Атырауда егіс алқабы 2 есеге дейін қысқарды
Биыл Атырау шаруалары көктемгі дала жұмыстарына ерте қамданды. Себебі былтыр тасқынның салдарынан егіс алқабының 5 мың 600 гектары су астында қалған еді. Салдарынан егістік жер 2 есеге дейін қысқарған. Былтырғы жағдайдан сабақ алған шаруалар күзде өзен аңғарынан жырақ 9 мың 500 гектар аумақты жыртып дайындап үлгерген. Онда қандай дақыл түрлері егіледі?
Былтыр сәуір-мамыр айларында арнасынан асқан өзен 5,6 мың гектар егіс алқабына жайылды. Салдарынан 90-ға тарта шаруашылықтың күзде жыртып, дайындап қойған тжерлері жарамсыз болып қалды. Соның бірі Қоныс Ермановтың шаруашылығы. Олар 12 түрлі дақыл егіп, алғашқы өнімді маусым айында жинаймыз деп жоспарлаған екен.
Қоныс Ерманов, шаруа қожалығының жетекшісі:
- Сол ерте еккен өнімнің 14 гектары былтыр суға кетті. Енді биыл Жайыққа жақын жерге екпейміз деп ойлап тұрмыз. Қыр жақта өзіміздің жеріміз бар 10 шақырымдай қашықта. Былтыр су басып кеткеннен кейін қайықпен көшеттерді өткізіп, жер жыртып, сөйтіп арпалыспен салған едік. Биыл да дайындап қойдық, жерді жырттық.
Көктемгі тасқыннан әсіресе Жайық өзені бойындағы 66 шаруашылық үлкен зардап шеккен болатын. Олардың шығыны мемлекет тарапынан өтеліп, егіншілер күзде дала жұмыстарын уақытылы аяқтады. Былтырғы тасқыннан сабақ алған олар биыл өзен аңғарынан алшақ жерлерді игере бастады. Биыл облыс бойынша 240-тан астам шаруашылық 9500 гектар жерге дән екпек.
Азат Қапанов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бөлімінің басшысы:
- Соның ішінде 638 га картоп, 3700 га көгөніс, 1415 га бақша және 4500 га мал азықтық дақылдар егіледі. Қазіргі таңда 96 пайыздай егістік алқаптың жері дайындалып, қалған егіс алқаптары көктемгі дала жұмыстары уақытында аяқталатын болады.
Егін егіп, мал шаруашылығын дамыту үшін облыстағы 15 каналға жөндеу жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ суды үнемдеу мақсатында биыл 5100 гектар алқапқа тамшылатып суару технологиясы енгізілмек.
Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин