Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл толады
Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл толады. Жүзден астам этнос өкілдерінің басын тоқайластырып отырған ұйым, қоғамдық келісім, ұлтаралық татулықты қамтамасыз ету сынды маңызды миссияны атқарып келеді. Биыл мерейтойға орай 1,5 миллион адамды қамтитын 150-ден аса іс-шара жоспарланып отыр. Қоғамның бірлігін нығайту, жастар арасында дұрыс құндылық бағдарларын қалыптастыруға ықпал ететін 13 ірі жоба іске асырылуда.
Астанада сықырлаған сары аяз, бірақ өздеріңіз көріп тұрғандай міне құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Мына нысанда еліміздегі күрт этносының өкілі жұмыс істейді. Дәлірек айтсақ, ол мердігер компанияның басшысы. Елордалықтардың төбесінен су тамшыламасын, пәтерлері жылы болсын деп ақ қар, көк мұзда осылай еңбек етеді.
Астанада тұрғын үй, әлеуметтік нысан құрылысы болсын, біразының шатырын жауып жүрген осы азамат. 2008 жылы Түркістаннан көшіп келгендегі алғашқы жұмысын әлі ұмытпайды.
Иса Ахмедов, «Барбанг» Қазақстанның күрдтер қауымдастығы» РҚБ Астана филиалы директорының орынбасары:
-Новая Абаяда каналдың арғы жағына өткеннен кейін екі аялдаманы сыпыратынмын. Енді қазіргі кезде сол екі аялдамадан өткенде бір қуаныш сезіледі. Сол жерде жұмыс істедік қой, ақшасын алдық. Жаман болған жоқпыз, сол жерде кішігірім ақша алатынбыз, 30 мың тг.
30 мың тг айлықпен бастаған Иса қазір 20 адамды жұмыспен қамтып отыр. Сондай-ақ өзі тұратын Қабанбай ауылында бордақыда мал ұстап отыр. Қазір етек-жеңін жинаған соң қайырымдылықпен айналыса бастаған.
Иса Ахмедов, «Барбанг» Қазақстанның күрдтер қауымдастығы» РҚБ Астана филиалы директорының орынбасары:
-Балалар үйіне, қарттар үйіне спонсор боламыз. Көбінесе тик токта адамдар көбінесе мұқтаж болады. Соларға да жәрдем береміз.
Қазақстанда тұратын түрлі этнос өкілдерін ортақ азаматтық құндылықтар біріктіреді. Бұл ретте ұлтына қарамастан елдегі жастардың мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық, мәдени қоғамдық дамуына қосып жатқан үлесі зор. Мәселен, мәдени бағыттағы FOLK&ART PERFORMANCE жобасы бірнеше жылдан бері дәстүрге айналған. Ол Ассамблея жастарының еліміздің саяси-экономикалық және мәдени өміріне қосып жүрген елеулі үлесін көрсетеді.
Тимур Жұмырбав, «Ассамблея жастары» РҚБ төрағасы:
-Еліміздің мәдени, рухани өмірі тарихын көрсеткенде Латиф Хамиди, Құдыс Қожамияров, Бәкір Баяхуновтардың есімдері айрықша. Олар түрлі этнос өкілі болғанымен Қазақстанның мәдениетіне өлшеусіз үлес қосты. Олардың есімдерінсіз отандық музыка өнерін елестете алмаймыз, Герольд Бельгердің әдебиеттегі орны қандай? Олардың әрқайсысы осы жердің топырағында туып өсті, осы елдің дамуына үлес қосты. Мұндай мысалдар өте көп.
Қазақстандағы түрлі этнос өкілдері арасынан шыққан айтулы тұлғаларды дәріптейтін «Біз біргеміз» жобасынан бөлек, спорттық, әлеуметтік, мәдени, танымдық және ағартушылық бағыттардағы ондаған ерікті бастамалар жемісті жүзеге асып жатыр. Оның сыртында өзге ұлт өкілдері қоғамдық қатынастардың барлық салаларында белсенді.
Шерзод Пулатов, ҚХА Астана қаласы «Өзбек этно-мәдени орталығының» төрағасы:
-Осы 30 жылдың шеңберінде біз көріп отырмыз, қандай ұлттың өкілі болмаса да әрбіріміз еліміздің өркендеуі үшін, еліміздің дамуы үшін әрбіріміз үлесімізді қосып келе жатырмыз. Қандай сала болмаса да, дәрігерлер болсын немесе кәсіпкерлер болсын немесе өндірушілер, құрылысшылар болсын, әрбір бағытта біз әртүрлі этностардың өкілдерін көре аламыз.
Дмитрий Останькович, ҚХА Астана қаласы «Радима Беларусь этно-мәдени» орталығының төрағасы:
-Өздеріңіз білесіздер, Беларусь халқы өте еңбекқор. Біз сол қасиетімізді Қазақстанымыздың өсіп өркендеуі үшін барынша пайдаланамыз. Біздің арамыздан еңбек ерлері, еңбекпен танылған беделді азаматтар көп шықты. Біз осы тамаша жерде туып өстік, ұрпақ өсіріп жатырмыз. Қазақстан бұл отанымыз болғандықтан, еліміз үшін аянып қалмаймыз.
Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл толады. Аталған ұйым еліміздегі түрлі этнос өкілдерін бір шаңырақтың астында топтастырып, ортақ елдік мүддеге жұмылдырып отыр.
Авторлары: Берік Дүйсенбай, Айбек Ақшолақов, Бауыржан Игіліков