Хабар телеарнасы

Блогерлер 53 млрд теңгеден астам кірісін жасырған

Бір жарнамасына 5 адамның айлығын сұрайтындардың да уайымы бар. Мемлекеттік кірістер комитеті блогерлердің соңына түсті. Бас-басындағы табысын есептеп, кейбіріне миллиондаған, ал енді біріне миллиардтаған табысыңды бүктің деп, салық түбіртегін жіберген. 

Бірақ қанша мүлік ойнатса да, бары азамай, еселене түскен мансап иелерін - салық органдары биыл жақсылап қолға алған. Біршамасына тіпті хат жолдап, салығын төлеуді еске салған көрінеді.

Себебі Мемлекеттік кірістер комитеті декларация тапсырған 594 блогердің есебіне 53 млрд теңгенің көлемінде сәйкессіздіктер анықтаған. Бұл тізімде PR мен коммуникация маманы Әлішер Елікбаев та бар. 

Әлішер Елікбаев, PR мен коммуникация маманы:

-2022 жылға 3 миллион келді, сосын 2023 жылға 2 млн келді. Бір жолдасымда 300 млн бар, бір досымда 400 млн бар. Енді бір жігіт бар. Онда 1 млрд салық төлемеген деп санаған. Одан кейін тағы бір жанұя бар, сол 53 млрд дедіңіз бе, соның 6 миллиарды бір жанұяға келіпті.  

Инфлюенсер салық органдары берген түбіртектің дұрыстығына күмән келтіреді. «Депозиттен жеке шотқа аударған ақшаны да қосымша табыс ретінде санамаса, ондай табысты жасырғанымыз жоқ»,– дейді. Кірістер комитеті болса, әр жағдайды жеке талқылауға дайын.

Ерсайын Көптілеуұлы, ҚР ҚМ МКК жеке тұлғалардың кірістерін әкімшелендіру басқармасының бас сарапшысы:

-Хабарламаны орындау мақсатында дербес есептелген салықтарды төлей отыра, қосымша салық есептілігін тапсыру не болмаса осы хабарламамен келіспеген жағдайда, түсінік беру қажет. Хабарламаны орындау мерзімі 30 жұмыс күнін құрайды. 

Бірақ комитет өкілдері желіге желдей тараған тізімді кім жібергенін анықтай алмай әлек. Ал бұл тізімнің басы ғана. 

Жалпы алғанда, Қазақстанда ресми тіркелген 745 блогер бар. Олар 2023 жылы мемлекетке 674 млн теңге кіріс, ал былтыр 9 айда 1 млрд 226 млн теңге салық төлеген. Биыл бұл сандар тек көбеюі мүмкін.

Бауыржан Ысқақов, экономист:

-Бұл қазіргі қоғамда осы саламен айналысып отырғандардың табысы жоғары екенін көрсетіп отыр. Жалпы салық кодексінде егер де ең төменгі жалақыдан 12 есе жоғары табыс табатын болса, олар міндетті түрде жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі керек. Осылардың көбеюі және салық салатын базаның үлкеюі ол әрине өте жақсы.

Ал табысын жасырған жеке тұлғаларға қауіп бар. Төленбеген салық көлемі 50 мың айлық есептік көрсеткіштен, яғни 196 млн теңгеден асса, блогерлер темір торға тоғытылуы әбден мүмкін. 

Авторлары: Дана Әлиева, Диас Ковланбаев