ЕGov порталы жаңартылып, QazTech платформасында әзірленген eGov 3:0 жаңа нұсқасы іске қосылды. Енді қызметтер барынша қарапайым әрі пайдаланушыға ыңғайлы форматта ұсынылады. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары - Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Үкімет отырысында айтты. Енді жасанды интеллект жәрдемақыны кімге тағайындау керегін өзі анықтайды.
Компьютердегі мемлекеттік қызметтер порталынан – мобильді қосымша. Одан кейін қызметтер бойынша кеңес беретін eGov-тағы AI-көмекші және 1414 AI колл-орталығы. Осылайша Қазақ елі мемлекеттік қызмет көрсету саласында едәуір трансформациядан өтті. Бұл жұмыс халықаралық деңгейде жоғары бағалануда. Бүгінде Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының Электрондық үкіметті дамыту индексінде әлем бойынша 24-орында.
Елімізде 1 сәуірден бастап цифрлық өнімдерді әзірлеуге арналған бірыңғай орта – QazTech платформасы іске қосылды. Бүгінде барлық мемлекеттік орган осы платформамен жұмыс істейді. Жаслан Мәдиев нәтиже қазірдің өзінде байқалып отырғанын тілге тиек етті.
Мәселен, жыл сайын бірінші сыныпқа қабылдау қызметі ашылғанда инфрақұрылым жүктемені көтере алмай, қосылған күні-ақ істен шығатын. Мұндай жағдай төрт жыл қатарынан қоғамда теріс резонанс туғызғанын да білеміз. QazTech қосылғаннан бері платформа бір де бір ақаусыз жұмыс істеп, 365 мыңнан астам өтінім сәтті өңделді.
Жаслан Мәдиев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары - ЖИ және цифрлық даму министрі:
- Осыған байланысты жақында QazTech платформасында әзірленген заманауи eGov 3.0 порталы іске қосылды. Қызметтер барынша оңай, пайдаланушы үшін ыңғайлы форматта жинақталды. Талаптар мен қадамдар саны азайды. Сұранысқа ие қызметтердің бір бөлігі жаңа форматта қолжетімді. Порталда кері байланыс нысаны іске қосылды. Онда әрбір пайдаланушы қызметтерді ыңғайлау жөнінде өз ұсынысын қалдыра алады.
Құралай Жұмахан, тілші:
- Бұдан ЖИ өмірімізге дендеп еніп келе жатқанын байқауға болады. Биыл сәуір айында интеллектуалды цифрлық ассистент eGov GPT іске қосылды. Бұл мемлекеттік қызметті тез алуға мүмкіндік беріп отыр. Яғни кез келген азамат: «Маған тұрғылықты жер бойынша тіркелу қажет». «Балам 1-сыныпқа барады» дегендей ақпар айтса болғаны, жүйе бірден қажетті анықтаманы дайындап береді.
eGov GPT ассистенті іске қосылды
Сондай-ақ жақын арада eGov GPT ұлттық Aitu мессенджерінде қолжетімді болмақ. Қызметтер санын көбейтумен қатар, олардың қолжетімді болуы да маңызды. Ол дегеніміз - ұялы телефон балансында қаражат болмаса да, әрбір азамат маңызды мемлекеттік және әлеуметтік сервистерді пайдалана алады.
«Отбасы банк» басшысының айтуынша, елімізде тұрғын үй несиелерінің 60%-ы блокчейн технологиясы арқылы беріліп жатыр. Бұл қазақстандықтардың 500 мыңнан астам сағатын үнемдеуге мүмкіндік берген. Ипотеканы рәсімдеу 10-15 минутқа қысқарды. Сондай-ақ Ләззат Ибрагимова «Ұмай» әйелдер ипотекасы тамыз айының соңында іске қосылатынын мәлімдеді. Пайыздық мөлшерлеме 14%-дан басталады.
Ләззат Ибрагимова, «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы:
- Цифрландыру нәтижесінде тұрғын үй бөлу қарқыны үш есеге артты: бұрын әкімдіктерде 700 қызметкер жылына шамамен 7 мың пәтер бөлсе, қазір бұл жұмысты «Отбасы банкінің» шағын 20 адамнан тұратын бөлімі атқарып отыр. Банктегі барлық операциялардың 95 пайызы онлайн түрде қызмет көрсетеді. Қашықтан қызметтерді 1,5 миллионға жуық азамат пайдаланады. Соңғы үш жылда бұл көрсеткіш 10 есе өсті.
Енді ХҚКО AI қызмет көрсету кеңселеріне айналады. Жаңа форматтағы ХҚКО-ларда азаматтар кезек күтпей, eGov GPT цифрлық көмекшісі арқылы мемлекеттік қызметтерді өз бетінше ала алады. Сондай-ақ алдағы уақытта қазақстандықтар туыстарына ұлттық дәстүрлерге байланысты көрімдік, сүйінші, асар және садақа сияқты ақшалай аударымдарды қосымша арқылы жібере алады.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Бүгінде мемлекеттік қызметтер көрсету саласы цифрландырудың жоғары деңгейіне жетті. «Электрондық үкімет» порталы толығымен жаңғыртылып, жаңа eGov 3.0 платформасына көшірілді. Енді мемлекеттік органдар артық қадамдар мен құжаттарды алып тастап, өз қызметтерін осы платформа арқылы көрсетуді қамтамасыз етуге тиіс. Қазірдің өзінде eGov GPT цифрлық ассистентінің диалог терезесі арқылы 50 қызмет қолжетімді. Ол қажетті өтінімді өзі рәсімдеп, дайын нәтижесін ұсынады. Жасанды интеллект министрлігіне мемлекеттік органдармен бірлесіп, осы жылдың соңына дейін цифрлық ассистент арқылы көрсетілетін қызметтер санын 150-ге дейін арттыруды тапсырамын.
Сондай-ақ бұдан былай кәсіпкерлер де қағазбастылықтан арылады. Іскерлерге көрсетілетін қызмет түрлері цифрландырылады. Премьер-министр Олжас Бектенов бизнеске арналған құжатарды жыл соңына дейін eGov Business платформасына шығаруды тапсырды.
- Бизнеске арналған цифрлық құралдарға ерекше назар аударған жөн. Кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған қызметтердің 60%-ы әлі күнге дейін қағаз түрінде көрсетіліп келеді. Бұл жағдайды өзгерту қажет. Ұлттық экономика министрлігіне «Атамекен» палатасымен бірлесіп, осы жылдың соңына дейін көрсетілетін қызметтерді түбегейлі қайта қарап, оларды дереу цифрландыруды және eGov Business платформасына шығаруды тапсырамын.
Бизнестің де ұпайы түгел, әлеуметтік мәселелер де қаралған. Айтпақшы, енді атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаждарды ЖИ анықтайды. Жүйе азаматтар ұсынған фото және бейнематериалдарын талдап, олардың атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж немесе мұқтаж еместігі туралы ұсынымдар әзірлейді.
Құралай Жұмахан, Азамат Сәметов