Маңғыстау облысының зейнеткерлері Парижге велосипедпен барды
Олимпиадаға велосипедпен жетті. Маңғыстау облысының зейнеткерлері Рәббім Бораш пен жұбайы Айзада Бораш Парижге велосипедпен барды. Оларды Франциядағы Қазақстан елшілігінің ұжымы мен қала тұрғындары қарсы алды. Ақтау қаласынан шыққан велосаяхатшы Грузия, Түркия, Мажарстан, Австрия және Германия елдері арқылы 4 мыңға жуық шақырым жерді жүріп өткен. Ал қиын жолда жұбайы серік болған. «Мұндағы мақсат, бала күнгі арманым - Олимпиада ойындарын өз көзіммен көру және спортшыларымызға қолдау көрсету»,— дейді велосаяхатшы.
Рәббім Бораш, велосаяхатшы:
-Осының барлығы екі ай уақытты керек етті. Жолдың әртүрлі қиындығы болады. Енді біздің негізгі жүрісіміз осы Олимпиадаға келген жаңағы 80-90 спортшыларымызды қолдау. Соның барлығы жеңіске жетсін дейміз. Біздің де жолымыз болсын. Тілеуші болайық соларға.