Елімізде қысқы спорт түрлеріне қаншалықты қолдау көрсетіледі?
Көбі шаңғы мен биатлонды құп көреді. Бұдан бөлек 16 спорт мектебінде 2 мыңға жуық бала тәрбиеленіп жатыр. Болашақ олимпиадашылардың қазіргі дайындығы қалай? Олардың емін-еркін жаттығуы үшін тиісті жағдайлар жасалған ба?
Бұл – талай атақты шаңғышыларды түлеткен Сандықтау ауданындағы балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебі. Тек қысқы спорт түрлеріне арналған білім ошағында қазір жүздеген бала шынығып жүр. Олардың алды – ел чемпиондары. Мәселен, шаңғыдан спорт шеберлігіне үміткер Анастасия Хвощенок қазір олимпиадалық дайындық орталығының құрамында. Облыстық және республикалық жарыстарда топ жарып жүрген бұрымды: «Әлемдік додалардың шыңын бағындырсам», - дейді.
Анастасия Хвощенок, шаңғышы:
- Мақсатым – ересектер арасында Қазақстан чемпионы атанып, халықаралық құрама сапына қосылу. Бірақ жоғары деңгейдегі байрақты бәсекелерде үздік өнер көрсету үшін дайындық мықты болу қажет.
Спортшылар қажет құрал-жабдықтармен қамтылғанымен, кәсіби дайындыққа мұқтаж екенін де байқадық. Жас шаңғышылар мен биатлоншылардың айтуынша, жергілікті жерде психолог пен массаж қызметі атымен жоқ. Одан қалды шаңғы жолын таптап, тегістейтін техникалар да ескірген.
Руслан Межидов, биатлоншы:
- Республикалық құрамада олардың бәрі, әрине, бар. Бірақ өңірлерде де болса дейміз. Бұл өте маңызды. Жан-жақты қолдау болған кезде жақсы өнер көрсетеміз деп ойлаймын.
Ақмола облысының құрамасы республикалық жарыстарда қазір үздік өнер көрсетіп жүр. Айталық, соңғы спартакиадада олар командалық есепте 3-орынға ие болды. Бірақ спортшылардың әлемдік ойындарда бағы жанбай келеді. Мұны тәжірибелі жаттықтырушылар бәсекелестіктің болмауымен байланыстырып отыр.
Иван Спиридониди, шаңғы спортынан жаттықтырушы:
- Нәтиже тек бәсекелестік бар кезде болады. Мәселен, қазір аудан-ауылдардағы жаттықтырушылар балаларды ынталандыра алмайды. Тиісті деңгейде жұмыс істемейді десек те болады. Бұрын біздің кезімізде іріктеулер өте тартысты өтетін. Ал қазір жарысқа кімді апарарыңды білмейсің.
«Жаттықтырушылардың жанын салып жұмыс істемеуіне жалақының аздығы сеп», - дейді мамандар. Айталық, олар қарапайым орта мектептегі дене шынықтыру пәні мұғалімінен екі есе аз айлық алады. Шағымдарға қарамастан, басқарма басшысы спортшыларға барлық жағдай жасалғанын айтып отыр.
Әсет Бүкібаев, облыстық спорт және денешынықтыру басқармасының басшысы:
- Үздік спортшыларымыз тиісті стипендияларын алып отыр. Оқу-жаттығу жұмыстарына да ақша бөлінеді. Материалдық-техникалық базаны да жақсартуға тырысамыз. Мәселен, былтыр биатлоншыларға төрт мылтық сатып алдық. Олардың әрқайсысы 4 жарым млн теңге тұрады. Шаңғы да арзан емес.
«Ал дүниежүзілік додаларда спортшыларымыздың топ жара алмауына кінәлі емеспіз, біздің міндет – оларды ұлттық құрамаға дейін жеткізу», - дейді Әсет Бүкібаев. Ар жағы солардан сұралатынын айтады. Дегенмен басқарма басшысы аймақта қысқы спортқа жылына қанша ақша бөлінетіні жайлы ақпарат бере алмады.
Дамир Берікұлы, тілші:
- Жоғарыда айтылғандардың барлығы аталған спортқа тиісті деңгейде жергілікті жерлерде көңіл бөлінбейтінін білдіріп отыр. Ал саланы дамыту үшін бәсекелестік қажет. Бәсекелестік спорттың бұқаралық сипат алған кезінде ғана пайда болмақ. Әзірге өңірлерде бұлардың ешқайсысы жоқ.
Авторлары: Дамир Берікұлы, Виктор Полянный