Астанада санаулы күннен кейін «Сергек» қызметі тоқтатылады
Енді санаулы күннен кейін Астанада «Сергек» қызметі тоқтатылады. Дегенмен бақылау жүйесі қалыпты жұмысын жалғастырады. Қалалық әкімдік жаңа компаниямен келісім жасапты. Камералар санын арттыру, тіпті жасанды интеллект технологиясын енгізу көзделіп отыр. «Ақылды» жүйе 15 түрлі жол ережесін бұзу дерегін тіркей алады.
«Сергек» алғаш рет 2017 жылы іске қосылды. Камераның шынында да сергек екенін талай жүргізуші мойындады. Жылдамдықты асырғандар мен басқа ережені бұзғандар оның назарынан тыс қалмады.
Бауыржан Тоқжұманов, Әкімшілік полиция басқармасының бөлім бастығы:
- Ең көбі – құқықбұзушылық бағдаршамның тыйым салған белгісіне өтуі. Қоғамдық көлік жолағымен жүруі және де тыйым салынған орындарда тоқтау жиі кездеседі. Бір жүргізуші 200 астам әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны «сергек» камераларымен анықталған. Жүргізуші куәлігі алынып, көлігі айып тұрағына қойылды.
Камералардың жалпы саны - 13 мың. Олардың 6 мыңы қиылыстарды түсіреді. 4 мың құрылғымен жалпы тәртіп бақыланады. 3 мың камера жедел орталыққа қосылған.
Бауыржан Тоқжұманов, Әкімшілік полиция басқармасының бөлім бастығы:
- Жол көлік оқиғасы 2017 жылы мысалы, 60-тан астам адам қаза тапқан жағдай болса, 2024 жылы жол-көлік оқиғасынан 30-дан астам адам қаза тапқан. Бұл үлкен жетістік болып есептеледі.
Бұл камералар арқылы былтыр 1 млн-нан астам әкімшілік құқықбұзушылық тіркеліпті. Енді «Сергек» алынып тасталса, не болады?
Сұлтанбек Әділет, Цифрландыру басқармасының бас маманы:
- Қаладағы камералар өзінің жұмысын жалғастыратын болады. Инфрақұрылым жаңа серіктес компанияға тапсырылады. Олар сол инфрақұрылымды жаңғыртып, жаңа камераларды қосып, жұмысын атқарады.
Айта кетейік, «Сергек» жолдағы құқықбұзушылықтың 4 түрін тіркейтін. Ол жылдамдықты асыру, бағдаршамның қызыл түсіне өту, тоқтау сызығынан асып кету және автобус жолағын қиып өту. Жаңа «Ақылды» жүйе 15 түрлі жол ережесін бұзу дерегін тіркейді.
Сұлтанбек Әділет, Цифрландыру басқармасының бас маманы:
- Мысалға айтатын болсақ, қауіпсіздік белдігін тақпау, ұялы телефонмен сөйлесу және басқада түрлері қосылатын болады.
Айтпақшы камералар саны тағы да артады. Жоспар бойынша жыл соңына дейін 22 мыңға дейін жетуі мүмкін.
Ердәулет Ыбырайұлы, тілші:
- Қарап тұрсақ, «Сергек» 8 жылға жуық жұмыс істепті. Ал жаңа жоба 2030 жылға дейін есептелген. Жергілікті биліктің дерегінше, халықаралық компания жасанды интеллект және мәліметтерді талдау саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі. Ол ұсынып отырған «ақылды» жүйенің ақшасы да қомақты. 53 млрд теңге. Келісімге сәйкес бұл шығынды толықтай жеке серіктестік өзі көтереді.
Ердәулет Ыбырайұлы, Аманжол Байғазин, Аян Сәрсенбаев