Жезқазғанда өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша ерлер мен әйелдер арасында Қазақстан чемпионаты басталды. Бес күнге жалғасатын дүбірлі додаға еліміздің әр өңірінен 23 команда қатысып жатыр. Құтқарушылар спорттың бірнеше түрінен бақ сынайды. Олар биік мұнараға жылдам көтеріліп, кедергілер жолағынан өтуі және өрт ошағына су шашу бойынша өзара мықтыны анықтайды. Жарыс барысында қатысушылардың кәсіби шеберлігімен қатар, ептілігі, шапшаңдығы мен төзімділігі де сыналады. Чемпионат қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен спортшылар қараша айында өтетін Әлем чемпионатында Қазақстанның намысын қорғайды.
Дәурен Данаев, төреші:
- Жарыстың алғашқы кезеңінде қатысушылар өз командалары үшін сынға түседі. Екінші кезеңде жартылай финал мен ақтық кезеңге шығу үшін бақ сынайды. Биыл спортшылардың дайындығы жақсы екені көрініп тұр. Чемпионат қорытындысы бойынша ерлер мен әйелдер құрамасына, ұлттық құрамаға 10-нан спортшы іріктеледі.