Ел аумағында тасқынға қарсы дайындық күшейтілді

  • 2
  • 16.03.2026, 21:44

Ел аумағында көктемгі су тасқынының алдын алу жұмыстары күшейтіліп жатыр. Көлік инфрақұрылымының әзірлігін арттыру үшін бірқатар шаралар қолға алынды. Әсіресе автомобиль және теміржол желілері мен әуежайлардағы қауіпсіздікті қамту – басты назарда.

Көлік министрлігінің дерегінше, республикалық автожолдарда су шаю қаупі бар деген 229 учаске бақылауға алынды. 2 мың 252 бірлік техника дайындалып, мамандар күнделікті мониторинг жүргізіп отыр. 

Ғабит Шымырбаев, ҚР КМ Автомобиль жолдары комитеті Пайдалануға беру басқармасының басшысы:

- Судың деңгейі көтеріліп жатқан кезде осыған жол бермеу бойынша біз құм аралас тастар, сонымен қатар үлкен тастарды дайындап қойдық. Атап кетерлігі, республикалық тасжолдарда 15 мыңнан астам су өткізгіш құбырлар бар. Осы құбырларды біз тазалау жұмыстарымен айналысып жатырмыз.

Күн күрт жылынады 

Құзырлы сала мамандары қар қалың жауған аймақтарда ұлпадан тазарту жұмыстарын жеделдету керегін айтады. Себебі алдағы күндері күн жылынады.

Синоптиктердің болжауынша, ауа температурасы батыста 10-15, ал оңтүстік аймақтарда 15-20 градусқа дейін көтеріледі. Солтүстік пен шығыс өңірлерде 3-8 градус шамасында жылы болады. Дегенмен кей жерлерде жаңбыр аралас қар жауып, көктайғақ болады.