Батыс Қазақстан облысында биыл қызылшаға шалдыққандар саны 17 есе өскен. Өткен жылдың 9 айында өңірде небәрі 18 адам қызылшамен ауырса, биыл індет жұқтырғандардың саны 303-ке жетіпті. Науқастардың басым бөлігі – екпе алмаған балалар. Аймақта 3 мыңға жуық ата-ана сәбилеріне вакцина салдырудан бас тартқан.
Орал қаласының тұрғыны Ақнұр Бисембаева жуырда бір жастағы ұлына қызылшаға қарсы екпе салдырды. Айтуынша, бала вакцинаны жақсы көтерген, еш асқыну болмаған. Оған дейінгі барлық екпелерді де уақытылы алып келеді.
Ақнұр Бисембаева, Орал қаласының тұрғыны:
– Қазір жағдайы жақсы. Дәрігер екпеден кейін қандай асқынулар болатынын түсіндірді. Ата-аналарға айтатыным, екпеден қорықпаңыздар, жұқпалы қауіпті аурулардың алдын алады, баламның ауырмауына және ауырған жағдайда асқыну болмауы үшін салдырамын.
Иммунологтардың айтуынша, инфекция өте жұқпалы. Әуелі баланың қызуы көтерілсе, кейін жөтел пайда болып, мұрны бітеледі, денеге бөртпе шығады. Ал ауыр жағдайларда өкпе қабынып, жүйке жүйесі зақымданады.
Биыл Оралдағы №5 емханада 44 бала аталған дертке шалдығыпты. «Вакцина қызылшаның асқыну қаупін азайтады», – дейді мамандар.
Мира Мәтжанова, №5 қалалық емхананың аллерголог-иммунологы:
– Ең үлкен мәселе – вакцина салдырудан негізсіз бас тартатындардың көптігі. Ғаламтордағы жалған ақпаратқа сеніп, балаларына екпе салдыруға қарсылық білдіретін ата-аналар аз емес. Ал індеттен қорғанудың басты жолы – оның алдын алу, яғни вакцина салдыру.
Санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау қызметінің мәліметінше, аймақта жыл басынан бері 303 адам қызылшаға шалдыққан. Ауырғандардың 90% екпе алмағандар екен.
Жұлдыз Кәрімова, БҚО денсаулық сaқтау басқармасының бас маманы:
– Батыс Қазақстан облысында қазіргі таңда екпе салдырудан бас тартқан 3 мыңға жуық адам бар. Олармен тұрақты түрде түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Биылғы жылдың 10 айында 600-ден астам ата-ана балаларына вакцина салдыруға келісім берген. Қазір балаларға екпе егу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ата-аналармен кездесулер ұйымдастырылып, түсіндіру әңгімелері өткізіледі. Биыл бұл жұмысқа Алматы қаласынан профессор да шақырық.
Мира Қауымбаева, Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысы орынбасарының міндетін атқарушы:
– Биыл бізде қызылша бойынша жағдай тұрақсыз. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, аурудың таралуы 16,8 есе артқан. Қызылша, әсіресе, мектеп-балабақшаларда тіркеліп жатыр.Эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына байланысты бізде бұйрық бойынша қызылшаға, көкжөтелге және паротитке қарсы қосымша иммундау шарасы енгізілді.
Күні бүгін өңірде бір жастағы балалардың 85%, ал 6 жасқа дейінгі балалардың 75% екпе алған. Қосымша 3 мың доза вакцина сатып алуға бюджеттен 9 млн теңге бөлініпті.
Е. Жылқайдарұлы, Болат Жарылғасов