Хабар телеарнасы

Бұзақылық жасағандар қоғамдық жұмысқа тартылады

Төбелес шығарғандар, маскүнемдер, бұзақылар мен телефонмен жалған ақпарат бергендер биылдан бастап қоғамдық жұмысқа тартылады. Дегенмен заң бұзғандарға таңдау еркі берілген. Не айыппұл төлейді, не қамауға алынады, не қолына күрек-сыпырғыш алып көше тазалайды. «Шалыс басқандардың өзі жазаны түзету мекемісінде өтегеннен гөрі, қоғамдық жұмыс атқарған артық»,дейді. Қоғамдық жұмыстан босатылатындар да бар. Олар кім? 

 Істі болған азаматтарды мәжбүрлі жұмысқа тарту қылмыстық-атқару жүйесінің бір бөлігі саналып, заңнамаға сәйкес реттеледі. Енді ұсақ ұрлық қылғандар, тұрмыста жанжал шығарушылар мен адамды балағаттағандарға 60 сағаттық мәжбүрлі жұмыс істеу белгіленеді. Ең жоғарғы жаза – 100 сағат қоғамдық жұмыс. Айыптылар негізінен абаттандыру, тазалау, жөндеу сияқты қоғамға пайдалы еңбек атқарады. Қоғамдық жұмысқа салу қазір де бар. Бірақ сот шешімімен тек қылмыстық құқық бұзғандарға қолданылады.

Серік Беріков, жазасын өтеуші:

-Маған шартты түрде жаза тағайындалды. Жылына 100 сағаттық мәжбүрлі жұмыс істеуім керек. Меніңше пробация - шалыс басқан адамның өз кінәсін түсініп, түзелуіне жасалған жақсы жағдай. Егер бұл қызмет болмаса, абақтыда отырар едік.

Бүгінгі таңда Наурызбай аудандық пробация қызметінің есебінде 300-ден астам адам тіркеуде тұр. Заңнамаға сәйкес жүкті әйелдер, мүгедектер және зейнеткерлер мұндай жұмыстардан босатылады. Егер сотталған адам еңбекке жарамсыз деп танылса, оны жұмысқа тартуға болмайды. Ал қоғамдық жұмысқа келісіп, бірақ еңбектен қашса жазасы ауырлайды.  

Тілеубек Тұрсынғазы, Наурызбай аудандық пробация қызметінің аға инспекторы:

-Қылмыстық атқару кодексінің 43-ші бабында көрсетілген. Егер қоғамдық жұмыстан бас тартып, қаскөйлікпен жалтарған жағдайда төрт сағаттан аспайтын қоғамдық жұмыстан бас тартқан жағдайда бір күні - 4 сағаты бір күн болып есептеліп, бас бостандық жазасы ауыстырылады, арестке ауыстырылады. 

Жаңа бастамаға орай ұсақ бұзақылық жасағандар сабақ пен жұмыстан бос болса күніне 8 сағатқа дейін қоғамға пайдалы еңбек атқарады. Айыбымды еңбекпен өтеймін деп, кейін одан жалтарса қамауға алынады. «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға Президент қаңтар айында қол қойды. Түзетулер кезең-кезеңімен енгізіледі. Айыппұл мен қамауға алудың орнына қоғамдық жұмысты белгілеу 1 қыркүйектен бастап күшіне енеді. 

Авторлары: А. Садуақас, С.Жұмабаев