Шабандоздар V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына оқу-жаттығуды күшейтті
Қазақстандық шабандоздар күзде болатын 5-ші дүниежүзілік көшпенділер ойындарына оқу-жаттығуды күшейтті. Көкпардан Ұлттық құраманың бас бапкері 40 жылқының ішінен жүйрігі, ойынға ең төзімдісі таңдалатынын айтты. Жарыс барысында Ұлттық құрамаға қарсы Қырғызстан мен Өзбекстаннан келген командалар шығады. Бұл спорт түрінен додалар «Көкпар» федерациясының ережелері бойынша өткізіледі. Ал әр құрама командада 12 спортшы, 4 жылқышы, бапкер, команда жетекшісі, мал дәрігері болуы шарт. Одан бөлек, биылғы көшпенділер ойындарында бәйге, жамбы ату, аударыспақ, садақ ату, құсбегілік, асық ату, теңге ілу бойынша да үздіктер анықталады.