Хабар телеарнасы

Түркістан облысында мектеп мұғалімдері үш ай жалақы алмаған

Түркістан облысында жекеменшік мектеп мұғалімдері үш айдан бері жалақыларын ала алмай отыр. Әбден ашынған ұстаздар бүгін облыстық әкімдіктің алдына жиналып, жанайқайын жеткізді. Қаржы неліктен төленбеді? Бұған жауаптылар не дейді? 

Балшырын Амантаева Түркістандағы жекеменшік мектептердің бірінде сабақ береді. Үш айдан бері айлық алмаған келіншек қарызға белшеден батып, шаңырағынан береке кеткенін айтады.

Балшырын Амантаева, жекеменшік мектептің мұғалімі:

-Күйеуіммен күнге сол айлық үшін жұмыстан шық деген мәселе болып жатыр. Шындығына келгенде бала-шағамыздың бақшасының да ақшасын төлей алмай отырмыз. Жұмыс істегеннен кейін балалар бар, өзімнің аяғым ауыр. Күте-күте шаршадық айлықты.

Желтоқсан айынан бері жалақыларын күте-күте шаршаған жекеменшік мектеп мұғалімдері мен құрылтайшылары шағымдарын айту үшін бүгін облыстық әкімдік ғимаратының алдына жиналды.

Үміт Өмірәліқызы, жекеменшік мектептің құрылтайшысы:

-Желтоқсанға бізге 34,5 млн қарыз. 2023 жылдың желтоқсанынан 3 млн қалған. Қаңтар айына алған жоқпыз. Қазір мектепке кіруге ұяламыз. Мұғалімдер бетімізге қарағанда не жауап берерімізді білмейміз. Мемлекеттік мектептердің барлығы қаңтар айының айлығын алып қойды. Олар енді ақпанның айлығын алады.

Өткен жылдың соңына дейін жекеменшік мектептерді қаржыландыру Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Қаржы орталығы арқылы жүргізіліп келген. Биылдан бастап бұл қызмет жергілікті атқарушы органға жүктелген.

Жандос Махамбетов, облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

-Қазіргі таңда республикалық бюджеттен келіп түсетін қаржының енді қойылуына байланысты жекеменшік мектептерге қаржы аудару жұмыстары сәл кешеуілдеген. Біз қазір тиісті министрлікпен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Алдағы он күннің көлемінде бұл мәселелерді толығымен шешу бойынша жұмыс жүргізіледі.

Түркістан облысында 147 жекеменшік мектеп бар. Онда 55 мыңға жуық бала білім алып жатыр. Жалпы жауапты министрліктің жекеменшік мектептердің алдындағы 2 айлық берешегі 10 млрд теңгеден асқан. Оған қаржы орталығының өткен жылдың желтоқсан айындағы қарызын қосыңыз. Демек мұғалімдердің әзірге күтуден басқа амалы жоқ.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш