Хабар телеарнасы

Көшпенділер ойындары: Саятшыларға көлік сыйға тартылды

Бүгін көк Туымыз бір емес, бірнеше рет көкке көтірілді. V Дүниежүзілік көшпенділер ойынында құсбегілік сайысынан біздің қатысушыларымыз тек тұғырлы орындардан көрінді. Киелі құсты баптай білген саятшыларға тосынсый жасалды.

Ұлттық өнеріміз құсбегілік – көпшіліктің назарында. Бұл жолғы көшпенділер ойындарында қатысушылар географиясы да кең. Сайысқа Грузия, Мажарстан, Испания, Канада сынды 10 елден 42 құсбегі қатысты. Олар бүркіт, қаршыға және ителгіні жарыстырып, сынға түсті. Бекзат өнерді тамашалауға келген құрметті қонақтар да көп.

Берік Уәли, Құсбегілік федерациясының президенті:

- Қазақстанның осы Құсбегілік федерациясымен бірлескен меморандумға қол қояйық деп мына Қатардан біраз шейхтар, құсбегілер келді. Одан кейін мына Испаниядан өкілдер келіп, біз меморандумға отырайық деп өтініш білдіріп жатыр. Сондай-ақ мына Грузиядан, Ресейден келгендердің барлығы, Венгриядан келгендер бірлескен  меморандумға отырып, осы спорт түрін дамытайық деп өтініш білдірді.

Недим Қызылбұға – Түркиядан келген қатысушы. Эгей университетінің докторанты санаулы күндерден соң «Қазақтың бүркітшілік дәстүрі» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғайды. «Қорқыт ата» кітабын оқыған соң оның құсбегілікке деген қызығушылығы артқан екен.

Недим Қызылбұға, құсбегі / Түркия:

- Бүркітшілердің суреттерін интернеттен көрдім. Қолына қыран қондырып, ат мінген адамдар бар. Құс салған. Ішік киген адамдар қызықтырды. Қазақстанға келдім, бірақ мен бүркітшілерді білмеймін. Қайда тұратындарын білмедім. Астанаға келіп, әр адамнан сұрадым. «Бүркітшілер қайда? Сіз бүркітшіні білесіз бе?», - деп. Содан 10 күннен соң Қарағандыдан 4 бүркітші таптым.

Недимнің бүркіті бұл жолы жылдамдық танытпады. Бірақ Қырғызстан мен Қазақстанның құсбегілері олжалы болды. «Ителгі салу» жарысында Қазақстан жүлделі орындарды иеленсе, «Қаршыға салуда» Қырғызстанның құсбегілері озық болды. Ал көзі қырағы, өзі қыран – «Бүркіт салу» категориясында біздің саятшылар жеңімпаз атанды.

Көк аспанда үш рет Туымыз желбіреп, Әнұранымыз шырқалды. Ал жеңімпаздарға демеушілер атынан темір тұлпар сыйға тартылды. Бұл тосынсый болды.

Талғат Сақанов, демеуші:

- Қазағымыздың Туы әрқашан да көкте биіктеп, желбіреп тұра берсін. Бізде туда қарасаңыздар, осы қыран бүркіт белгіленген. Қазір бүкіл әлем бізге көз тігіп отыр. Осы жерде қазағымыздың береке-бірлігі осылай арта берсін. Әр қазағымызды көтере берейік! Жеңіс құтты болсын баршаңызға, қазақ елі!

Серікбек Күнтуған, «Бүркіт салу» жарысының жеңімпазы:

- Әкемнің әкелері бүркітпен айналысқан. Өзім көзімді ашқалы бері осы бүркіттің қасында өстім. Өзім балаларымды да осыған үйретіп жатырмын. Қазір Астана қаласында аға жаттықтырушы болып жұмыс істеймін. Міне, еңбегім ақталды. Қаршығада бірінші орын алған менің шәкіртім. Ол да жетістік.

Сонымен тартысты доданың қорытындысы бойынша ұлттық құрама спортшылары 2 алтын, 1 күміс және 3 қола медальді қоржынға салды.

Алуа Маханбет