Үндістан билігі халқын қатаң үнемдеу шараларына көшуге үндеді

  • 7
  • 12.05.2026, 19:40

Әлемде экономикалық дағдарыстың өршуіне байланысты Үндістан қатаң үнемдеуге көшті. Елдің Премьер-министрі Нарендра Моди халықты бір жылдай алтын сатып алмауға шақырды. Сондай-ақ, отынды үнемді пайдаланып, мүмкіндігінше шет елге саяхаттамауға әрі қашықтан жұмыс істеуге үндеді. Айтуынша, бұл қадам мемлекеттің валюта резервін қорғау үшін қажет.

Үндістан билігі халқын қатаң үнемдеу шараларына көшуге үндеді. Премьер-министр Нарендра Моди бұдан былай импортты қысқартып , валюта қорын қорғау керек деген мәлімдеме жасады.  Жалпы Үндістан жыл сайын 800 тоннаға дейін бағалы метал тұтынады. Елде кен орындары болмағандықтан, алтын сатып алуға жыл сайын 40–60 миллиард доллар қаржы жұмсалады. Импорт көлемі бойынша бұл тауар тек мұнайға ғана жол беріп отыр.

Нарендра Моди, Үндістан премьер-министрі:

- Шаңырақта қанша той мен мереке атап өтілетініне қарамастан, мемлекеттің мүдделеріне сай, біз бір жыл бойы алтын мен алтыннан жасалған бұйымдарды сатып алудан бас тартуымыз керек. Бұл ұлттық валютаны сақтап қалу үшін қажет. Отансүйгіштігімізді осылай дәлелдей аламыз.

Ирандағы соғыс Үндістанның төлем теңгерімі мен рупия бағамына қысымды күшейтті.

Үндістанда алтынға сұраныс жоғары. Әсіресе, үйлену тойларында жиі тарту етілетін сыйлық. Morgan Stanley банкінің мәліметтеріне қарағанда, елдегі қарапайым тұрғындардың қолында құны 3,8 трлн доллар болатын алтын бар. Бұл ЖІӨ-нің 89 пайызына тең. Үнді премьерінің үнемдеуге шақыруы бұл тек ішкі экономикалық тәртіп қана емес, жаһандық деңгейдегі әртүрлі тәуекелдерге дайындық,-дейді экономист Бауыржан Ысқақов. Оның айтуынша, Таяу Шығыстағы соғыс Үндістан сияқты энергия импорттаушы елдерге тікелей әсер етеді. Сондықтан, ел үкіметі бұқараны жанармай үнемдеп, қашықтан жұмыс істеуге және саяхаттауды шектеуге шақырған.

Бауыржан Ысқақов, экономист:

- Қашықтан жұмыс істеуге шақыруының да негізгі мақсаты – бұл жанармай тұтынуды азайту. Ірі қалалардағы көлік жүктемелерін төмендету, импорттық энергияға тәуелділікті азайтуға немесе жалпы дағдарыс кезіндегі мемлекеттің шығындарын басқаруға бағытталған саясат. Бұны саясаттанушылар сақтық экономика немесе дағдарысты алдын-алуға бейімделу саясаты деп айтады.

Әлемдік тарихқа үңілсек, 1998 жылғы Азия қаржы дағдарысы кезінде Оңтүстік Корея билігі азаматтарға алтын бұйымдарын мемлекет қазынасына тапсыруға үндеу жасаған еді. Сол уақытта миллиондаған корей халқы өз еркімен бағалы әшекейлері мен алтын құймаларын өткізіп, ел экономикасын қолдауға атсалысты. Нәтижесінде мемлекет қорына 200 тоннадан астам алтын жиналып, қаржылық жүйенің тұрақтануына ықпал еткен. Ал 1970 жылдардағы әлемдік энергетикалық дағдарыс кезінде АҚШ пен Еуропа елдері отын тұтынуын шектеп, электр қуатын үнемдеудің қатаң шараларын енгізді. Тіпті кей мемлекеттерде автокөлік қозғалысына да шектеу қойылған болатын.

Автор: Арайлым Жақсылыққызы.