«Хабар» агенттігінің Түркиядағы меншікті тілшісі Меруерт Қанағат төсбелгімен марапатталды
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған құтқарушыларды марапаттады. Жер сілкінісі салдарын жоюға көмектескені үшін еліміздің Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаевқа медаль табысталды. Ал Қазақстанның Түркиядағы елшісіне арнайы алғыс хат берілді. Режеп Тайып Ердоған бауырлас елдерден келген көмекке ризашылық білдіріп, «бұл жақсылық ешқашан ұмытылмайды» деді. Сондай-ақ еліміздің Төтенше жағдайлар министрлігі елшілік қызметкерлері мен Түркиядағы қазақстандық ақпарат құралдарының тілшілерін арнайы төсбелгімен марапаттады. Марапат алғандар арасында арнамыздың Түркиядағы меншікті тілшісі Меруерт Қанағат та бар.
Режеп Тайып Ердоған, Түркия президенті:
- Бізге қолдау көрсеткен барлық елдерді жүрегімізге сақтадық. Қиын-қыстау кезеңдегі достарымызды білеміз. Әрбір жанқиярлыққа, әрбір көмекке, әрбір еңбекке, зілзала салдарынан зардап шеккен әрбір азаматымызға қол ұшын бергендерге алғысымызды білдіреміз.
Ибрагим Күлшімбаев, ҚР Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі:
- Халыққа көмек көрсетіп, зардап шеккен 7 адамды құтқарып, 88 адамның мәйітін алып шығып, тағы да басқа медициналық көмекті көрсетіп, Қазақстаннан келіп жатқан гуманитарлық көмекті халыққа таратуға белсенді қатысып қайттық.