана уақыт болды. Ал садақ атуды одан ертерек бастадым, осыдан екі жыл бұрын игере бастадым.
Жамбы атуда садақ тартудың өз әдіс-тәсілі бар. Сондықтан қыздар әуелі жерде тұрып нысана көздеуді меңгеруі қажет.
Мағауия Қалиев, тілші:
-Мүлт кеттім. Ат үстінде шауып келе жатып, атпақ түгілі, жерде тұрып, 10 метр қашықтықтағы нысанаға дәл тигізу оңай емес. Ол үшін аса бір ептілік, мергендік қажет-ау.
«Бекітілген ереже бойынша 120 метр аралықтағы үш нысананы 16 секундта атып үлгіру қажет. Оның үстіне ат үстінде жүйткіп келе жатып, диаметрі небары 25 сантиметр жел тербеген жамбыға дәл тигізу мергендікпен қатар, физикалық күш-қуатты талап етеді»,– дейді оқытушы-жаттықтырушы Айсара Ерденова.
Айсара Ерденова, Ұлттық спорт мектебінің жамбы атудан жаттықтырушысы:
-Аттың үстінде еркін шаба алуы керек. Себебі көріп жатырсыздар қолды жібереді. Мүлде жүгеннен қолды ұстамайды. Ал аттар сол сәтте атылып кетіп жатыр. Сол кезде тақымы мықты болуы керек қой қыздың, түйсік жақсы болу керек мысалы, атты сезіну керек.
Ат мініп, садақ асынған арулар мамыр айында Қостанайда өтетін ашық чемпионатқа қызу дайындалып жатыр.
Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг